Көшбасшылық жөніндегі еңбектердің басым бөлігінде қарастырылған мәселелердің бірі – басшы мен көшбасшы арасындағы ұқсастық пен айырмашылықтар. Бұл саладағы көптеген зерттеулерде көшбасшылықтың басқарудан өзгеше, деңгейі жоғары процесс екені жөніндегі қорытынды тұжырымдар кездеседі. Басшы мен көшбасшы арасындағы ең маңызды айырмашылық – тіпті қиялдауға болмайтын мақсат төңірегінде көпшілікті біріктіріп, сендіруі, сол іске жұмылдыруы. Сол себепті егер басшы болсаңыз, қолдан келетін, күнделікті істерге көңіл бөлесіз; ал шын көшбасшы болсаңыз, кездейсоқтықты мүмкіндікке айналдырасыз. Бұл сонымен қатар, көшбасшы мен оның соңынан ерген көпшілік арасындағы тылсым күшті де көрсетеді. Осындай көшбасшылар көпшіліктің «бұл мүмкін емес» деген нәрселерін жүзеге асыра алады.
Қазақстандағы көшбасшылық қабілеті кеңістік тұрғысынан жаңа астана Нұр-Сұлтанда айқын көрініс тапқан. Елорданың көшірілуі мен құрылысы – жаңа көзқарастың көрінісі. Мемлекеттің басынан өткеріп жатқан қиындықтары, ішіндегі дағдарыс, жаңаруға бейімделу алдында, әсіресе жастар үшін ұзақ мерзімді саяхат жасаудың бір талпынысы болды. Жаңа астананың дастанын баяндамас бұрын мына маңызды өзгерісті еске алған жөн болар. Н.Назарбаевтың өз өкілеттігін тоқтату жөніндегі шешімінен кейін «Астана» аталатын бас қаланың аты «Нұр-Сұлтан» болып өзгерді. «Астана» сөзі негізінде қазақ тілінде «бас қала» деген мағына береді. Сол себепті ерте ме, кеш пе ел астанасы үшін жаңа атау таңдалатыны түсінікті еді. Бұл мәселеде Қазақстан басшылығы Тұңғыш Президенттің есімін таңдады.
Астананы көшіру туралы шешім қабылданғанда Түркияның сол кездегі президенті Сүлеймен Демирел былай деген еді: «Қазақстанның астанасы өзгермес бұрын бірнеше рет кездестік. Ол кезде кейбір сындар айтылып жатты. Жаңа қала салудың орнына оған жұмсалатын қаржыны неге елді дамыту жұмыстарына қолданбасқа деген сияқты. Бірақ біз оған үнемі қолдау көрсеттік. Жаңа құрылып жатқан мемлекеттің еңсесі тік, өз өзіне сенімді болуы тиіс». Тәуелсіздіктің алтын бесігі болған Алматы Орынбор мен Қызылорда қалаларынан кейін 1929 жылы астана мәртебесін алып, қарқынды дамыған еді. 1994 жылы ел астанасын Арқа төріне көшіру туралы шешім қабылданғанда Н.Назарбаев бұл шешімді халықтың күш-қуатының көрінісі, еркіндікке деген сенімі, келешекке деген үмітінің символы деп сипаттаған болатын. Осыған орай С.Демирел Н.Назарбаев пен Ататүрік арасындағы ұқсастыққа назар аудартқан сөзінде Ұлт-азаттық күрестен кейін Түркия астанасының Ыстанбұлдан Анкараға көшірілуі мен Қазақстанның астанасын ауыстыруы арасында ешқандай айырмашылық жоқ екенін баса көрсеткен еді.
Түркиядан Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Сыртқы істер министрі Хикмет Четин де осыған ұқсас пікір білдірген болатын. Алматыда Н.Назарбаевпен болған кездесуінде астананың Ақмолаға көшірілетіні туралы әңгіме болады. Х.Четин Назарбаевқа қарап: «Мынадай әсем қаланы тастап, қайда барасыз?» дейді. Сонда Н.Назарбаев күліп: «Сіздер Ыстанбұлды неге тастап кеттіңіздер? Алматы елдің қиыр шетінде. Мен елімді толықтай басқара алуым үшін демографиялық құрылымды реттеп, елдің ортасына баруым керек», депті. Жаңа астананың құрылуында тек Анкара ғана емес, Ресей, АҚШ, Жапония, Қытай секілді басқа елдердің ұқсас шешімдері де қарастырылды. Қазақстанның жаңа астанасы өзінің төлтаңбасы арқылы елдің өткені мен келешегін, Шығыс пен Батыстың синтезін символдайды. Халықтарды бірлестірген «шаңырақ», жердің байлығы мен жомарттығын білдіретін «алтын масақ», даму мен алға басуды білдіретін «барыс» кескіндері, бейбітшілік пен сенімге қамал болған «тас дуал» жаңа астананың төлтаңбасын құрайды.
