Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Премьер-Министр Асқар Мамин Тараз қаласында, Жамбыл және Байзақ аудандарында, сондай-ақ Қордай ауданының Масанчи, Қаракемер, Сортөбе және Қордай ауылдарында болып, өңірді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылу барысымен танысты.
Үкімет басшысы Қордай ауданының Гвардейский кентінде Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының жанындағы вакцина шығаратын биофармацевтикалық зауыттың құрылысын бастап берді. Аталған зауыт тиісті өндірістік тәжірибенің халықаралық стандарты бойынша иммунобиологиялық дәрі-дәрмектер, оның ішінде коронавирус инфекциясына қарсы вакцина шығармақ. Қазір институттың коронавирус індетіне қарсы кандидаттық вакцинасы ДДҰ тізіміне енгізілген және клиникаға дейінгі сынақтан сәтті өтуде. Сондай-ақ кәсіпорында пандемиялық тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке, күйіс қайыратын ұсақ жануарлар обасына, қой мен ешкінің контагиозды эктимасына, қой шешегіне, құтырмаға және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы вакциналар шығарылады. Құрылыс жұмыстарын биыл желтоқсан айында аяқтау және жыл сайын биофармацевтикалық препараттардың 60 млн дозасына дейін өндіру көзделген.
Қазіргі уақытта ғылыми-зерттеу институты 5 зертхана базасында отандық вакциналардың 67 түрін өндірген. Оның ішінде денсаулық сақтау саласы үшін жоғары патогенді құс тұмауына және жоғары патогенді шошқа тұмауына, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласы үшін құс тұмауына және бруцеллезге қарсы жаңа векторлық вакцина бар. Биыл аусыл ауруына қарсы вакцина және 4 коронавирус инфекциясына қарсы вакцина әзірленуде. Сонымен қатар аталған институт шетелге вакциналар жеткізуші ретінде Кеден одағының тізіміне енгізілген. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттердің вакциналарды өндірушілер тобына кіреді.
Жалпы, 2020 жылдың 5 айында Жамбыл облысының экономикасы тұрақты өсім көрсетті. Өңірде «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», ИИДМБ, «Қарапайым заттар экономикасы», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және басқа да даму бағдарламалары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Экономиканың барлық дерлік сегментінде оң қарқын байқалады – өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы 2,9%-ға, негізгі капиталға салынған инвестициялар 2,6%-ға, құрылыс көлемі 8,7%-ға өсті.
Биыл Жамбыл облысында 550 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріледі, 34 сумен жабдықтау нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндеу бойынша 23 жоба іске асырылуда, оның ішінде «Тараз қаласынан Қырғызстан шекарасына дейінгі оңтүстік айналма жол» автожолын салу», «Тараз – Сарыкемер – Түймекент – Ақшолақ» облыстық маңызы бар автомобиль жолын реконструкциялау», «Тараз – Жетібай – Тегістік – Ойық» автомобиль жолын реконструкциялау» жобалары бар. Өңірде жалпы сомасы 1051,6 млрд теңгеге 24 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 68,6 млрд теңгеге 114 жоба мақұлданды, оның ішінде 2,2 млрд теңгеге 89 жоба қаржыландырылды. Осы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша жұмыспен 17 мың адам қамтылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 831 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жамбыл облысында ауылда кооперациялық тізбекті дамыту жөніндегі «Алаңнан сөреге дейін» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортын қысқартуға, бағаны тұрақтандыруға және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған. Азық-түлік тауарларын тұрақты сатып алуды қамтамасыз етуге 50 сауда орны мен көтерме-тарату орталығы, сондай-ақ 21 өңдеу кәсіпорны, 45 шаруа қожалығы мен 10 кооператив қатысады. Осы жылдың соңына дейін Қаракемер, Ауқатты, Бұлар батыр, Сортөбе, Масанчи, Қарасу, Өтеген сынды 7 ауыл газдандырылады.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы Қырғызстанмен шекарадағы «Қордай» шекара өткелін реконструкциялау жұмысы жолаушылар ағынын 4 есеге, ал автокөліктің мемлекеттік шекара арқылы өткізу қабілетін 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын биыл желтоқсан айында аяқтау көзделген.
Жамбыл облысы