• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
08 Қазан, 2013

Мақсат – халық үшін қолайлы орта қалыптастыру

400 рет
көрсетілді

Кеше Мәжілісте «Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен экологиялық проблемаларды шешу және Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі бойынша қабылданатын іс-шаралар туралы» деген тақырыпта палата Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен Үкімет сағаты өтті.

 

Кеше Мәжілісте «Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен экологиялық проблемаларды шешу және Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі бойынша қабылданатын іс-шаралар туралы» деген тақырыпта палата Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен Үкімет сағаты өтті.

«Қазақстан-2050» Стратегия­сын­да Елбасы Н.Назарбаев еліміздің «жасыл» даму жолына көшуге негізделген, тиімді және тұрақты экономика құру міндетін қойды. «Жасыл экономика» халықтың тұрмыс-жағдайын көтеру, болашақ үшін табиғат қорларын үнемді және ұтымды қолдану экономикасы болып табылады. Үшінші сессия­ны ашу кезінде сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, экономикада және күнделікті өмірде: су ресурстарын басқару; таза ауаны сақтау; энергияны үнемдеу және тиімді пайдалану; жаңартылған энергия көздерін дамыту бойынша бірқатар мәселені атаған болатын. Осыған байланысты «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы бекітілді. Оның аясында жоғарыда аталған мәселелерді іске асыру және ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін ұйымдастыру міндеттері қойылды. Сонымен қатар, былтырғы маусым айында өткен Үкімет сағатының қорытындысы бойынша, депутаттар бірқатар ұсыныстар берген болатын. Министр солардың орындалуы туралы айтып өтсе екен», – деп Төрағаның орынбасары баяндама жасау үшін Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровқа сөз берді.

Үкімет «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру мақсатында 2013-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Жоспарда қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту және ауаның ластануын төмендету, су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру, орнықты ауыл шаруашылығы қағидаттарын енгізу; энергия тиімділігін және энергия үнемдеуді арттыруға бағытталған іс-шараларды іске асыру, энергия қоржындарын жаңғырту мен жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша бірқатар шаралар қабылдау көзделген.

Әлемнің ең үздік тәжірибесін ескере отырып, жаңартылатын энергия көздерін сәтті дамыту мақсатында жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау мәселелерін реттейтін заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар ен­гізілді. Ел дамуының 2050 жылға дейінгі Стратегиясы 2020 жылға қарай халықты және 2030 жылға қарай ауыл ша­руашылығын сумен тұрақты қамтамасыз ету мақсаттарын қойып отыр. 2050 жылға қарай су ресурстарына байланысты бар­лық проблемалар шешілуі тиіс. Қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында су ресурстарын бас­қару жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірленуде.

Күтіліп отырған суды тұтыну­дың өсу үрдісі және су ресурстары­мен қамтамасыз етудің төмендеуі өңірлік тапшылықтың өсу қаупі бар деген тұжырым жасауға мүмкіндік береді, яғни Қазақстандағы сегіз су бассейнінің алтауы 2020 жыл­ға қарай осы қауіпке ұшырауы мүмкін. Егер су ресурстарын пайдаланудың және басқарудың тиімділігі артпайтын болса, онда 2040 жылға қарай су тапшылығы артады. Бұл, өз кезегінде, халықты сумен қамтамасыз етуге, ІЖӨ өсуіне және экология жағдайына кері әсерін тигізуі мүмкін, деді өзінің сөзінде министр.

Сондай-ақ, ол шектес мемле­кеттермен трансшекаралық өзен­дерді бірлесіп пайдалану және оларды қорғау мәселелері бойынша мемлекетаралық ынты­мақ­тастыққа үлкен назар аударылып отырғанын атап өтті. Қытай Халық Республикасымен трансшекаралық өзендердің суын бөлу бойынша жұмыс жоспарға сәйкес жал­ғастырылып келеді. Бекіре тұ­қымдас балықтардың түрін сақтау – ең маңызды экологиялық проблемалардың бірі. «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының шеңберінде 2020 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленетін болады. Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде 2020 жылға дейін орман саласын дамыту бағдарламасы әзірленбекші, деді осы орайда Н.Қаппаров.

Министрдің сөзіне қараған­да, жалпы республика бойын­ша ағымдағы жылы орман­ молықтыруды 69 мың га алқап­та жүргізу жоспарланыпты. Перс­пек­тивада республикада орманды молықтыру бойынша жұмыс көлемі 2020 жылға қарай жыл сайын 80 мың гектарға дейін жеткізілмекші екен. Жабайы жануарлар түрлерін сақтауды қамтамасыз ету үшін Қылмыстық және Әкімшілік кодекстеріне жабайы жануарларды заңсыз аулағаны үшін жауапкершілік шарасын күшейтетін браконьерлік күресу нормалары енгізіліпті.

Қазіргі уақытта еліміздің аумағындағы барлық қалдықтар қоқыстарға көму үшін апарылады, деді Н.Қаппаров әрі қарай. Астанадағыдан басқа ешбір қоқыс орны көмудің санитарлық нормалары мен экологиялық стандарттарына сәйкес келмейді. Жалпы алғанда, барлық полигондардың әрекет ету мерзімдері өткен. Ал әзірленген бағдарлама тұрмыстық қатты қалдықтармен жұмыс жасау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ, еліміздің экологиялық заңнамасы талаптарын мүлтіксіз орындау бойынша шаралар қабылдауға бағытталған.

Тақырыпқа қосымша баяндаманы палатаның Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютин жасады. Ал Үкімет сағатын С.Дьяченко министр экологиялық проблемаларды шешу және «жасыл экономикаға» көшу жөнінде министрлік атқарған жұмыстар жөнінде толық ақпарат берді. Баяндама мазмұнды болды, сұрақтарға толық жауап берілді. Сонымен қатар, өткен жылғы Үкімет сағатында берілген ұсыныстар мен міндеттердің орындалу барысы жөнінде де айтылып өтті. Бұл өте орынды және дұрыс. Басты мақсат – халықтың өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы ортаны қалыптастыру. Осыған сәйкес, бүгінгі мәселе жан-жақты талқыланды. Отырыс қорытындысы бойынша, Үкіметке бірқатар ұсыныстар жобасы дайындалды және осында айтылған ұсыныстар толық ескеріледі», деп қорытты.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар