...1989 жылдың 22 маусымы күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ХV Пленумы өткізіліп, осыған дейін Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі Төрағасы қызметін атқарған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – «көп тілеуі көл» болып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. «Көп тілеуі» деген сөзді әдейі қолданып отырғандағы себеп – оның алдында, 1986 жылы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев республика басшылығынан зейнетке шыққаннан кейін, СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы М.Горбачевтің шешімімен Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ, сырттан Г.Колбин басшылық қызметке жіберілген еді. Ол басқарған үш жыл Мәскеуге бағыныштылықтың, әсіресе біздің ұлтымыздың еңсесі езілген кезең болды. Осы бір жағдайдың өзі-ақ тәуелділік пен тәуелсіздік ұғымдарының маңызын аңғартса керек.
Сол күннен бастап Қазақстан басшысының республика жұртшылығының мүддесіндегі әрбір сөзі, әрбір бастамасы қалың елдің көңілінен шығып, Мәскеудегі Орталық билік біздің басшымызбен санасатын болып, еңсеміз көтеріле бастады. Нұрсұлтан Әбішұлы бірден одақтық институттардың ескіргенін, заман талабынан қалып қойғанын, әсіресе экономика, ұлт, басқарушы аппарат, кадр мәселелерінің шамадан тыс орталықтанып кеткенін, көптеген әдіс-тәсілдердің, кейбір шешімдердің әділетсіздігін, қаулы, қарарлардың жарамсыздығын, одақтық мәртебелі жиындардың мінберінен ашық, батыл сынға алды.
Бірер мысал: 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы студент-жастардың шеруіне байланысты 1987 жылы СОКП Орталық Комитеті арнайы қаулы қабылдап, сол құжатта «казахский национализм» деп баға берген. Нұрсұлтан Әбішұлы осы қаулының әділетсіздігін дәлелдеп, әлденеше рет СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросында көтеріп жүріп, қаулының күшін жойғызды. Бұл – билеуші Компартия тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға еді.
Бірінші хатшы болып сайланысымен бір айдан кейін Қарағандыдағы шахтерлер ереуілін тоқтатып, олардың талап-тілектерін Мәскеудегі Орталық билікпен бірлесіп шешу жолдарын белгіледі.
Ұлы Отан соғысындағы еңбегі, ерлігі қазақ шеңберінен алысқа шығып жүрсе де лайықты бағасын ала алмаған Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын бергізді.
Мемлекеттік басқаруды жаңғыртып, Республика Президенті лауазымын енгізді.
Семейдегі ядролық полигонды жапты.
Космодром қазақ жерінде болса да космонавтары болмаған елдің екі ұланы Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевты ғарышқа ұшырды.
1991 жылдың 15-16 желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған арнайы комиссияның ұсынысымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң ұзақ талқыланып, қабылданды.
Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын өткізіп, тәуелсіздік жылдары бір миллионнан астам қандасымыздың Қазақстанға келуіне есік ашып, жағдай туғызды.
Тәуелсіз мемлекетіміздің әлемдік дәрежеде көрінетін жаңа астанасын салдыруға бастамашы болып, ұлт мәртебесін өрлетті.
Осы сияқты еліміздің әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алуына, ғасырлар бойы арман болған Тәуелсіздік жеңістеріне Тұңғыш Президентіміз, Елбасы бастамашы болып, соңғы 30 жылда осыдан бұрынғы 300 жылда қолымыз жетпеген талай ұлттық армандарымызға жеттік.
Бүгінгі өміріміздің барлық жетістіктері, ұлтымыздың жаңа замандағы қайта өрлеп, өркендеуі, рухани, экономикалық еркіндігіміз, дүниежүзілік қоғамдастықпен, әлемнің дамыған ел, мемлекеттерімен тереземіз тең жағдайда қарым-қатынас жасау мүмкіндігіміздің барлығының да бастауы – біздің мемлекеттік Тәуелсіздігімізде. Тәуелсіздік – біздің ең басты құндылығымыз. Сондықтан да әрбір қазақ осыны түсініп, қадірлей, көздің қарашығындай сақтай алатындай санада болуымыз қажет. Тәуелсіз, дербес мемлекет құру кезеңінің өзі қазір тарихтың үлесіне көшіп барады. Өмірге жаңа ұрпақ келіп, жаңа буын қалыптасып келеді. Тәуелсіздік қарсаңында дүниеге келген буын есейіп, еңбекке, мемлекет қызметіне араласа бастады. Олар бүгінгі өмірді, әсіресе жаңа астанадан бастап, жаңа кескін-келбетпен салынып жатқан ірі қалаларымызды «дәл осылай ылғи өздігінен болып тұрған екен» – деп қабылдауы да мүмкін. Сондықтан да жаңа дәуірдегі мемлекеттің тарихын оқыту, жас ұрпақ санасына насихаттау ісі де маңызды.
