• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Оқиға 28 Маусым, 2020

Медиакеңістік: мүмкіндік пен бар шындық

2987 рет
көрсетілді

Медиа саласы жылдан жылға түрленіп, технологияның дамуымен бұрынғы шеңберінен шығып, тұтынушыға жаңа формалар мен форматта ақ­парат ұсынып келеді. Қа­зір хабар таратудың алуан түрлі жолы мен тәсілі бар. Қо­ғамда дәстүрлі БАҚ жаңа медианың көлеңкесінде қалып қойды деген пікір де айтылып қалады. Десе де жаһандағы соңғы оқиғалар аудиторияның сенімді ақпарат көзіне деген сұранысы әлі де жоғары екенін айқын көрсетті. Әсіресе әлеуметтік желі мен Интернет порталдардағы қап­таған кү­мән­ді хабарлардың қасында сапалы дүние ұсынған дәстүрлі БАҚ-тың дараланып тұратыны сөзсіз.

 

Жаһанды жалған ақпарат кезіп жүр

БАҚ туралы сөз қозғағанда көш бастап тұрған Батыс елдерінің медиа саласына, ондағы соңғы трендтер мен қазіргі жағдайға тоқ­талмай кету мүмкін емес. Дүние жү­зін­дегі бұқаралық ақпарат құрал­дары әр елдің ерекшелігіне қарай түрленсе де, барлығына ор­тақ дүниелер де бар. Технология дәуі­рінде дәстүрлі БАҚ-қа сұраныс төмендейді деген пікір әр жерде айтылып қалады. Алайда бүгін көріп отырғанымыздай, газет, радио, телевизия не интернет болсын, керісінше өзара ықпалдасып, бірін-бірі толықтырып жатыр. Сарапшылар бірауыздан медиа саласы үлкен трансформацияға ұшырағанын айтады.

1960 жылдың өзінде канадалық зерттеуші Маршалл Маклюэн телевизия болашақта «жаһандық ауыл құрады» деп болжаған екен, онда «уақыт тоқтап, кеңістік жоғалады». Канадалық зерттеушінің айтқаны айнымай келді. Дегенмен жаһан­дану мен технологияның саланы қалай түрлендіретінін ешкім дәл бол­жай алмаса керек. Қазір шекара, мәдениет, ұлттық ерек­шеліктер тү­сінігі де біртіндеп жойы­лып бара жатқан тәрізді. Бұл өзгерістің дұрыс-бұрыстығы өз алдына бөлек әңгіме. Бұл жердегі мақсат – БАҚ-тың ғалам­дық рөлін айқындау. Әдетте медиа түсінігіне қолымыздағы телефон мен барлық байланыс құ­ралын, көңіл көтеруге арналған кез келген технологиялық құрылғы мен әлеуметтік желіні де қосады. Алай­да біз қарастыратын мәселе ресми тіркелген БАҚ төңірегінде болмақ.

Интернеттің игілігін өз кәдесіне жаратқан ақпарат құралдарына қазір қандай да бір шектеу қою қиын. Сала сарапшылары, медиа зерттеушілер мен кәсіби маман­дар соңғы жылдары жалған ақпаратпен, яғни «фейкпен» күрес мәселесін жиі көтеріп жүр. Осыдан  20 жыл бұрын АҚШ-та «деректерді тексеру» – ағылшынша «fact-checking» ұғымы да пайда болған-ды. Бұл бағытта жасалған шетелдік зерт­теулерден көз сүрінеді. Зерт­теу­мен шұғылданатын арнайы ұйым­­дар мен редакциялар да бар. «Әлеуметтік желі арқылы тексе­рілмеген, жалған, фейк ақпараттың таралу жылдамдығы кәсіби дең­гейде жазылған ақпаратпен са­лыс­тырғанда 70 пайызға жылдам заманда БАҚ үшін ең бас­ты мәселе – тұтынушы сеніміне селкеу түсірмеу. Қазір жылдам, эксклюзивті хабар таратамын дегенді басты қағи­да етіп алған журналистер осы жағынан көп сүрінеді. Бұл – отан­дық және шетелдік журналистерге ортақ негізгі мәселе», дейді медиа зерттеуші Әлия Текенова.

