Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері, мемлекеттік шекара туралы және басқа да заң жобаларын талқылап, мақұлдады.
Депутаттар қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Құжат тұжырымдамасында тұрмыстық қатты қалдықтарды жағу арқылы оларды кәдеге жарату ұсынысы қарастырылған. Бұл қалдықтардың қоршаған ортаға теріс әсерін азайтуға және олардың көмуге жататын көлемін қысқартуға мүмкіндік береді.
Заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес бұл ұсыныстың негізгі қолдау тетігі – қоқыс жағатын кәсіпорындар өндірген электр энергиясын кепілді сатып алу. Ал ол өз кезегінде жаңартылатын энергетика саласын қолдаудың қолданыстағы тетігіне ұқсас болады. Осыған байланысты, заң жобасында Экологиялық кодекс пен «Электр энергетикасы туралы» және «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заңдарға түзетулер енгізу көзделген.
Заң жобасын талқылау барысында депутаттар жергілікті атқарушы органдарды қоқыс жағатын кәсіпорындарды қалдықтардың қажетті көлемімен қамтамасыз етуге міндеттейтін норманы алып тастауды, сонымен бірге Экологиялық кодекстегі жергілікті атқарушы органдардың жер заңнамасына сәйкес қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілерді қамтитын әлеуметтік инфрақұрылымды салу үшін жер учаскелерін бөлуі мәселелерін нақтылауды, қолданыстағы заңнамамен және Мәжіліс қарауындағы заң жобаларының нормаларымен үйлестіру мақсатында құқықтық коллизияларды жою туралы және басқа да ұсыныстар мен түзетулер енгізді.
Одан әрі депутаттар «Мемлекеттік шекара туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасында өткізу пункттерінде құқық қорғау мен арнаулы органдар, прокуратура органдары қызметкерлерінің болу тәртібін регламенттейтін, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы» заңнамасын бұзудың ықтимал тәуекелдерін төмендетуге бағытталған нормалар көзделеді.
«Заң жобасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы заңнамасын бұзудың ықтимал тәуекелдерін төмендетуге бағытталған нормалар ұсынылды. Осылайша жолаушыларды түсіруді (отырғызуды), жүктер мен тауарларды тиеуді жүзеге асырмайтын жағдайда ғана, Қазақстан аумағын транзит түрде темір жол көлігімен өтуде шекаралық, кедендік және бақылаудың өзге де түрлерін жүргізбеу ұсынылады», деді Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан.
Сонымен қатар құжатта Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қажетті инженерлік-техникалық құралдарды, құрылыстар мен бөгеуіштерді орнату жөніндегі құзыреті нақтыланады. «Заң жобасында Шекара қызметімен пилотсыз ұшу аппараттарын қолданудың ережесін бекіту бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзыреті қарастырылады. Мұнымен қоса шекара кеңістігінде құқық бұзушылықтардың жолын кесу кезінде ҰҚК Шекара қызметі алған жануарларды, балықтарды және өсімдіктерді, браконьерлік аулау құралдарын, браконьерлік жүзу жабдықтарын есепке алу, сақтау мен бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастыру құзыретін жергілікті атқару органдарына беруді қарастырады», деді Қ.Ержан.
Одан кейін депутаттар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасына Сенат енгізген толықтыруларды талқылап, ол бойынша келісімін берді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында берген тапсырмасына сәйкес, Парламент Сенатының депутаттары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Бұл өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліс мақұлдаған кодекс жобасының тұжырымдамалық мәнін өзгертпейді», деді Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова.
Отырыста палата бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Олардың қатарында бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері туралы заң жобасы, сондай-ақ Қазақстан мен Моңғолия арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі өзара көмек туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы және ЕАЭО мен оған мүше мемлекеттер және Сербия арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары бар.
Отырыс соңында депутаттар мемлекеттік органдардың басшыларына бірнеше депутаттық сауал жолдады. Мәжіліс депутаты Сәкен Қаныбеков Үкімет басшысы Асқар Маминге балаларға арналған спорттық инфрақұрылымға қатысты депутаттық сауал жолдады. «Бұқаралық денешынықтыруды дамыту пирамидаға айналуы керек. Сонда бізде дені сау, белсенді жастар көбейеді. Сайып келгенде, денсаулығы мықты ұлттан жаңа чемпиондар көп шығады. Бұл бағытқа заңнамалық қолдау, сонымен қатар бұқаралық спортты дамытудың кешенді жоспарын қабылдау қажет», деді депутат өз сауалында. Сонымен бірге қомақты қаржы жұмсалатын футбол саласына тоқталып, шетелден келетін спортшыларға қатысты мәселе көтерді.