«Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» биыл бірінші тоқсанда үш миллион тоннадан астам өнім шығарды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ, кен алыбы өнім көлемін 24%-ға еселеген. Қазір темір рудасының негізгі көзі саналатын «Қашар» кенішіне «Ақылды кеніш» технологиясын енгізу арқылы өндіріс қуатын арттыра түскен бірлестіктің өндірістік шығыны кеміп, өнімнің көлемі мен сапасы артып отыр.
Индустриялық бағдарлама бойынша жүзеге асырылған инновациялық жобаның түпкі мақсаты – «ССКӨБ» АҚ-тың темір шикізаты нарығындағы бәсекеге қабілетін арттыру. Бүгінде кеніштегі жағдайдың жедел мониторингі мен өндіріс барысына қажет түзетулер енгізуді және жабдықты тиімді үлестіру жұмысын компьютер атқарады. Ал өндірістік процестің толық автоматтандырылуы өнімнің едәуір ұлғаюына мүмкіндік берген. Еуразиялық Топ алдағы уақытта бұл инновациялық жобаны барлық кәсіпорындарына енгізуді жоспарлап отыр. Өйткені ең озық, заманауи технологияларға иек арту экономикалық тиімді жобаларды дамытуға мүмкіндік береді.
«Қашар» алаңы автоматтандыру жүйесін енгізу үшін әдейі таңдалып алынып отыр. Бірлестік шығаратын барлық кеннің жартысынан астамы осында өндіріледі. Сондықтан тау-кен байыту өндірістік бірлестігі кәсіпорындарын технологиялық жаңғыртудың жол картасына енгізілген жобалардың дені осы кеніште жүзеге асырылып жатыр.
«Қашардағы» «Ақылды кеніш» жобасы бірден жүзеге асырыла қойған жоқ. Ол үшін бірнеше кезеңдерден өтуге тура келген. Ең әуелі өндіріске геологиялық және маркшейдерлік тау-кен жобалау модулі енгізілді. Бұл бағдарламалар жиынтығы жалпы өндірістік жоспардан бастап, кеніштегі күндік жұмыс жоспарына дейін түзіп отырады.
Одан кейін «Modular» деп аталатын диспетчерлік жүйені енгізу арқылы кеніштегі бүкіл көлік күшін басқару автоматтандырылды. Осының арқасында кеніште қол күші мен адамсыз атқарылған жұмыстың көлемі туралы жедел ақпарат алуға, сондай-ақ қол жеткен нақты көрсеткіштерге талдау жүргізу үшін керекті мәліметтерді жинауға мүмкіндік туды.
Екінші кезеңде «Ақылды кеніш» жобасының геомеханика мен гидрогеологияға қатысты бөлігі іске асырылды. Сондай-ақ заманауи конвейер мен кен байытатын арнайы кешен құрылысы қолға алынды.
Компания ТМД және Батыс елдеріндегі он шақты мамандандырылған институттармен әріптестік орнатқан. «Қашар» кенішінің мамандары осы институттарда ұйымдастырылған курстарда білім жетілдіріп, жаңа жүйе бойынша жұмыс істеуді меңгерді.
