• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 16 Маусым, 2020

Алтын көпір

389 рет
көрсетілді

Өнердің тәттісін таңдайында тамылжытып, ащысын маңдайында моншақтатқан өнерпаз тұлғалар аз емес. Қазақтың ән рухын жаңа белеске көтеріп, кешегінің қамбасында қалған қазынаны келешектің кәдесіне жаратқан жүйріктің бірі – жезтаңдай Жүсіпбек еді. Елебековтер еңсеріп өткен жол – қазақтың адаспас ескі сүрлеуі сияқты бағыты айқын, келешегі кемел, мұраты биік соқпақ. Әдебиетте Абайдың жолы десек, әнде Жүсекеңдер салған дара даңғыл әлі күнге дейін қазақ әнін қызғыш құстай қорғап, қанатының астында қамқорлығын аямай келеді.

Алайда сонау әншілік өнердің ақиығы атанған Елебековті, есімін алтын әріптермен өрнектеуге тұрарлық тұлғаны бүгінде елеп-ескеруіміз еңкіш тартып бара жатқандай ма, қалай?

ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысын – қазақ ән өнерінің «Алтын ғасыры» деуге болады. Олай дейтін себебіміз, осы уа­қыт аралығында Біржан сал, Ақан серілер бастаған қазақтың бекзат сипаты тарихи сахнаға көтеріліп, ән шаңырағымыздың уығы биік шаншылып жатты. Одан бері қарай сол ұлық өнерді Әміре, Иса, Қалилар бастап Манарбектер жалғастырып, қазақтың төл сарыны кереге қа­натын тіпті кең жайды. Шоқтығы биік сол шоқ жұлдыздардың ішінде Жүсекең де жүрді. Оны классик Мұхтар Әуезовтің өзі: «Жүсіпбек әншіліктің ғана емес, адамгершіліктің де академигі» деп бағалайды. Ұлы қаламгер ән­шіні үнемі бауырына тартып, Абай әндерін келелі кеңестер мен маңызды жиындарда орындатып отырады екен. Бірақ бүгінде осы бағаның бәсі биіктеудің орынына бәсеңдеп бара жатқандай...

Әйтпесе, Абай шәкірттерінің бірі, әнші Әлмағамбеттен хакім әнде­рін түпнұсқамен түгел жет­кіз­ген қайраткер қазақтың есімі ел назарынан тыс қалмас еді. Тіпті Жүсіпбек болмаса Абай­дың әндері үнтаспаға жазылып, нотаға түсіріліп, біздің зам­анымызға жету-жетпеуінің өзі екіталай шығар. Атап айтсақ «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Желсіз түнде жарық ай», «Бойы бұлғаң», «Ата-анаға көз қуаныш», «Татьянаның хаты», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Айттым сәлем, Қаламқас» сияқты әндерді кешеден бүгінге жалғап жатқан алтын көпір – Жүсекең жолы.

Жалпы, топырағы әнге тол­ғатқан қасиетті Қарқаралының бұрынғы Қу болысында, қазіргі Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ селосына қарасты Қаратау (қазір Н.Нұрмақовтың атында) ауылында дүниеге келген Жүсекеңді бар қазақ білуі керек деп есептейміз. Тіпті қара домбырасын құшақтап қазақ әніне ат қосқан әр талапкер әншіліктің әліппесіндей Жүсіпбек Елебековтің есіміне қарыздар десек қателеспейміз.

Әрине, Жүсіпбек есімі жалпы елеусіз, ескерусіз қалды деу­ден аулақпыз. Әр жылдары өтіп келе жатқан әнші атындағы республикалық дәстүрлі әншілер байқауы бар. Сондай-ақ әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутайдың «Жүсіпбек Елебеков» ғұмырлық хикаятын, «Қазақфильм» түсірген деректі фильмді атап өтуге болады. Бірақ өкінішке қарай өнерпаздың өзі туған өңірінде Елебеков есімімен аталатын облыс аумағы тұрмақ, Қарағанды қаласында не көше, не музыкалық колледж, не мектеп жоғына қайран қаласың... Бұл сал-серілердің берекелі бесігіндей болған Сарыарқа жұртшылығына, оның тұтқасындағы ел ағаларына, азаматтарына үлкен сын деп білеміз.

Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы респуб­ликалық деңгейде атап өтіліп жат­қаны белгілі. Осы ретте халық әндерін, соның ішінде Абайдың ән мұрасын ұрпаққа аманаттап, бізге жеткізушілердің бірі және бірегейі Қазақ КСР-нің халық әртісі Жүсіпбек Елебековтің есімін Қарағанды қаласында жаңадан бой көтеріп жатқан шағын ауданға берсе де артық етпес еді. Бұл әрбірден соң Абай Құнанбайұлының мерейтойына Қарағанды облысы атынан қосқан үлкен бір үлес болары анық.

Жүсекең десе, көз алдымызға қазақтың қатепті қара нары елес­тер еді. Қазақ үшін қалтқысыз қыз­мет етіп, әншілік қана емес, сахналық қойылымдарда да салмақты рөлдерді сомдай жүріп, ұлттық ән өнерінің қабырғасын қаласқан, іргесін бекітіскен бірегей тұлға санамызда сұлбаланар еді. Жүсекең қалыптастырып кеткен қабырғалы мектеп әншімін деген әр қазаққа алыстан сәуле шашып тұрған адастырмас темірқазық сияқты. Біздің бұл сөзімізді сал-серілердің сарқытынан сабақ алған шәкірттер Қайрат Байбосынов, Ғалым Мұхамединдер бастаған, оның әндеріне мұрагер әр әнші қоштайды деп білеміз. Жалпы, Жүсекеңнің шырақшылары ға­на шыр-шыр еткенмен жұмыс бітпесіне көзіміз әбден жеткен. Жез­таңдай Жүсіпбектердің тамыры Қарқаралыныкі болғанымен, қадірі қалың қазаққа ортақ тұлға екенін тағы да тереңдетіп айта беруге болар еді. Алайда асқақ тұғырды аласартып алудан қорқамыз...

Абайдан қалған асыл қазы­на­ның бірі – хакімнің әндері бол­са, сол мұраны бүгіннен бо­лашаққа жетелеген, кеше мен бү­гінді жалғаған, ескі мен жаңаны тұтастырған тұлға Жүсіпбек жолы біз үшін Абай жолындай айқын – Алтынкөпір.