Коронавирус пандемиясына байланысты уақытша тоқтатылған футболдан ұлттық біріншіліктер қайта өткізіле бастады. Мәселен, Германия бундеслигасы 16 мамырда, Испания Ла Лигасы 11 маусымда қайта жалғасты. Енді, міне, 17 маусымда ағылшын Премьер-лигасының матчтары да жанкүйерлермен қайта қауышады.
BBC басылымының хабарлауынша, жанкүйерлер стадионға кіре алмайтын болған соң ағылшын футбол көрермендеріне 4TheFans компаниясы Drive-In Football ұйымдастырып, матчтарды Лондон, Манчестер, Ливерпуль және басқа да қалаларда автомобиль кинотеатрында көрсетуді жоспарлауда. Қазірше Еуропада жанкүйерлерге бір жерде топтасып жиналуға болмайды. Десе де әркім ойынды өз көлігінде отырып, тамашалай алады.
Пандемияға байланысты карантин уақытында Еуропада көңіл көтеретін орындар уақытша жабылған соң, автокинотеатрлар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Көліктен түспей фильм тамашалау мүмкіндігін беретін мұндай автокинотеатр өткен ғасырдың 50-60-жылдары АҚШ-та өте танымал болған еді.
Автокинотеатрда эпидемиялық қауіпсіздік ережелерін сақтауға толық мүмкіндік бар. Мысалы, көліктер бір-бірінен 2 метр қашықтықта орналасады, сеанс уақытында сыртқа шығуға болмайды, кей жерлерде көлікте адам саны екі-үшеуден аспауы керек, сусын мен попкорнға тапсырыс беруге болады және оны маска тағып, қолғап киген курьер жеткізіп береді. Заманауи автокинотеатрда көліктегі радиоқабылдағыш арқылы аудиотрансляция жасалады.
Deutsche Welle мәліметінше, пандемияға дейін Германияда 20 автокинотеатр болса, наурыз-сәуір айларында тағы 30-ы ашылған. Францияның Бордо қаласында Drive-In Festival атты автокинотеатр ашылып, 24 мамырдан бері елдің бірнеше қаласында турне ұйымдастырды. Кинофестиваль өткізумен танымал болған Канн қаласындағы Palm Beach мейрамханасының автотұрағында уақытша автокинотеатр орналастырылған. Маусым айының басынан бастап мұндай кинотеатр Францияның басқа қалаларында да ашылды.
Айта кетейік, 17 маусымда 28-турдың кейінге шегерілген кездесулері өтеді. Бұл бәсекелерде «Манчестер Сити» мен «Арсенал» және «Астон Вилла» мен «Шеффилд Юнайтед» клубтары ойнайды. Ал 19 маусымда 30-тур матчтары ұйымдастырылады. Англия чемпионаты уақытша тоқтатылғанға дейінгі жағдай бойынша, қоржынында 82 ұпайы бар «Ливерпуль» жеке-дара көш бастап тұр. Екінші орындағы «Манчестер Сити» «Ливерпульден» 25 ұпай қалып келеді. Қалалықтар басты қарсыласынан бір ойын кем өткізген. Үшінші орында – «Лестер» клубы орналасқан. Қоржынында 53 ұпай бар. Сондай-ақ «Челси» (48 ұпай) мен «Манчестер Юнайтед» (45 ұпай) үздік бестіктің санатында. Ал көш соңындағы «Норвичтің» небәрі 21 ұпайы бар.
Турнир кестесіне қарасаңыз, биыл «Ливерпульдің» бәйгені шаппай алып, чемпион атанатынына еш күмән келтірмейсіз.