Тәуелсіз мемлекет құру ісі мен Президент қызметі қатар жүретін егіз ұғым. Біздің мемлекет құру ісінде көңілге қонымды, рухани санамызды қуаттандыратын шараларымыз баршылық. Ол туралы белгілі дәрежеде айтылып та, жазылып та жүр. Мемлекеттігіміздің тарихында бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап, армандап, қол жеткізе алмай шерменде кеткені анық. Мемлекеттік дәрежеге біздің бүгінгі ұрпақ қол жеткізу бақытына ие болдық. Жүздеген жылда бұрын-соңды болмаған ғажайып өзгеріс, құбылыс бірнеше жылдар аралығында жасалып, ел игілігіне айналуы үйреншікті құбылысқа жалғасты.
1991 жылдың 18-19 тамызы күнгі Мәскеудегі билік өкілдерінің әрекетінің заңсыз екендігін айтып, ол «ұйымның» тапсырмаларын орындай алмайтындығын басқалардан бұрын жария еткен Нұрсұлтан Назарбаев болды.
Нұрсұлтан Әбішұлы шұғыл түрде, қысқа мерзімде жаңа мемлекеттік құрылымдар жасақтап, мемлекеттік басқару органдарын қайта ұйымдастыру туралы Жарлығын жариялады. Республиканың Қауіпсіздік кеңесі құрылды. Одақтық бағыныстағы мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың Қазақстан үкіметінің қарамағына көшуі туралы, Қазақстандағы СОКП мүлкі туралы, республиканың сыртқы экономикалық қызметінің дербестігін қамтамасыз ету туралы, Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы, Сыртқы істер министрлігін құру туралы, Баспа және бұқаралық ақпарат құралдары министрлігі туралы, Қазақ КСР-нің атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы, т.б. республика өміріне маңызды жарлықтар жедел, қысқа мерзімде қабылданып, өте ширақ жұмыс жүргізілді.
Елімізді, тіпті бұрынғы Кеңес Одағын дүр сілкіндіріп, рухты езген ауыр салмақтан, жанға батқан дерттен құтылғандай әсер еткен Президенттің ең батыл қадамы – 1991 жылдың 29 тамызында қабылданған «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығы болды. Бұл Жарлық Мәскеудегі Орталық биліктің қатты ренішін туғызып, әсіресе, әскери-өнеркәсіп кешенінің ықпалды басшылары Қазақстан Президентінің ешкімнің келісімінсіз өзіндік шешім қабылдауын қатты сынға алып, «мемлекеттің қорғаныс қабілетін әлсіретті» деген кінә тағуға да тырысып бақты. Семей ядролық полигонын жабу туралы хабар халықаралық дәрежеде үлкен назарға ілікті. Әлемдегі ядролық қаруға ие АҚШ, Англия, Франция сияқты мемлекеттер бұл полигонның болашағына алаңдаушылығын білдіріп, Қазақстан басшылығымен келіссөздер жүргізе бастады.
Сол кездегі қарама-қайшылықты процестерге сараптама жасай отырып, өзінің «Ғасырлар тоғысында» кітабында Н.Назарбаев былай деп еске алады: «..Тіпті Кеңес Одағы әлі бар кезден бастап «ақыл айту» көбейді. Сонау 1991 жылдың 16 наурызында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер мені АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігіне шақырды. Түн ортасы ауа кездестік. Бейкер елдегі жағдайды білгісі келді. Бірақ сол кезде-ақ, Батыс ядролық қару мәселесін шешуге жол іздей бастағаны аңғарылды. Бұл турасында сол жылғы 16 қыркүйектегі Алматы ұшырасуында ашықтан ашық сөз болды» (Н.Назарбаев. Ғасырлар тоғысында. 1996 ж. Алматы. 60-61 беттер).
