Биыл облыста "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы арқылы жобаларды жүзеге асыруға алты жүзден астам грантты жүзеге асыру жоспарлануда, - деп хабарлайды Egemen.kz.
1350 адам кәсіпкерлік негіздерін меңгерсе, 600 ақмолалық онлайн режимінде оқып шықты. "Бастау Бизнес" жобасының бизнес-жаттықтырушылары аудандарда арнайы маркетингтік зерттеу жүргізді. Бұл талдау нарықта онша игеріле қоймаған кәсіп түрлерін анықтауға мүмкіндік берді. Ірі кәсіпорындармен байланысу арқылы курс тыңдаушылары мен кәсіпкерлер арасындағы әріптестік қатынас орнатылды.
"Биыл қабылданған карантиндік шараларға байланысты, Atameken Academy және Openstud онлайн платформасы арқылы қашықтан оқыту қарастырылған. Оқыту мерзімі 21 күн төңірегінде", – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ерқанат Мұсылманбек.
Кәсіпкер Шынар Мұқышева жеке бизнесін дамыту үшін жеңілдетілген несие алғандардың бірі. Курста үйренген кәсіпкерлік дағдыларын қолдана отырып, сүйікті ісін табыс көзіне айналдырды.
"250 мың теңге көлеміндегі грантқа тігін машиналарын сатып алдым. Карантин кезінде де кәсібімді тоқтатпадым. Тек үй жағдайында жұмыс істедім. Маскалар тіктім", – дейді кәсіпкер.
Аталған жоба ауылды жерлерде ғана емес, қала тұрғындарының арасында да кеңінен танымал екендігін атап өту керек. Бүгінгі күні Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасына бизнес дағдыларын меңгеруге ниет етушілерден 2 мыңнан астам өтінім келіп түскен.