Қанқызыл шымылдық қарс айырылды. Алпысыншы-жетпісінші жылдардың көңіл күйін сыйлайтындай ерекше безендірілген ескі сахна төрінде король отыр!
Лирика королі, ретро рыцары, ән серісі Қорекең! Иә, атақты Қорабай Есеновті айтамыз, қалың қазақты жеті шекті гитарасының жазира әуенімен құшақтаған қайталанбас талант, қарапайым өнер өкілі, патшадай паң, құлдай қарапайым қазақ әуені. «Қорабай қазақ өнеріндегі зор құбылыс. Ұлт сахнасында гитарасымен қоса сан тармақты жаңа әуез,жаңа сарын ашқан дегдар буын. Заманға сай туған ерекше дара тұлға» депті белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов ағамыз.
Шынымен де Қорабай ескі мен жаңаны жалғаған тұтас дәуір келбеті десек қателеспейміз. Ескі мен жаңа дегеннен шығады, жалпы гитараңыздың отаны осы Испания деп нақты айтуға келе ме? Испания гитараның танымал болған жері десек қалай? Біздің екі шекті домбырамыз мұхит асып жеті шек болып қайтып келді ме екен деген де ой жоқ емес. Ежелгі Египет пен Үндістанда да осыған ұқсас аспаптар табылған екен. Олар: набла, нефер, египеттік цитра, және үндістандық ситра мен вина. Сонымен қатар Грекия мен Римде гитарамен туыстас ежелгі кифара аспабының аты аспандап тұрыпты. Қорекең сол романдықтардың гитарасын қазақтың төл аспабына айналдырған бірегей реформатор. Бірде ақын Серік Ақсұңқарұлы Қорекең жайлы айтып-айтып келіп: «Қорабайдың әнінде Абай мәдениеті бар. Қазақтың поэзиясына – Абай, күй өнеріне – Мағауия Хамзин, ән шаңырағына – Қорабай Есенов еуропа мәдениетін әкелді», депті.
Өкінішке қарай, Қорабай ағамыз жайлы қоғамда көп айтыла бермейді. Бүгінде «Тоқсан бір» тобының топ-топ фанаттарынан Қорекең жайлы сұраудың өзі қорқынышты сияқты. Анықтап қарасаңыз, аңыз адамды қоршап, қолпаштағандар елуден асып, алпыстың алдына тұрған буын екен. Яғни «Жас қалам» мен «Қоштасуды» айтып қызға барған, сол әнмен үй болып, бесік тербеген аға ұрпақ. Бұл бізді алаңдатпай қоймайды, әрине. Қорабай аңызы аға ұрпақпен бірге тарих қойнауына түсуі керек пе? Ағамыз бір сұхбатында шәкірт тәрбиелеп, жеке сынып ашқысы келетінін жасырмапты. Екі ұрпақтың арасындағы үзікті жалғайтын сол шәкірттер емес пе? Ендеше, неге кеш қимылдауымыз керек?!
«Біз Қорекеңнің әні арқылы өнерге, өмірге ғашық болдық», дейді Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов. Дара дауыс иелері бір-бірін осылай қошеметтепті. Бірақ бәрібір өнер адамына біздің тұс-тұстан ғана қиқулағанымыз аздық етері анық. Бұл ретте телеарналардың төрі, концерт залдарының сәнді сахнасы Қорабай әндеріне жол ашу жағын көбірек қолға алса дұрыс.
Осыдан бірер жыл бұрын ғана Қорабайдың концерті Қарағандыда тұңғыш рет өтіпті. Оны бір жағынан тәрбие шығар дедік. Бесіктен белі шықпай жатып, әнші болып, атақ қуып, авторлық кеш беретін «фанерщик жұлдыздарға» сабақ боларлық жағдай деп өз-өзімізді жұбаттық. Әлі де сол самарқау күйі «алтын кездік қап түбінде жатпайды» деп жайбарақат жүріп жатырмыз. Әнші де тыныш, әлеумет те үнсіз.
Қорекеңнің «Жас қалам» деп жарқ ете қалғанына да жарты ғасырдан астам уақыт өте шығыпты. Талант темірден жаратылады деген ұғым жоқ. Пенде тозады, перне ескіреді, ортамызда жүргенде төрімізден ойып тұрып орын беріп, дер кезінде бағасын білсек, қане?
Қорабай жайлы көркем фильм түсірсе де артық емес деп ойлаймыз. Жап-жас жігіттің «Қазақ» радиосынан шырқаған жалғыз әні бір-ақ күнде авторды танымал етуі, кей жігіттердің «Мен Қорабаймын!» деп қызбен танысып, таксиде тегін жүргендерінің өзі дайын сценарий емес пе?
Сол қызық оқиғалардың бәріне ұзақ жылдарды артқа тастай Арқаның бір қиырында үнсіз қарап тұрған Қорабай құбылысы!