• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм 16 Маусым, 2020

Ақтауда «Үстірт» катамараны жасалады

736 рет
көрсетілді

Каспий теңізі – экономикалық маңызын айтпағанда, жағалауындағы елді мекендер мен оның қонақтары үшін серуендеу айдыны. Бірақ теңізге серуендеу үшін қол жеткен игіліктен гөрі қол жеткізе алмай жүрген нәрселер көп.

Ақтауда кәсіпкерлердің серуен­деу қайықтарын жасап, турис­тер қолданысына ұсынуын бұл тұрғы­дағы жаңалықтардың басы деп қабыл­дадық және ол кішігірім болса да тұр­ғындар арасында үлкен, әсерлі іс ретінде қабылдануда. Кәсіпкерлердің келесі су көлігі Маңғыстаудағы Үстірт жазы­ғының атауын иеленіп, суға түсірілді.

Туризмге қажетті әрі шетелдік үлгілерден кем түспейтін серуен қа­йықтарын жасауды әкелі-балалы Чуваковтар он жылдан бері қолға алған. Олар күні бүгінге дейін үш су көлігін құрастырса, оның біреуі Атырау өңіріне жіберілген, яғни ол қазір Жайық өзенінде жүзіп жүр деген сөз.

Кәсіпкер Андрей Чуваков басқа­ратын ұжым ағаштан көлемі әртүрлі моторлы қайықтарды құрастырып тәжірибе жинаған соң шыны пластиктен катамаран жасай бастаған. Өңірде үш жыл бұрын жүзеге асқан аймақтық бизнес жобасы аясында өндіріске қажет құрал-жабдықтар мен шикізатты сатып алуға несие рәсімдеген екен.

 – 2017 жылы Маңғыстау өңірінде туризмді дамытудың аймақтық жол картасы жасалды. Оған біз екі палубалы серуен қайықтарын құрастырамыз деген жоспармен қатыстық. Ойымыз мақұлданып, «Даму» қоры арқылы қомақты қаржы алдық. Алғашқы катамаран сол жылы 9 айда жасалды. Қаңқасын шыны пластиктен құрастыру темір не ағашқа қарағанда сәл қиындау. Қалған бөлшектерін Ресей, Еуропа мен Қытайдан сатып аламыз. Кейінгі катамарандар 6-7 айда құрастырылған. Салқын мезгілде қайық жасауға жұмылатын қыз-жігіттер жаз айлары әлгі қайықтардың экипажына айналады. Өрімдей жастар тізгіндеген су көлігінің бірімен туристермен бірге біз де ашық теңізге шығып, оның беріктігіне көз жеткіздік, дейді кәсіпкер Андрей Чуваков.

Ақтаудың теңіз жағалауында соңғы жылдары көрікті жер ретінде жөнделіп қолданысқа жаңа бейнеде ұсынылған «Жартасты соқпақ» сүрлеуі жаяу жүргінші үшін 1,5 шақырым, су бетінде аталған қайықпен бұл қашықтық небәрі 1 мильді құрайды. Ал қайықтың жалпы жылдамдығы сағатына 10 шақырымнан аспайды. Маңғыстаулық шеберлер құрастырған екі палубалы су көлігінің сыйымдылығы бір мезетте 50 туристі алып жүруге арналған. Бас­қаруы да қиын емес – мысалы, қалаған бағытқа қарай рөлді бұрса жетіп жатыр.

Қайықтың капитаны 20 жасар Дарья Старостина Астраханьда су көлі­гін басқару курсында оқыған.

– Капитан қызметі – әрі қиын, әрі қызықты. Ал қызметтегі қиындық деп – жолаушылардың қауіпсіздігіне жауап беруді айтар едім. Серуен кезінде турис­тер қайықтың бір бөлігіне жиналып, фотоға түскенді ұнатады. Ол жерге салмақ ұлғаюымен қозғалтқышқа су кету қаупі бар. Осы ретте матростар­мен бірге ереженің бұзылмауын бақы­лаймын. Әкем теңізші, мен оның ізін жалғастырып келемін. Ендігі мұратым – кеме құрастыру мамандығын мең­геру, – дейді ақтаулық шеберлермен бір­ге қайықты құрастыруды үйреніп жүр­­ген ол.

Ақтауда жасалған қайықтармен Каспий теңізінде мамыр-қыркүйек айларында серуендеуге болады. Қазіргі таңда жоба авторлары жаңа бұйымды жетілдіріп, катамарандардың ашық жерін қаптап, ішіне жылытқыш жүйе қондыруды ойластырып отыр. Бұл су көліктерін қыс мезгілінде желсіз ашық күндерде қолдануға мүмкіндік бермек.

Елімізде пандемияға орай орын алған карантин кезінде катамаранда қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуда. Қайық бортына 25 адам алынып, олар әр орындыққа бір жолаушыдан отырғызылады. Сондай-ақ теңізге шығып келген сайын қайық іші жуылып, микроб жойғыш сұйықтықпен залалсыздандырылады.

Ақтауда қайық жасалды – енді отандық қайықтың жетіліп, жаңғырып айдындағы айбынды су көлігі болғанын армандауға ауыстық.

 

Маңғыстау облысы