2020 жылы Ақтөбе облысында 1 млн 25 мың шаршы метр немесе 9700 тұрғын үй салу міндеті тұр. Бұл мақсатқа қаржыландырудың барлық көздері есебінен ағымдағы жылдың 5 айына 23 млрд теңге инвестиция бағытталған. Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.
Бүгінде облыс бойынша 1 547 баспана пайдалануға берілді, оның ішінде – 931 жеке үй.
"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2020 жылы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысына 21,1 млрд теңге бөлініп, 49 жоба іске асырылады. Осылайша 2 439 жұмыс орнын құру көзделген.
Ақтөбе облысында биыл 65 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй және кредиттік тұрғын үй пайдалануға беру жоспарда бар. Бұл – 1 142 пәтер. Аталған екі бағыттағы жұмысты іске асыру үшін 1800-ге жуық жұмыс орны ашылмақ.
Бұдан басқа, "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында 2% несие берілетін "Бақытты отбасы" бағдарламасын жүзеге асыруға ағымдағы жылы республикалық бюджеттен облыс әкімдігіне 302 тұрғын үй қарызына 3 млрд. теңге қарастырылған.
Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуге арналған 24 жобаны іске асыру үшін 7,9 млрд теңге қарастырылған. Бұл ретте 661 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.