Төрткүл дүниені тітіренткен коронавирустан кейінгі өмір қалай болмақ? Дәл бүгінгідей шекара біткен тарс жабылып, шаруашылықтың іркіліп қалуы бұрын-соңды бола қоймаған жағдай. Жұмыссыз қалған әлеуметке көмек көрсетуге мүмкіндігі бар елдердің дағдарыста абыржи қоймайтындығы белгілі. Біздің ел де қаржысы бар мемлекеттердің қатарында. Әйтсе де, келер күннің тыныс-тіршілігін бүгін ойлауымыз қажет сияқты.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 11 мыңнан астам ақмолалықты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл шын мәнінде шарапаты мол үлкен көмек деуіміз керек. Індеттен арылған соң да сол 11 мыңнан астам отбасының дастарқанынан бұйырған дәм арылмайтын болады. Қазірдің өзінде екі жүзге жуық жұмысшыға сұраныс бар. Әйтсе де, өзекті өртер өкініші сол – дайын жұмысты істеймін деп бел буып, белсеніп шығатындар болмай тұрғаны қынжылтады. Көкшетау қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде 540 адам тіркелген. Осы арадағы қисынсыздыққа қараңыз, жаңағы жұмыссыз ретінде тіркелген жарты мыңнан астам адамның арасынан жұмысшы таба алмау деген қисынға келе ме? Мұның себебі неде?
– Жұмыссыз ретінде тіркелген адамдардың көпшілігі қара жұмыс істеуге құлықсыз. Кейбіреулерінің айтуына қарағанда, ұсынылған жұмыстан табатын жалақы жарытымсыз. Енді біреулері тіпті жұмыс істегісі келмейді. Жалақы туралы да уәж айтуға болады. Мәселен, ең төменгі жалақы 85 000 теңгеден басталады. Жұмыс ауқымына қарай одан әлдеқайда жоғары болуы әбден мүмкін. Бір қызығы есепте тұрғандардың басым көпшілігінің жоғары білімі бар. Бәлкім сондықтан болар, мұндай адамдар қара жұмыс істегісі келмейді, – дейді қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Александр Солодка.
Зер салып қарайтын болсаңыз, дәл қазіргі қиыншылық кезінде құрылыс пен жол жөндеу саласында жұмысшыға сұраныс өте жоғары екен. Мұндай жұмыстарды істеу үшін кәдеге аспай жатқан дипломның түкке де қажеті жоқ.
Тек масыл болып отырған адамдардың бойындағы отбасына деген жауапкершілік артып, қара жұмыс істесем де күнімді көруім керек деген ұмтылыс болса жетіп жатыр. Тіпті коронавирус індеті шарпымай тұрып-ақ қалалық жарнама газетінің бетінен дәнекерлеуші, механизатор, жүргізуші, токарь, құрылысшы мамандықтары бойынша жұмысшы іздейтін жарнама көз сүріндіретін.
Біз бір жағынан елімізді жұмыссыздық жаулап алды деп сары уайымға салынып жатамыз. Бұл шамасы бойкүйез, боркемік, саусағын қимылдатпай ақша тапқысы келетін адамдардың жұмысқа деген пейілінің жоқтығынан шығар.
Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Жастар тарапынан жұмыс істеуге деген сәл-пәл ынтаны көргенде үміт оты тұтанғандай.
– Жұмыспен қамту орталығына жазғы демалыс кезінде студенттерге лайықты жұмыс тауып бере ала ма деген үмітпен келіп отырмын. Табыла қалса, жаздай еңбек еткім келеді, – дейді студент Айсұлу Батырбекова, – аздаған қаражат жинап, ата-анама салмақ салмай, оқуға қажетті заттарымды сатып алар едім.
Осы бағдарлама аясында Көкшетау қаласында жалпы көлемі 10,4 млрд теңгені құрайтын 33 жоба іске асырылуда. Бұл дегеніңіз 2600 жаңа жұмыс орны. Оның 1300-і жұмыспен қамту орталығы арқылы өтуге тиісті. Енді бір мына дерекке назар аударыңызшы, қазіргі күні қажет болып отырған жұмысшылардың тек 26-ы ғана табылған. Міне, бүгінгі замандастарымыздың бойындағы еңбекке деген ықыластың шынайы көрсеткіші.
Бұл арада ең басты айтарымыз, жас толқынның мамандық таңдаудағы жаңсақ басуы. Оған алдымен ата-аналардың теріс ықпалы көп тиеді.
– Өтпелі кезеңде жекеменшік оқу орындары қоғамға қажеті бар ма, жоқ па, сарапқа салмай кейбір мамандықтарды жауыннан кейінгі саңырауқұлақ тәрізді қаптатып жіберді, – дейді психолог Бақытгүл Оспанова, – әне бір жылдары заңгер мен экономист мамандықтары бойынша оқығысы келген жастардың саны күрт өсіп кетті. Ал еңбек нарығына мұншама маман қажет емес еді. Міне, жұмыссыздықтың көбейген тұсы да осы. Кәдеге аспайтын диплом көбейді. Дипломы бар жастардың қара жұмысқа құлықсыз болатыны да осыдан.