Жалған мәлімет тарату – бүгінгі ақпарат саласының бас­ты ауруы десек артық болмас. Бұған, әсіресе пандемия кезінде нақты көз жетті. Дүние жүзінің дәрігерлері жаппай белгісіз вируспен, ал миллиондаған адам өз өмірі үшін күресіп жатқанда жаһанда тағы бір індет пайда болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны «инфодемия» деп атап, одан келетін қауіп коронавирус­пен бірдей екенін ескертті. Міне, осыдан-ақ ақпараттың қандай күш­ке ие екенін аңғару қиын емес. Ең сорақысы – осы жалған, расталмаған деректердің ресми БАҚ-та да кездесетіні.

Жалған ақпаратты ноқталаудың бір шешімі мамандардың білікті­лігін арттырып, деректерді тексеруге үйрету болса, екіншісі тұ­ты­нушының өзіне келіп тіреледі. Қазіргідей ақпарат теңізінде өмір сүріп жатқан адамға сыни тұрғыда ойлап, өз талғамын қалыптастыру өте маңызды болмақ. Қазір қайда барсаң да, кіммен сөйлессең де, теле­фоныңды қолға алсаң да, жаңа нәрсе көресің не естисің. Осыған орай соңғы кезде бұқаралық ақ­парат құралдары өз аудиториясын «тәрбиелеуге», оларға қамқорлық танытуға тырысуы керек деген тү­сінік қалыптасып келеді. Жалпы, дү­ние жүзінде медиа сауаттылық мәселесінің өзектілігі жылдан-жыл­ға артуда. Әсіресе бұл жас ұр­пақ үшін өте маңызды, себебі технологияның дамыған дәуірінде дүниеге келген балалар жастайы­нан сол қазанда қайнап өсетіні белгілі. Калифорния-Сан Диего университетінде жүргізілген зерттеуге сүйенсек, адам күніне 34 гигабайтқа тең ақпарат өңдейтін көрінеді. Бұл ең мықты деген ком­пью­тердің өзін бір аптада істен шығаруы мүмкін. Ғалымдар, сон­­дай-ақ адам күніне 105 мың сөз қабылдайтынын айтады, бұл деге­німіз секундына 23 сөз. Осы­лайша жалған ақпаратпен кү­ресте тиімді шешімдердің бірі – аудиторияға ақпаратты сұрыптауды үйретуге келіп саяды. Сондықтан да көп­теген елдер медиа сауаттылық са­бағын мектеп бағдарламасына енгізе бас­тады. Одан бөлек қосым­ша курстар мен семинарлар жиі өтк­ізіледі.

Ақпараттың адам санасына­ әсерін талдаған зерттеушілер қа­зір­гі таңда тұрғындардың бар­лық мәліметті сол күйінде қабыл­даудың орнына, өзіне керегін алып, керек емесін ысырып қоюы­ның маңыздылығын алға тартады. Бұл ретте қоғам, БАҚ пен үкі­меттің бірлесе жұмыс істеуі ше­шуші рөл ойнамақ. Жоғарыдағы мә­селелер ғаламдық БАҚ үшін ғана емес, еліміздің ақпарат саласы үшін де өзекті мәселе екені сөзсіз. Жалған ақпарат таратқандар бір күндік назарға іліккенімен, ұзақ уақыт жинаған беделінен сол мезетте айырылуы мүмкін екенін ескергені жөн болар. Қазіргі ең басты «әлеуметтік капитал» сенім болған тұста объективті ақпараттың бәсі әрдайым биік болары хақ.

 

Сұранысты сапалы контент көбейтеді

Жақында Ақпарат және қо­ғамдық даму министрі Аида Балаева отандық БАҚ саласын да­мыту мәселелеріне арналған ал­қалы жиын өткізді. Шараға қатыс­қан білікті мамандар, зиялы қауым өкілдері мен сарапшылар саланы ілгерілетуге қатысты ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Бұл кездесуде БАҚ-тың мем­лекеттік жүйедегі маңызды рөлін атап өткен министр саладағы өзекті мә­селелерге де тоқталды.