Сол тұста қоғамда ядролық қаруға неге өзіміз ие болмаймыз деген сұрақ та көтерілген. Президент дәл осы бөлімде: «...мұндай стратегиялық шешім үшін Қазақстан не алады?...» деп сұрақ қойып, соған нақты жауапты төмендегідей баяндайды: «(...1994 жылдың 5 желтоқсанында Будапештте өткізілген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ)) саммитінде Қазақстан, Ресей, АҚШ және Ұлыбритания басшылары Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қосылған елдердің қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы Меморандумға қол қойды. Соңынан Қазақстанға мұндай кепілдікті Франция мен Қытай сияқты басқа да ядролық мемлекеттер берді. Бұл әлемдік қауымдастықтың Қазақстанның өз міндеттемесін орындауын мойындайтынын және оған жауап есебінде қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығына кепілдік беретінін білдіретін». (Н.Назарбаев. Тәуелсіздік дәуірі. 97-бет. Астана. 2017).
Кітаптың осы тарауының менің көзіме ыстық көрініп, көңіліме айрықша қонуының өзіндік себебі де жоқ емес. Сол 1994 жылы мен сол кездегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасары ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының шешімімен Будапештте өткен ЕҚЫҰ-ның тарихи саммитіне қатысу бақытына ие болған едім. Ол саммиттің мен үшін қымбаттығы жоғарыда айтылған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясы Президенті Борис Ельцин, Ұлыбритания Премьер-министрі Джон Мейджер, АҚШ Президенті Билл Клинтон қатысып, бір стол басына бірге жайғасып, аталған Меморандумға қол қою рәсімін өз көзіммен көріп, куә болуым еді. Бұрын мұндай теңдік тек Кеңес Одағының басшысына ғана тән болса, тәуелсіз мемлекеттігіміздің арқасында біздің Президентіміздің әлемнің ең қуатты мемлекет басшыларымен иық теңестіріп тұруын көру делегация мүшелерінің ұлттық ұжданын ерекше көтергені де рас еді.
Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен біз толыққанды мемлекет болып қалыптастық. Ізгілікті, зайырлы ел ретінде, озық өркениетке қабілетті мемлекет, ұлт болып халықаралық, әлем дәрежесінде танылдық, қабылдандық. Еңсеміз көтеріңкі ел екенімізді сезініп, әлем елдерінің алдында да көрсете алдық.
Бұл – Президент қайраткерлігінің, мемлекет басшысы ретінде тәжірибелі саясаткерлігінің еңбегі. Сол орасан елдік еңбектің жемісі, нәтижесі.
Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекетіміздің тәуелсіздігіне азамат ретінде де, басшы лауазымды қызметкер ретінде де мол дайындықпен келді. Бұрынғы Кеңес Одағының Орталық билігі жіберген қателіктерін жіті қадағалап, мұқият сараптап, олардың біздің республикамызда қайталанбауына дер кезінде білікті шара қолданып, көп жағдайдың алдын алып жүрді. Олай болуына Елбасының өткен адами өмір жолы, жастайынан қоғамның ең күрделі күретамырына батыл араласып, қандай да сыннан қорықпай, тайсалмай, қиындықтардан жалтақтамай, желдің өтінен бұқпай еңбек етуі себеп болды. Шымыр, шыншыл, ашық ортада шыңдалды. Әділдік үшін ең қиын кезеңдерде айқаса білді.
Мемлекеттік тәуелсіздігімізді жария еткен алғашқы сәттен бастап, бүгінгі күнге дейінгі барлық жетістіктеріміз бен көрген жақсылығымыз, дербес мемлекетіміздің қуаттануы мен көркеюі ең алдымен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен, еңбегімен, басшылығымен тікелей байланысты. Президенттің қазақ халқы алдындағы, мемлекет алдындағы атқарған қызметі зор, еңбегі ерен, ұлттың жаңа дәуірін бастаған ұлы Тұлға.
