Бүгінде Жамбыл аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің жергілікті полиция инспекторы болып қызмет атқаратын полиция аға лейтенанты Ержан Сексенбаев ішкі істер саласында 2015 жылдан бері қызмет атқарып келеді, деп жазады Egemen.kz
Әуелі Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінде сержант болып істеген. Бала күнінен құқық қорғау саласына қызығушылық танытқан Ержан осыдан бес жыл бұрын ішкі істер органдарына қызмет ауыстырады. Қазіргі кезде ол Жамбыл ауданы, Қаратөбе ауылдық округіне жауапты маман. Сол ауылдың тәртібі мен тыныштығы соның мойнында. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өзінің азаматтық борышы санаған жас полицей бүгінде жемісті жұмыс атқарып жүр.
Ержан Сексенбаев орын алған ауыр, аса ауыр қылмыстардың ізін суытпай ашу кезінде де өзінің біліктілігін көрсете білген азамат. Өткен жылы облыстың Жамбыл және Жуалы аудандарының шектесер тұсындағы «Күйік» тау бөктерінде адам өлімі болған еді. Қанды оқиғаның соңына түскен қырағы полицей көп ұзамай қарақшыны қолға түсірген. «Аталған тау бөктеріндегі шеңгел арасын аралап, күдіктіні ізін торуылдап жүріп ұстадық. Әрине, мұндайда өмірімізге қауіп төнетін кездер болады», дейді ол. Сонымен қатар, жоғалып кеткен әйел азаматты күн-түн демей іздестіріп, ақыры аман-есен тауып, жақындарымен қауыштырған азаматтығы да ауылдықтардың есінде. Жалпы алғанда, ел іші мәселесіз болмайды. Ұрлық, төбелес, ішімдік ішу және тағы да басқа сан түрлі қылмыс пен келеңсіздіктің алдын алу да оңай шаруа емес. Мұндай жағдайлар көбінде тұрғындардың да ішкі мәдениетінің төмендігінен де болады. Ал, осындай жағдайлардың бәріне жауап беру жалғыз адам үшін оңай болмасы анық. Сонымен қатар, Қаратөбе ауылы бүгінде жаңа құрылыс алаңына айналғандықтан, мұнда пәтер ұрлығы да көп екен. «Бұл – қазіргі кездегі негізгі мәселе. Көптеген жағдайда жергілікті тұрғындар бір жаққа шыққан кезінде үйлерін де, заттарын да қараусыз тастап кетеді. Содан кейін әрине ұрлық болады. Біз ауыл тұрғындарына осы мәселе төңірегінде жиі түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Одан соң, бүгінгі таңдағы тағы бір өзекті мәселе – отбасылық жанжалдың көбейіп бара жатқандығы. Бізге отбасылық жанжал мәселесі төңірегінде шақырту көп түседі», дейді Ержан Сексенбаев.
Әрине, тәртіп сақшысының міндеті – қоғамдық тәртіпті қадағалау, қылмысты мейлінше болдырмау, болмаса оның алдын алу. Бұл ретте таңертең үйінен шығып, түннің бір уағында ғана үйіне оралатын Ержан Сексенбаев өзіне артылған осынау міндетті жете түсінетінін айтады. Оның айтуынша, жастар ұрлық, ішімдік ішу, төбелесу сияқты түрлі деңгейдегі қылмыстардан осы кезден бастап аулақ болуы керек. Сол үшін күн сайын Қаратөбе ауылында түнгі сағат он бірден кейін жасөспірімдер арасында рейд жүргізіледі екен. "Бүгінде ауыл жастарының тәртібі жақсы. Егер көшеде түнде балаларды көріп қалсақ, олардың ата-аналарына да, өздеріне де ескерту жасаймыз. Себебі, баланың болашағы бүгінімен тікелей байланысты", дейді ол.
Бүгінде Жамбыл ауданының Қаратөбе ауылында полиция инспекторы болып қызмет атқарып жүрген Ержан Сексенбаев Жамбыл облысының Сарысу ауданы, Игілік ауылында дүниеге келіпті. Алайда, жұмыс бабымен Жамбыл ауданына қоныс аударған. Аға лейтенант бүгінде мемлекеттің ішкі істер саласының қызметкерлеріне тиісті қолдау көрсетіп отырғанын да жеткізді. Ол отбасымен мемлекеттің жеңілдігінің нәтижесінде, Тараз қаласынан пәтер де алған екен. Енді ол өзі сияқты жас отбасыларға, мамандарға тиісті мүмкіндігін жасап отырған мемлекетке адал қызмет етуді басты міндетім деп санайды. Өзінің темірдей тәртібімен, жүйелі жұмысымен көзге түскен Ержан Сексенбаев өңірдегі ішкі істер саласындағы басшылардан да лайықты марапаттарын алыпты. Сондықтан бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған полицей елімізде ешқашан тәртіпсіздік пен құқықбұзушылық болмаса екен деп тілейді. Әрі өзі де тұрғындарды тыныштыққа, татулыққа шақырып жүреді екен.
Жамбыл облысы