Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының Сенат депутаттарының сайлауына байланысты онлайн режимде өтіп жатқан отырысында айтылды, - деп хабарлайды Egemen.kz
"Бүгін ҚР Президентінің Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы қаулысы жарияланды. ҚР Конституциясына сәйкес, Сенат Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және ҚР астанасынан 2 адам өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әр үш жыл сайын қайта сайланады", деді ОСК төрағасы Берік Имашев.
Оның айтуынша, осы жылдың қазан айында 2014 жылы сайланған Сенаттың 17 депутатының өкілеттік мерзімі аяқталады.
"Сенат депутаттарын жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы таңдаушылар - мәслихат депутаттары сайлайды. Оларды өз кезегінде республика азаматтары сайлады. Осылайша, ел азаматтары өз өкілдері арқылы Сенатты қалыптастыруға қатысады", деді Б. Имашев.