Студенттік құрылыс жасақтары жұмыстарын бастап кетті. Олар облыс орталығында жүріп жатқан 4 құрылыс нысанында еңбек етіп жатыр, деп жазады Egemen.kz
Көкшетаудағы құрылыс нысандарында Қытай мен Моңғолиядан келіп, білім алып жатқан 20-дан аса жас еңбек етуде. Жастарды жұмысқа қабылдауға әзір әлі де 7 құрылыс компаниясы бар.
"Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы, жастар ресурстық орталығы, Көкшетау қаласының жұмыспен қамту орталығы ниет білдірген 16 мен 29 жас аралығындағы студенттер мен жастарды жазғы маусымды жұмысқа шақырады. Жалақысы 85 мың теңгеден басталып, күрделілігіне қарай көтеріліп отырады", дейді облыстық ішкі саясат басқармасы жастар ісі жөніндегі бөлімінің жетекшісі Алмат Нүкенов.
Құрылыс жұмыстарына сылақшы, сырлаушы, электрик, жол жұмысшысы, дәнекерлеуші, бетоншы және әртүрлі жұмыс істей алатын арнайы мамандығы жоқ жастар алынады.