• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
09 Сәуір, 2010

ШЫҒЫП ҚАЛҒАННЫҢ ОРНЫНА САЙЛАУ ӨТЕДІ

507 рет
көрсетілді

Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес шығып қалғанның орнына  Парламент Сенатының Қос­та­най облысы бойынша депутатын сайлау ағымдағы жылдың 23 сәуіріне белгіленіп отыр.  Ортсайлауком бекіткен сайлауды әзірлеу мен өткізу бо­йынша негізгі шаралардың күн­тіз­белік жоспарына сәйкес 2 сәуір күні кандидаттарды тіркеу аяқталды. Сайлау науқаны барысында барлығы екі кандидат ұсынылды: Ас­қар Аронұлы Мұратов – өзін-өзі ұсыну тәртібімен және Жеңіс Ми­рас­ұлы Нұрғалиев – Қостанай облыстық мәслихаты ұсынған. Екі кандидатты да Қостанай облыстық сайлау комиссиясы 1 сәуір күні тіркеді. Кандидаттардың сайлауалды үгіті 21 сәуір күнгі 24.00 сағатқа дейін жүреді. Сайлау заңнамасына сәйкес, әрбір Парламент Сенаты депу­тат­тығына кандидатқа сайлауалды үгіт жүр­гізуге, сондай-ақ көліктік шы­ғындарға республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Онан басқа, әрбір кандидат сайлау қорын құра алады. 2 сәуір күні Орталық сайлау ко­миссиясы өз отырысында “2010 жылғы 23 сәуірдегі шығып қалғанның ор­нына Парламент Сенатының Қос­танай облысы бойынша депутатын сайлаудағы сайлау бюллетені туралы” қаулы қабылдады. Бұл қаулымен сайлау бюллетенінің мәтіні бекітілген, сондай-ақ Қостанай облыстық сайлау комиссиясына сайлау бюллетеньдерін жеткізу мерзімі анықталған. Парламент Сенаты депутаттарын сайлауды жанама сайлау құқығы не­гізінде  жасырын дауыс беру арқылы таңдаушылар – Қостанай облысы мәслихаттарының депу­таттары өзде­рі­нің бірлескен отырысында жүзеге асырады. Парламент Сенаты депутаттарын сайлау жөніндегі таңдаушылар тізімі жергілікті бұқаралық ақпарат құрал­дарында 15 сәуірден кешіктірілмей жарияланатын болады. Дауыс беруді, дауыстарды санауды және дауыс беру нәтижелерін жариялауды Қостанай облыстық сайлау комиссиясы бір күн ішінде – 23 сәуірде жүргізеді. Орталық сайлау комиссиясы  сайлаудың түпкілікті қоры­тындыларын 2010 жылғы 29 сәуірден кешіктірмей анықтауы және 2 мамырдан кешіктірмей оларды БАҚ-та жариялауы тиіс, деп хабарлады Ортсайлаукомның баспасөз қызметі.