Қазақстанда барлығы 3600-ден астам БАҚ тіркелген. Олар­дың ішін­де ең танымал ақпарат құралы әлі де телевизия болып тұр. Интернет-ре­сурс­тар екінші орынға орналасса, дәстүрлі басы­лымдар үшінші орын­да. Деген­мен интернеттің дамуымен бұл көрсеткіш алдағы жылдары өзге­ріске ұшырауы да ғажап емес. Шетелдік және отандық мамандар онлайн БАҚ-қа сұраныс жыл сайын өсіп келе жатқанын айтады. Елімізде әлі де интернет жетпеген елді мекендердің бар екенін ес­керсек, телевизияның ең танымал ақпарат құралы болуы – заңдылық. Цифрландыру жоспары бойынша биыл 880 ауылдың кең жолақты интернетке қосылуы БАҚ саласына да өзгеріс әкелуі ықтимал.

Жалпы, ақпарат саласындағы басты жаңалықтар Үкімет бе­кіткен 2020-2022 жылдарға ар­нал­ған «Ақпарат саласын дамы­тудың ұлт­тық жоспарына» сәйкес енгізіледі. Ведомствоның алдағы жоспарлары мен бастамалары осы құжатта жазылған. Оған сәй­кес отандық ақ­парат кеңістігін дамытудың үш негізгі бағыты анықталған. Олар – бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін артты­ру, кадрлар­ды даярлау және ақпа­рат саласын­дағы заңнама мен құқық­тық мәселелерді пысықтау. Ал са­ла­дағы бәсекелестікті арттыру үшін, ең алдымен, мемлекеттік қол­дау тәсілдерін қайта қарау керек екені айтылады. Құжатта осыған байланысты жаңалықтар материалдарын өндіруге мемлекеттік ақпараттық тапсырыстан қаражат бөлуді алып тастау ұсынылады. Осылайша ақпарат құралдарының басқа әлеуметтік маңызы бар та­қы­рыптарды қаузауына жол ашуды көздейді. Контент тақы­рыбы саладағы ең өзекті мәсе­ленің бірі екені анық. Ол туралы кәсіби мамандар ғана емес, тұтынушылардың өзі талайдан бері айтып келеді.

Журналистік зерттеулер,­ шо­лу материалдары, сарап­та­ма­лық бағдарламалар мен мақа­лалар отандық БАҚ-қа ауадай қажет. Себебі қазіргі ақпарат құрал­да­рындағы кейбір материал­дардың сапасы сын көтермейтіні тағы бар. Бұл мәселе көп жағдайда қаржыландыруға келіп тіреледі. Мемлекеттен қолдау алатын БАҚ оқырманның сұранысынан гөрі, эфирді толтыру не жоспар­ды уа­қытында орындауға көбірек мән беретіні белгілі. Сапалы контент ұсы­ну арқылы жазылушылар санын көбейту әбден мүмкін екенін шетелдік БАҚ тәжірибесінен көруге болады. Мәселен, британиялық «The Guardian» газеті материалдардың сапасы мен түпнұсқалығына баса назар аударып, жаңалықтар санын қысқартқан. Осылайша басылым аудиториясы екі есеге артқан.

Министрлік ұсынған құжатта мемлекеттік тапсырма мен тап­сырыс шеңберінде талдау мате­риал­дарының үлесін ұлғайту мүмкіндігін қарау қажеттілігі де көтерілген. Бұл өз кезегінде материал сапасын арт­ты­рып, БАҚ-қа тұрақты аудитория жинауға көмектессе, отандық ақпарат құ­рал­дарына өздігінен жазылушылар есебінен қаржы табуына жол ашылар еді.

Республикалық БАҚ оқырман тарту, сапалы контент, заман талабына ілесу, жаңа технологияларды мең­геру секілді мәселелерге бас қатырса, ал аймақтардағы ақпа­рат құралдары орталықтағы әріптес­терімен бәсекеде кейін қалып отыр. «Жаңа медианың дамуымен ай­мақ­тық БАҚ қиындықтарға тап бол­ды. Себебі ақпарат агент­тіктері арқылы, әлеуметтік желіде хабар жедел тарайды. Сол себепті аймақтық БАҚ-қа сұ­­ра­ныс азайып, коммерциялық табыс төмендеді. Оған кадр тап­шылығы, техниканың ескіруі секілді мәселелер тағы қосы­­лады», дейді «Semei» телеарнасы директорының орынбасары Бек­тұрсын Зікібаев.