«Ақылды кеніш» жобасының үшінші кезеңінде кен орны заманауи технология күшімен темір жентектерін өндіре бастады. Жобаны жүзеге асыру барысында біз ең басты деген өндірістік міндеттердің шешім табуына қол жеткізіп отырмыз. Қазір кеніш жұмысының барлық параметрлері көз алдымызда. Сондай-ақ жұмыс көрсеткіштерінің қаншалықты тиімді екенін сол сәтте-ақ көріп, бақылап отырамыз. Осының арқасында кәсіпорын жұмысының экономикалық тиімділігі артты. Өткен ғасырдың ортасында іргесі қаланып, темір кенінің алғашқы тоннасын берген алып кеніштің ХХІ ғасырда мақсат-мүддесі жаңа сипатқа ие болып отыр. Мақсат бұрынғыдай көрсеткіш қуу емес, әңгіме сапаға келіп тіреледі. Мысалы, былтыр «Қашар» кен басқармасында америкалық «Модулар Майнинг Системс» компаниясының DISPATCH жүйесін енгіздік. Мәселен, ауысым сайын «Қашардан» кен арту үшін 14 экскаватор, 30 технологиялық автомобиль жұмыс істейді. Осы техникаларды дұрыс пайдалану, оларды орналастыру, тасылатын кеннің көлемі, сапасы туралы ақпарат алу үшін қаншама уақыт кететін еді. Ал кез келген бизнесте, кез келген салада уақыт ресурс, қаржы, табыс болып саналады. Қазір осы жұмыстарға қатысты толып жатқан ақпараттың барлығы диспетчердің басында емес, аса дәлдікпен жүйеде тұрады, мамандар оны компьютерден бақылап, көріп отырады. Біз осы бағытта дами беретін боламыз. Елбасы «табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтауды» тапсырды. Өте дұрыс. Жеріміз табиғи ресурстарға бай, бірақ келер ұрпақтың қамын ойласақ, барлық шикізат түрін мақсатсыз оңды-солды өндіруді, шашуды уақыт көтермейді, оған үнемшілдікпен қарауға тиіспіз. Сол үшін өндірудің озық технологияларын, кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларын барынша белсенді енгізуіміз керек, деді «ССКӨБ» президенті Береке Мұхаметқалиев.
Бүгінде «Қашар» кенішіндегі өндірістік үдеріс толықтай Modular, геоақпарат жүйесі және ERP деп аталатын «ақылды» құрылғылар арқылы басқарылады. Яғни өндіріс барысы толықтай компьютердің бақылауына алынған. «Ақылды» үштік кеніштің бүкіл тыныс-тіршілігін жай бақылап қана отырмайды, қажет кезінде түзету енгізіп, кеніштегі техника құралдарының қай жерде, қандай жұмыс атқаратынына дейін анықтап береді.
Кен тасымалдайтын көліктің қайда тұрғаны немесе қай бағытта қозғалып бара жатқаны түгелдей монитор бетінде көрініп тұрады. Жалпы, жұмыс барысы, техниканың жағдайы, қазылған кеннің сапасы туралы мәліметтер кеніш ішіндегі өндіріс алаңдарына қойылған сымсыз желілер арқылы келеді. Кен тасымалдайтын көліктер мен экскаваторлардың және тағы басқа да қозғалмалы нысандардың жұмыс қабілеті қашықтан тексеріледі. Сондай-ақ техниканың қозғалыс бағыты мен жұмыс уақытын арнайы бағдарлама есептеп шығарады.
Ішкі логистика мен кеніштің бүкіл техникасын автоматты басқару жүйесі кәсіпорын ресурстарының тиімді пайдаланылуын жақсартып отыр. Жүйелердің жай-күйіне алдын ала техникалық қызмет көрсетіп, оған мониторинг жүргізу техника күшінің белгілі бір уақыт ішіндегі жұмыс көрсеткіштері туралы мәліметтердің дер кезінде жиналуын қамтамасыз етеді. Бұл заманауи талдау құрылғылары «Қашар» кен орнындағы өндірістік үдерістерді де онлайн-оңтайландыруға пайдаланылады. Мұндағы диспетчердің атқаратын міндеті – «ақылды кеніштің» үздіксіз жұмысын бақылап, жүйенің тоқтап қалмауын қадағалау ғана. Арнайы модульдер кеніш техникасына ғана емес, сонымен қатар бұрғылау құралдарына, темір жол көлігіне де орнатылған.
«Қашар» алаңындағы «Ақылды кеніш» жобасының тиімділігіне көз жеткізген компания басшылары енді бұл жүйені Қоржынкөл және Соколов-Сарыбай кеніштеріне де енгізбек. Алдағы уақытта ERG басшылығы кен өндірісі саласындағы мәліметтерді талдау, өндірістік интернет, біріктірілген ақпараттық жүйелер, роботтандырылған операциялар сияқты цифрландыру жобаларына 800 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсауды жоспарлап отыр.
Қостанай облысы