Атырауда карантиндік шектеу шаралары қайтадан күшейтілді. Неге? Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, маусым айына дейін қауіпті індетті жұқтырғандар «Теңіз» кенішіндегі мердігер компаниялардың жұмысшыларынан ғана анықталып еді. Екіншіден, Атырау қаласы мен аудандарда бұл індетке шалдыққандар көп кездеспеген болатын. Алайда маусымнан бері ахуал басқаша қалыптасып отыр.
Мәселен, «Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметінің хабарлауынша, маусымның басынан бері Жылыой ауданындағы Терең-Өзек, Қисымбай, Қызылқоға ауданындағы Кенбай кен орындарында «Ембімұнайгаздың» 62 және мердігер компаниялардың 55 қызметкерінен коронавирус анықталып отыр. Бұған қоса, міндетті скрининг кезінде «Ембімұнайгаздың» 19 жұмысшысынан да вирус жұқтыру жағдайы тіркелді. Барлық жұмысшылар қажетті ем алу үшін Құлсары және Атырау қалаларындағы жұқпалы аурулар ауруханаларына жатқызылды. Симптомсыз ауырып жатқан жұмысшылар отбасының өзге мүшелерінен оқшауланып, үй карантиніне орналастырылыпты. Ал үйде оқшаулау талаптарын сақтауға мүмкіндігі жоқ адамдар Атырау қаласының Береке шағын ауданындағы арнайы жабдықталған үйлерде карантинде жатыр. ПТР-тестері теріс нәтиже көрсеткен жұмысшылар жұмыс орындарында бақылауға алынды.
Осындай деректердің тіркелуімен Қызылқоға ауданындағы Миялы ауылында карантин, Мұқыр ауылына шектеу енгізілді. Ал Жылыой ауданында карантин мерзімі 2 шілдеге дейін созылды. Құрманғазы ауданының Ақкөл ауылы да карантинге жабылды. Тіпті Атырау қаласында індетті жұқтырушылар қатары көбейіп барады. Қазір коронавирус инфекциясы Атырау қаласы мен барлық ауданда тіркеліп, жалпы саны 1362-ге жетті.
Қауіпті індет адамның жасына да, атқаратын жұмысына да қарамайтыны аңғарылып отыр. Осыған дәлел ретінде бірнеше мысалды алға тартуға болады. Біріншіден, атыраулықтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға үндеген бұрынғы бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Темірбек Мұсағалиевтің өзі де коронавирустың «қақпанына» түскенін әлеуметтік желі арқылы хабарлады. Ол қазір Ұлттық сараптама орталығының Атырау облыстық филиалын басқарады.
– Мен тапсырған ПТР-тест қорытындысы оң нәтиже көрсетті. Мен санитарлық қорғаныс талаптарын қатаң сақтап, маска тақтым, қолғап кидім. Қолыма дезинфекция жүргіздім. Сіздер секілді коронавирустың мені айналып өтетініне сенімді едім. Бірақ олай болмай шықты. Вирус қалаға кірді, – деп жазды Темірбек Мұсағалиев.
Қазір бұл филиалда директордан өзге тағы 13 адамның індетке шалдыққаны анықталды. Олардың бәрі әкімшілік персоналда жұмыс істегендіктен, осындағы зертханаға қатысы жоқ болып шықты. Ал орталық ғимаратта дезинфекция жүргізіліп, зертхана қалыпты режімде жұмысын жалғастыруда.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис Таңбаеваның мәлім етуінше, 180 кереуетке есептелген инфекциялық стационарда 193 пациент ем алып жатыр. Жансақтау бөлімінде жатқан жеті пациенттің үшеуінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
– Қазір №2 облыстық инфекциялық ауруханадағы инфекциялық стационар науқастарға толып болды. Сол себептен, келесі аптада Махамбет ауданынан инфекциялық стационар ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді Гүлнафис Таңбаева.
Соңғы бір аптада қауіпті індетке шалдыққан бес адам көз жұмды. Жалпы, қайтыс болғандар – 8 адам. Міне, осындай себептер Атырау қаласы мен Атырау облысы аумағында карантиндік шектеу шараларының қолданылуы эпидемиялық жағдай толық тұрақтанғанға дейін созуға себеп болып отыр.
Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Амантай Жұмағалиев қол қойған қаулыға сәйкес, енді тұрғындар мен жеке көліктердің түнгі сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге жүруіне болмайды. Сондай-ақ ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, отбасылық, еске алу шараларын (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, ас берулер), соның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге, қоғамдық орындарға, оның ішінде алаңдарға, саябақтарға, жағалауларға баруға, меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі балалар ұйымдарының қызметіне тыйым салынып отыр. Қала сыртындағы сауықтыру орталықтарының және мектеп жанындағы лагерьлердің, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің, интернет пен компьютерлік ойын клубтарының және адамдар көп шоғырланатын басқа да нысандардың қызметі тоқтатылды. Сонымен бірге діни нысандар қызметіне және халықтың онда баруына тыйым салынды.
Әзірге эпидемиялық ахуалдың қашан тұрақталатыны, соған орай карантиндік шектеу шараларының қашанға дейін созылатыны белгісіз. Өйткені тұрғындар арасында қауіпті індетке шалдығу тоқтар емес. Ал тұрғындардың өздерінен әлі де сақтық шараларына немқұрайды қарау мен бейқамдық байқалады. Тегінде жақыныңа жанашыр болу қажеттігін әркімнің ұғынғаны жөн ғой.
Атырау облысы