Қазақ – өзінің шынайы тәуелсіз еркін ел екенін сезініп, өзінің төл мемлекеті үшін сөз сөйлеп, дауыс беріп, еңбек етер құқығына ие болғанына ұжданы өскен жылдар осылай басталып еді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін қысқа мерзімде, бір жылға жетер-жетпес уақытта 160-тан астам мемлекет Қазақстан мемлекеттігін танып, дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға келісімдерін білдірді.
Президент шұғыл түрде Қазақстанның сыртқы саясатының тұжырымдамасын, әскери доктринасын жария етті. Ел ішіндегі жаппай реформалар мен кезек күттірмес мемлекет құру жұмыстарын бір сәтке де кідіртпестен, дүниежүзілік қоғамдастықтың белсенді мүшесі болып, басқа елдермен тең терезелі, достық қарым-қатынас орнатуға екпін беріп, күш салды. «Жарғақ құлағы жастыққа тимей» дүниені шарлап жүріп, жаңа Қазақстанды таныстырып, дос іздеп, тілектес жинады. Бұрын «қазақ» деген сөзді естіп көрмеген президенттер, корольдер біздің Елбасының жарқыраған маңдайын, жарқылдаған көзін, өтімді сөзін, жасампаздық қайратын, қыран қанаты қалықтап, желбіреген көк туын көріп, қуатты әнұранына құлақ түріп, құшағын жайғанда қазақтың мәртебесі көкке көтерілді.
Президенттің басқа елдерге әрбір сапарының өзі бір емес, бірнеше мақалаға жүк. Қазақтың көк туын көтеріп жүріп, елін басқалармен тең етті. Бөтендердің қазаққа деген сенімін тұрақтандырып, соның арқасында ел экономикасына қысқа мерзімде миллиардтаған инвестиция ағылды.
Нұрсұлтан Әбішұлының сыртқы саясаттағы көрегендігінің әлденеше рет куәсі болдық. Соның бірі – 1992 жылғы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 47-сессиясында сөйлеген сөзіндегі Азиядағы өзара сенім шаралары Кеңесі (АӨСШК) туралы ұсынысы. Бастапқы кезде, әсіресе шетелдік әріптестер бұл ұсынысқа терең мән бере қоймағаны белгілі. Біздің Президент, сол жылдары Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев қажымастан, күмәнданбастан, қобалжымастан осы бағыттағы Қазақстанның дипломатиялық ұстанымын он жыл үзбей жүргізуінің нәтижесінде 2002 жылы Алматыда Азиядағы 17 мемлекет басшылары негізгі мүше ретінде, ал 5 мемлекет басшылары бақылаушы дәрежесінде қатынасқан бірінші басқосуы болып, бұл Азия континентіндегі осындай өзара сенім сипатындағы тұңғыш халықаралық ұйым болып қалыптасты.
Қазір жүйелі жұмыс жасап, өз дәрежелерінде таным, сенімге ие болған ТМД, Еуразиялық Экономикалық Одақ, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ), Кедендік Одақ біздің Президентіміздің бастамашылдығымен құрылып, осы ұйымдарға кіретін барлық елдердің ынтымақтастығы мен бейбіт қарым-қатынасына, игілікті дамуына жұмыс істеп жүрген ұйымдар.
Қазақстанның ТМД елдерінің арасында ең алғашқысы болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің өзі – біздің еліміздегі экономикалық, саяси реформалардың тиімді жүргізілуі, жаңа Қазақстанның әлемде танылуы және Президентіміздің халықаралық беделінің танылып, мойындалып, өсуінің көрінісі болған жаңа дәуірдегі мемлекеттігіміздің тарихи көрінісі.
Тәуелсіз Қазақстанның көршілес мемлекеттермен шекарасын анықтап, толық қамту – Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесіне тиді. «Тиді» дегенде, ол өздігінен келе қойған жоқ. Солай боларына салиқалы, дәйекті келіссөз жүргізіп, өз әріптестері – мемлекет басшыларының көзін жеткізіп, тілін тауып, мәмілеге келе алғандығын айту маңызды. Ол жұмыс бүгінгі Қытаймен қарым-қатынастан басталды. Жалпы, Қытай мемлекеті, елі заңды, қол қойылған құжатты қатты сыйлайды. Дәстүрлі түрде заң тыңдағыш, заң сыйлағыш халық. Мәнісін қысқа қайырып айтар болсақ – Қытай ежелден өзімен шекаралас мемлекеттердің ешқайсысымен шекаралық келісімге қол жеткізуге мүдделі болмаған. Тіпті Кеңес Одағының дәуірлеп, күшейіп тұрған кезінде шекаралық келіссөздерді тығырыққа тіреп отырған. Ол үшін шартты «даулы учаскелер» болды.
