Елімізде төтенше жағдай режімі енгізілгеннен кейін волонтерлер жұмысына да сұраныс артқаны белгілі. Волонтерлердің аймақтық фронт-офисінде Шығыс Қазақстанның 19 қаласы мен ауданынан мыңнан астам белсендіден тұратын еріктілер базасы құрылған.
Облыстық Ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Еркебұлан Балтабековтің айтуынша, өңірдің волонтерлері «Biz birgemiz» акциясына белсенді қатысқан. «Аймақ волонтерлерінің бастамасымен облыс тұрғындары арасында коронавирустың алдын алу туралы ұсыныстары бар жадынамалар мен газеттердің арнайы шығарылымдарын, көп реттік бетперделерді тігу және оларды халыққа тарату бойынша акциялар ұйымдастырылды. Волонтерлер құқық қорғау органдарымен бірлесіп халыққа түсіндіру жұмыстарына да қатысты. Өскемен, Семей қалаларының 93 волонтері азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі тауарларды, 70 жастан асқан адамдарға және I, II санаттағы мүгедектерге дәрі-дәрмектерді жеткізу жұмыстарына тартылған», дейді ол.
Акция шеңберінде 17 мыңға жуық медициналық бетперде, көп балалы, аз қамтылған отбасыларға, жалғыз тұратын қарттарға 800-ден астам азық-түлік себеті және 845 мыңнан астам арнайы шығарылған газеттер таратылыпты. Облыс волонтерлері, сонымен қатар «Жылу сыйла», «Мейірімді көршілер» акцияларын да өткізіпті. Аталған іс-шаралар аясында волонтерлер полиция және әскери қызметшілерге, дәрігерлерге ыстық шай, бауырсақ, сүт өнімдерін таратып, қарияларға аулаларды жинауға, азық-түлік пен дәрі-дәрмек алуға көмектесіпті. Әлеуметтік желілерде «Мен үйдемін» («Останься дома»), «Дома с пользой» атты төтенше жағдайда үйде отыруға шақыратын челлендждер ұйымдастырылып, 300-ден астам бейнеүндеулер жарияланыпты. «Ерекше атап өтер жайт, облыста шектеу шаралары енгізілгеннен бері коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарына және басқа да іс-шараларға 400-ге жуық волонтер қатысты. Жас отбасылар, кәсіпкерлер мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, мемлекеттік қызметшілер де волонтерлік көмекте ерекше көзге түсті. Барлық волонтерлер қорғаныс комбинезондарымен, антисептикалық құралдармен, медициналық бетперделермен және қолғаптармен қамтамасыз етілген», дейді Е.Балтабеков.
Шығыс Қазақстан облысы