Жалпы, бүгін мәтін форматын­дағы материалдарды мультимедиа алмастыруға көшті. Оған ды­быстық және бейне иллюстрация­ларды тағы қосыңыз. Ұлттық жос­пар­да кадр мәселесінде түрлі медиаөнім даярлай алатын әмбебап мамандар туралы да айтылған, әсіресе жергілікті жерлердегі жур­налистердің біліктілігін көтеру мә­селесі өзекті. Осыған қатысты пікір білдірген Бектұрсын Зікібаев жос­парда көрсетілген холдинг құру процесін аймақтарда жаппай іске асыру қажет екенін атап өтті. «Сол арқылы өңірлердегі бүкіл ақпарат құралдарын бір шаңырақтың астына жинап, шығынын азайтуға болады. Үнемделген қаржы есебінен техниканы жаңартып, әлеуметтік желідегі белсенділікті арттырып, заман сұранысына сай тәсілдерді енгізуге мүмкіндік туады. Шығын қысқарғаннан кейін, мамандардың жалақысын көбейтіп, олардың біліктілігін үнемі арттырып тұруға жол ашылады», дейді маман.

Жақын жылдары жүзеге аса­тын Ұлттық жоспар бойынша кадр даярлау мәселесі негізі ба­ғыт­тардың бірі болып тұр. Оған сәйкес, жүйені қайта қарап, ха­лық­аралық стандарттарға сәйкес­тендіру ұсынылған. Білікті, бәсе­кеге қабілетті мамандар даярлау үшін Медиаиндустрия академия­сы құрылуы мүмкін. Қазір болашақ мамандарды еліміздің жоғары оқу орын­дарының журналистика фа­куль­теттері даярлайды. Журна­лис­терді төрт жыл университет қа­быр­­ғасында оқыту мәселесі де қоғамда ара-тұра көтеріліп жүр. Біреулері журналистика арнайы оқуды қажет етпейді десе, екінші топ дәстүрлі оқу жүйесі қажет еке­нін алға тартады. Сала мамандары тек жүргізушілер мен дикторлардан тұрады деп ойласақ, арнайы оқудың қажеті де болмауы мүмкін. Бірақ кино секілді медиа­өнімді де әзірлеуге «сахна сыртында жүретін» бір топ маман қатысады. Ал дайын жұмыстың сапасы тікелей солардың біліктілігіне байланысты. БАҚ қызметі күнде тауар дайындайтын зауыт секілді көрінгенімен, оның қоғамдық пікірге әсер етуде ойнайтын идео­логиялық рөлі орасан. Осы себеп­ті де арнайы кәсі­би даярлығы жоқ маманның өрес­кел қате жібер­месіне кім кепіл? Жур­налис­ти­ка факультеттерінде тео­рияға қара­ғанда практикалық сабақ­тарға басымдық беру – оң шешімнің бірі болмақ. Академиялық даярлық қай мамандық иесіне болсын қажет, тек соны тиімді үйлестіре білу – бас­ты міндеттердің бірі. Отандық ақ­парат құралдарының бәсекеге қабі­лет­тілігін арттырып, заман талабына, қоғам сұранысына жауап беретін дүние ұсынуын қадағалауға келгенде ұлттық жос­парға үлкен үміт ар­ты­лады.

«Қолында ақпараты бар адам әлем­ді басқарады» деген көпке белгілі сөздің растығына күмән келтіру қиын. Қанша айбынды басшы не көш бастаған алып мемлекет бол, кім болса да әлемге өз әмірін жүргізетін төртінші билікпен санасуына тура келеді. Әлемдік медиакеңістікте ұлттық БАҚ-тың төрт құбыласы түгел болсын десек, бәсекеге қабілетті дүние жасауға бейімделгеніміз абзал.