• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 24 Маусым, 2020

«Аянның» абыройлы ісі

312 рет
көрсетілді

Жер­гілікті жерде өнім өндіру ай­рықша маңызға ие. Ал өндір­ген өнім талғампаз тұты­ну­шының көңілінен шығып, абы­ройға ие болса ше?

Осыдан үш жыл бұрын Анар стансасында «Аян» диірмен-макарон комбинаты пайдалануға берілген болатын. Аз уақыттың ішінде өндірген өнімдерінің сапасымен тұтынушылар тарапынан тәуір баға алып үлгерді. Қазіргі тұтынушының талғамы да қатаң. Нарық қағидасына сай дәмі, түсі, иісі көңілден шықпаса, өндірген өнімі сауда сөресінде жатып қалуы да ықтимал.

Негізінен, Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының дастарқанына адал дәмін ұсынатын ұжым ең алдымен өздері өндіретін өнімнің сапасы мен бағасының қолжетімділігіне басты назар аударады. Макарон өнімдері бидайдың қатты сорттарынан барлық технологиялық тәртіпті сақтай отырып, италиялық құрылғыда дайындалады.

Жоба құны – 3 млрд теңге. Оның 1 млрд теңгесі өз қаржылары болса, 2 млрд теңгені несиеге алған. Тәулігіне 150 тонна бірінші, екінші, үшінші сортты ұн үгуге қуаты жетеді. 11 түрлі, жалпы көлемі 20 тоннадан астам макарон өнімдерін дайындайды. Қазір комбинатта 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Айлық орташа жалақы 90 мың теңгені құрайды. Жұмыс көзі табыла бермейтін ат төбеліндей станса үшін бұл үлкен көмек. Жұмысшыларға да қолайлы жағдай туғызылып отыр. Шеттен келіп еңбек ететіндерге арналып қонақүй тұрғызылған.

Елорданы азық-түлікпен қамту белдеуінде орналасқан комбинаттың қарекеті көңіл тоғайтарлық. Ауыл шаруашылығы өнімдерін дәл осылай өңдей білсек, өрге шығарымыз сөзсіз.

 

Ақмола облысы,

Аршалы ауданы