Сол тоңды 1995 жылдың қыркүйегінде Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға ресми сапары кезінде Қытай Төрағасы Цзян Цзяминмен келіссөзінде жібітті. Келіссөздерге бөгет болып келген «даулы учаскелерді» екі жақтың мүддесін сақтай отырып, қарастыратын болдық. Осыдан кейін-ақ шекара келісімі туралы келіссөздер өз уақытында және нақты нәтижемен жүргізілді. Қытай Төрағасы 1996 жылдың 4 шілдесінде Қазақстанға тұңғыш сапары кезінде өткен кездесу кезіндегі қол жеткізген келісімдерді толық қолдап, Қазақстан – Қытай қатынасын тек қана достық бағытта дамытатынын айтты. Протоколдан тыс кездесу кезінде: «Президент мырза, шекара мәселесі ең сезімтал жер. Сіз мәселені дұрыс қойып жүрсіз. Мен Төраға кезімде осы тарихи мәселені бітіріп алайық», – деп ықылас білдірді.
Сонымен, 1997 жылдың қыркүйегінде Алматыда бірінші қосымша келісімге (келісім көлемі – 1300 бет), 1998 жылы қазанда Бейжіңде – екінші қосымша келісімге, ақыры 1999 жылы қарашада Қазақстан – Қытай шекара мәселелерінің толық реттелуі туралы Коммюникеге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ҚХР Төрағасы Цзян Цзяминь қол қойып, ғасырлар бойы шешілмей келген Қазақстан – Қытай арасындағы 1784 шақырым шекара заңдастырылды. Ол келісімдер екі жақтан да ратификацияланып, БҰҰ-да мақұлданды.
Қытай өзімен шекаралас 15 мемлекеттің ішінде Қазақстанмен бірінші болып, толық шекаралық келісімге қол қойды. Енді барлық карталар сол келісімге сәйкес жасалатын болды.
Осыдан кейін – 2005, 2006 жылдары Қазақстан – Ресей арасындағы 7 500 шақырым шекара заңдастырылды. Бұл келісімге Ресей жағы да мүдделі емес еді. Оның үстіне кезінде шекараға байланысты Солженицын, Горбачев және тағы басқа саясаткерлер айтқан арандатқыш пікірлер де Ресей қоғамының кейбір орталарында тілге тиек болып жүргенін ескерсек, бұл келісімнің тарихи маңызы зор.
Сол сияқты басқа да көршілес елдер – Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан мемлекеттерімен құрылық шекара келісімдерінің тарихи маңыздылығын дәлелдеп жатудың қажеті бола қоймас.
Қазақтың мүддесін қорғайтын осындай тарихи маңызды нақты іс әрекеттерді жүзеге асырып, шешім қабылдау бақыты тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үлесіне тисе – өзінің еңбегіне қарай, тарихи жеңісі деп айту әділдік болар.
Ғасырлар бойы Еуразияның кең даласын кезіп, жан сақтап, ұрпақ сақтау арқылы жерін сақтау үшін жанын пида еткен қазақтың әлемнің озық елдерімен, өркениетімен қатынасып, бойын теңестіріп, өркендеуге бет алған қозғалысы – осы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған қазақтың жаңа дәуірі.
Осы дәуірде қазақ не істей алады, ұлттық санамыздың сапасы, мүмкіндігі қандай болмақ. Біз кімбіз, қандай боламыз, – әрине, мұның бәрі жалғыз ел бастаушы Президентке ғана емес, бүкіл ұлтқа, елге сын.
Нұрсұлтан Әбішұлы сондай-ақ президенттік биліктің ауыстырылуын да әлемге үлгі боларлық шешіммен екінші Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа ұлт мүддесінің аманаты деп тапсырды.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты