Танымал қазақ әншісі, әйгілі «А-студио» тобын құрушылардың бірі Батырхан Шүкеновтың құрметіне Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында мурал пайда болды. Жеті қабатты үйдің қабырғасына салынған суретте әнші қолына саксофонын ұстаған күйде бейнеленген,- деп жазады Egemen.kz
Бөрлі ауданының орталығындағы Халықтар достығы көшесінің маңдайындағы жеті қабатты үй қабырғасына салынған муралда әнші және оның әлемі – шексіз дала мен көк аспан, киіз үй мен биік үй алмасқан дала-қала өмірі стрит-арт үлгісінде көрініс тапқан.
"Бұл керемет өнер туындысының авторлары – оралдық Unicorns деп аталатын суретшілер командасы. Жалпы биылғы мерейтойларға орай Ақсай қаласындағы көп қабатты үйлерге танымал тұлғаларымыздың суретін – мурал салдыру идеясын жыл басында аудан әкімдігі көтерген болатын. Бұл бастаманы жергілікті КИОС Компаниясы қолдады. Сөйтіп Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында 9 қабатты үй қабырғасына Бауыржан Момышұлы атамыздың суреті салынса, кеше ғана 7 қабатты үй қабырғасына Батырхан Шүкеновтің суреті салынып, аяқталды. Бұған бюджет қаржысы жұмсалған жоқ", дейді Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Алпамыс Көшкінбаев.
Қаланың көркін кіргізіп, алыстан көзге шалынатын мұндай муралды салу үшін әдетте 2 аптадай уақыт кетеді екен. Соңғы күндері Батыс Қазақстан облысында жиі жауған жаңбыр мен күшті желдің кедергісі аз болмаған. Дегенмен, суретшілер өз жұмысын сәтті аяқтады. Муралдың суретін желіден көрген қазақстандықтар жақсы пікір білдіруде.
Алпамыс Жаңабайұлының айтуынша, болашақта Ақсай қаласында биыл 175 жылдығы аталып жатқан ақын Абай Құнанбайұлының да мурал-суретін салу жоспарланған.
Батыс Қазақстан