• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Маусым, 2020

Жол картасы бойынша жұмыс қызды

382 рет
көрсетілді

Биыл Алматы облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 109,2 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Нәтижесінде аймақтағы еңбек нарығына да сұраныс артып, 23 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Қазір осы мақсатта 977 жоба мақұлданып, аудандарда жұмыс басталып кетті.

Мәселен, Панфилов ауданына «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бо­йынша 5,2 млрд теңге бөлінген екен. Бүгінде өңірдегі жұмыс бекітілген 55 жоба аясында қыза түскен. Бұл аудан көлемінде 1047 адамды еңбекпен қамтуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде 523 тұрғын аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасқан.

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аудандағы бірқатар мәселені шешеді. Өңірде ұзақ уақыт қараусыз қалған ғимараттар әлі де бар. Қазір ауылдағы осындай бір мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізіп жатырмыз. Ал тұрғындар тығыз қоныстанған ауылға жаңа амбулатория салынуда. Екі мектепке күрделі жөндеу жұмысы басталса, басты мәселе болған екі елді мекенде ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жандануда. Көшелерді жарықтандыру, жол салу, парктерді абаттандыру сияқты жұмыстардың барлығы осы бағдарлама арқылы бөлінген қаражаттан жасалуда, – дейді Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев.

Жұмыспен қамтудың жол картасы аясындағы жұмыс Көксу ауданында да жалғасуда. Бүгінде өңір бойынша 26 жобаның тұсауы кесіліп, нәтижесінде 400 адам жұмыспен қамтылып отыр. Жол картасы бойынша бөлінген қар­жы негізінен әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу мен жаңадан салуға бағытталды. Мә­селен, Көксу ауданына қарасты Айнабұлақ темір жол бекетіндегі дәрігерлік амбулатория ғимараты құлаудың аз-ақ алдында тұрған еді. Бөлінген қаржы арқылы медицина мекемесінің ғимараты жаңадан салынатын болды. 20 адамды қабылдауға арналған шағын емхана құрылысы 3 айда аяқталып, қолданысқа берілмек. Айтпақшы, осы бекеттегі шаңы шығып жатқан Рамазанов көшесі де жөнделіп жатыр екен. Мердігер компания бұл істі 1 айда толықтай әрі сапалы етіп аяқтамақшы. Сон­дай-ақ ауданда 5 бірдей білім ны­санында күрделі жөндеу ж­ұмы­сы бір мезетте басталған екен. Оның қатарында Жамбыл орта мектебінің, З. Тамшыбай ауылын­дағы мектептің спорт алаңын абаттандыру, ақын Қабан Жырау атындағы орта мектептің спорт алаңын ағымдағы жөндеуден өткізу және 10 жылдық Қазақстан ауылындағы шағын футбол, волейбол алаңдарын ретке келтіру, Алғабас ауылындағы 1989 жылы салынған орта мектепті орташа жөндеуден өткізу сияқты жобалар бар. Былтыр Қызылтоған ауылында 120 орындық мектеп құрылысы басталған болатын. Қазір жұмыс қайта жанданды. Екі қабаттан тұратын ауыл мектебі жаңа оқу жылында есігін айқара ашпақ.

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы ая­сындағы жұмыстарды орталық­тан алыстағы ауылдардың мәсе­лесін шешуден бастадық. Нәти­жесінде әлеуметтік нысан­­дар жаң­ғыртылып, ауыл тұрғын­дарын жұмыспен қамту жайы да еске­рі­леді. Қазір аудан­дағы бірнеше ауылдың дәрiгерлiк амбулаториясына күрделi жөндеу жұмыстары жүр­гiзiлуде. Құрылысшылар да ауыл тұрғындары арасынан тар­тылуда. Бастысы, құрылыс жұмыс­тары аяқталғаннан кейін бұл ам­булаторияларға заманауи меди­ци­налық құрылғылар мен жаб­дықтар қойылады, – дейді Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ.

Облыстағы жол картасы аясында бөлінген қаржының шарапатын Ескелді ауданындағы Бақтыбай ауылының тұрғындары да көретін болды. Осы ауылдағы Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Обалы нешік, бір кездері елді мекендегі ең еңселі ғимарат болған көпшілік орын жабылып, уақыт өте келе тозып, ескірген еді. Жақында 20 жыл бойына жабық тұрған осы Мәдениет үйін жөндеуге шешім қабылданыпты. Оған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 864,6 млн теңге қаржы бөлінген екен. Жөндеу жұмысы­на жергілікті жұмыссыздарды тар­ту көзделген. Жалпы, Ескелді ауданында жол картасы бойын­ша 59 жоба жүзеге аспақшы. Оның дені ауылдардағы әлеуметтік нысандардан тұрады. Осы мақсат­қа 3 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ.

Ал биыл Талдықорған қала­сын­да «Жұмыспен қамтудың жол ка­ртасы-2020» бағдарламасы бо­йынша 33 жоба жүзеге асуы тиіс. Осы мақсатқа 9,9 млрд теңге қаржы қарастырылған. Қазіргі кезде облыс орталығы бойынша 30 жоба жүзеге асып жатыр. Ол бойынша 474 жұмыс орны құрыл­са, 237 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілген. Жалпы, облыс орталығында жол картасы бойынша атқарылатын іс жүзеге асқаннан кейін 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу мүмкін болмақ. Оның ішінде 4 мыңға жуық адам тұрақты еңбек нарығына қатысушы атанады. Қазірдің өзінде 1284 адам жол картасы бойынша басталған жұмысқа тартылған. Жалпы, бағ­дарлама аясында Талдықорған қаласы бойынша 37 жоба жүзеге асады деп жоспарланған екен.

Айтпақшы, жол картасы бо­­йынша Текелі қаласына да қомақ­ты қаражат бөлінген екен. Шағын қалада биыл 13 жоба жүзеге асып, оған 1 млрд 837 млн теңге қаржы жұм­салмақ. Нәтижесінде 408 жаңа жұмыс орыны құрылады де­ген сенім бар. Қазір басталған іске жұ­мыспен қамту орталығы арқылы 216 адам жолдама алып отыр.

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында алғашқы 2 жоба іске қосылды. Оның бірі теңіз дең­гейінен 1200 метр биіктіктегі тау басына Ту ілетін тұғыр орнату болса, екіншісі қала келбетін биіктен бақылайтын алаң айналасын абаттандыру жұмысы. Алғашқы жоба бойынша 6 млн теңгеден астам қаржы жұмсалып, 5 адам жұмыспен қамтылды. Ал екін­ші жоба бойынша тағы 12 адам жұмыс істеп, алаңдағы құры­лыс жұмысына 8 млн теңге бө­лінді. Бұл бағыттағы жұмыс жан­дана береді, – дейді Текелі қала­сының әкімі Бахтияр Өнербаев.