Мамандардың айтуына қарағанда, ата-аналар бауыр еті балалары мемлекеттік грант бойынша оқуға балы жетпейтін жағдайда қай мамандық бойынша үміткер аз, соған тапсыра береді. Кейін бала ол мамандық бойынша жұмыс істей ме, жоқ па, мамандығы оны қызықтыра ма, ол жағы қаперге алынбайды. Түссе болды, қолына диплом тисе болды. Енді біреулер үлпілдетіп бағып, үкілеп өсірген айналайындарын қасынан қарыс қадам ұзатпай, өз қалаларында оқытуға тырысады. Мамандық таңдаудағы жаңсақтық та осы жерде орын алмақ.
– Қазір білім ошақтарына оқу жылының аяғында әрбір оқу орындарынан келіп жарнама жасайтындар болып тұрады. Бірақ олар өздеріне қатысты басқа мамандық туралы еш мәлімет бермейді. Қай мамандық бойынша қызмет барысында тез көтерілуге болады, қайсының табысы толымды деген сұрақтарға жауап болмағаннан кейін үлкен өмірге енді ғана қадам басқан жастардың алдында беймағлұм дүние тұрмақ. Сондықтан білім ошақтарында жоғары сыныптарда мамандық дайындауға байланысты ақпарат беретін үйірмелер жұмыс істесе оң болар еді, – дейді қарт ұстаз Алпысбай Тұрсынбаев, – әр шәкірттің өмірлік мамандық таңдауы өте маңызды қадам ғой.
Жұмысшы мамандығын даярлау туралы мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Негізінен мыңдаған жұмысшы армиясын ұясынан ұшырып отырған кәсіптік-техникалық колледждердің жұмыс ауқымын бір екшеп алу әбден керек. Мәселен, механизаторларды даярлайтын колледждерде бүгінгі күні егістік алқаптарда кездеспейтін астық комбайндары мен тракторлардың ескі үлгілері оқытылуда. Бұл мәселені біз де індете іздеп көргенбіз. Колледж басшыларының айтуларына қарағанда, оқу құралы ретінде құны әлденеше миллион тұратын жаңа шетелдік үлгідегі астық кешендері оқу орнына бұйыратын түрі жоқ. Тек плакаттар мен бейнебаян арқылы ғана оқытылады. Көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң санаға сіңе ме? Оның үстіне еңбек тәжірибесі де кешегі кеңес заманындағыдай тиянақты өткізіліп отырған жоқ. Қазір шағын ауылдардағы шаруа қожалықтарына, серіктестіктерге тәжірибеден өткізу үшін колледждің білім алушыларын топ-топ қылып жіберу мүмкін емес. Бірақ бұл арада біз мынандай ұсыныс айтар едік. Есесіне аудан әкімдіктері арқылы келісіп, әр шаруашылыққа төрт-бесеуден жіберуге әбден болады. Сонда олар бүгінгі қолданыстағы техниканың тетігімен тыңғылықты таныса алар еді.
Сөз жоқ, мемлекет тарапынан шарапаты мол қамқорлық көрсетіліп отыр. Колледж оқушылары арнайы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алады. Оқу, жатақхана тегін, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары тегін тамақтана алады. Жол ақысына да жеңілдік жасалған. Бірақ колледж бітірген білім алушылардың барлығы бірдей өздері оқып-бітірген мамандық бойынша жұмыс істемейді. Колледж басшылары түлектерінің жұмысқа орналасқан, орналаспағанын зейнетақы қорына түсетін жарна арқылы ғана тұспалдайды екен. Ол түлек өзі оқыған мамандық бойынша механизатор болып жұмыс істеп жүр ме, жоқ әншейін басқа жұмысқа орналасты ма, ол жағы тас қараңғы.
Бұл да үлкен мәселе. Өйткені жаңағы механизаторды оқытып даярлауға мемлекет тарапынан қыруар қаржы жұмсалды ғой. Мәселен, Краснояр ауылындағы №3 агротехникалық колледждің мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған 10, Щучье қаласындағы жоғары педагогикалық колледждің 10, осы қаладағы орман шаруашылығы, экология және туризм колледжінің 15, Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық колледжінің 50 түлегі мамандықтары бойынша жұмыс істемейді. Егер әуел баста белгілі бір мамандық алып, жұмысшы болып істеймін деген балалар осы оқу орындарында оқығанда, дәл бүгінгідей жұмысшыға жарымай отырмас едік.
Қос-қос дипломды сандыққа салып қойып, не қоғамға, не өзіне көк тиын пайдасын тигізбей отырған жұмыссыздар армиясының күн санап өсіп келе жатуының бір себебі осы тәрізді. Ендігі бір себебі, мың рет айтылып, жүз рет жазылғанымен, масылдықтан арыла алмай отырғанымыз.
Ақмола облысы