Теннистен биыл белгіленген уақытында, яғни 31 тамыз бен 13 қыркүйек аралығында өтеді. Бұл жайында Нью-Йорк штатының губернаторы Эндрю Куомо мәлімдеді, - деп жазады Egemen.kz
139 жылдық тарихы бар айтулы турнирдің беделі жылдан жылға арта түсуде. Кезінде ерлер сайысында Ричард Сирс (1881-87), Уильям Ларнед (1901-02, 19007-11), Билл Тилден (1920-25, 1929) жеті реттен бас жүлдені олжаласа, беріректе Джимми Коннорс (1974, 1976, 1978, 1982-83), Пит Сампрас (1990, 1993, 1995-96, 2002) және Роджер Федерер (2004-08) бес мәрте теңдессіз деп танылды.
Әйелдер арасындағы рекордтық көрсеткіш Молла Бьюрштед-Маллориге тиесілі. ХХ ғасырдың басында өнер көрсеткен АҚШ теннисшісі сегіз жарыста алдына жан салмады.
Былтырғы жылғы додада Испанияның серкесі Рафаэль Надаль мен Канаданың аруы Бьянка Андреескудың асығы алшысынан түсті. Жерлестеріміз арасынан ең үздік нәтижеге Александр Бублик пен Юлия Путинцева қол жеткізді. Өткен маусымда екеуі де үшінші кезеңге дейін жетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы турнир көрерменсіз өтеді. Ол жерде сақтық шаралардың барлығы сақталады. Ойыншылар мен олардың команда мүшелері, төрешілер, техникалық персонал және тағы басқа қызметкерлер қатаң тексеруден өтеді.