Қиялдан – шындыққа
Ел астанасын Алматыдан облыс орталығы болған шағын қала Ақмолаға көшіру туралы шешім Қазақстанның ұшы-қиырсыз даласында ұзақ жылдар бойы қалыптасқан бұйығылық пен «барға қанағат» түсінігін түбегейлі өзгертті.
Н.Назарбаевтың қандай бағдар ұстанғанын түсіну үшін оның еліне деген көзқарасын еске түсіру керек. Н.Назарбаев былай дейді: «Қазақстан – біздің отанымыз. Атамекен бар жағымен, табиғатымен, ауасымен Алланың бізге бергені. Отанның жақсы-жаманы болмайды. Ата-бабамыз бізге қалай қалдырса да біз Отанды сол күйінде сүйеміз...».
Шынында да қиын шешім болғанын айту керек. Өйткені ел тәуелсіздігін жаңа алған, табыс көздері шектеулі және ең бастысы талай жылға созылған қысым жүйесі ой-санадан аласталмай тұрып, осындай шешім қабылданды. Ел астанасының Алматы секілді КСРО кезеңінде брендке айналған қаладан ауа-райы қолайсыз шағын шаһарға көшірілетіні хабарланды. Мұның қандай пікірталас тудырғанын болжау қиын емес.
Астананы көшіру туралы шешім тәуелсіздіктен кейін Қазақстан үшін болсын, осы шешімді қабылдаған Н.Назарбаев үшін болсын, мүмкіншіліктер мен қауіптерді бір жерге жинақтаған, өмірлік мәні бар бетбұрыс нүктесі болды. Бұрынғы астана Алматы тұрмыстық динамикасы мен өмір салты тұрғысынан Қазақстан азаматтары үшін өзіндік символ болатын. Жаңа астана туралы пікірге адамдардың бойын үйрету оңай болмасы анық еді. Және астананың қайда көшірілетінін анықтау жеке бастың жауапкершілігін қажет етті. Басшылық деңгейінде бұл пікірді алғаш естігендер көбіне келешекке деген алаңдаушылықты сезінетін. Елдің есін жинап, белгілі бір міндеттер орындалуы үшін құрылымдық және институттық жүйедегі көптеген проблема шешілмей жатқанда жаңа астана идеясы біреулер үшін алыста менмұндалаған, қол жетпес арман секілді көрінетін. Елдегі экономикалық жағдай, табыс көздері мен қоғам күткен әлеуметтік жәрдемдердің жетіспеушілігі көптеген саясатшының астананың көшірілуіне қарсы шығуына себеп болды. Оның үстіне Алматы астана ретінде талай ән-жырға, керемет өнер туындыларына арқау болған қала еді.
Ал Н.Назарбаев қаржы жетіспеушілігін желеу ету елге жаңару мен өзгеріс әкелмейтінін жақсы білетін. Ол табанды түрде нық қадаммен жаңа астана идеясын жүзеге асырғысы келді. Осы мақсатта алғаш рет 1993 жылы сөйлеген сөзінде ел астанасын Алматыдан басқа қалаға көшіру керектігін мәлімдеді. Кейбіреулер «Біз әлде жаңылыс естідік пе?» деп жатқанда, көп кісі таңданысын жасыра алмаған болатын. Бұл тақырыптың 1994 жылы Парламентте екі рет көтерілуіне қарамастан, саяси жүйедегі көптеген белсенді тұлғалар мұның бірнеше жыл ішінде жүзеге асатын жоба екеніне сенбеді.
Н.Назарбаев бұл тұрғыдағы табанды ұстанымын 1994 жылдың 6 шілдесінде алғаш рет «Астана Ақмола қаласына көшірілуі тиіс» деген мәлімдемесімен нақты көрсеткен еді. Сөзін бастағанда өзінің тебіренісін жасыра алмаған Н.Назарбаев барлық себептерді баяндап, астана мәселесінде 32 критерий белгілегендіктерін, бұл критерийлердің барлығына Ақмола қаласының сәйкес келетінін баса көрсеткенде психологиялық тұрғыда толықтай басымдық танытқан еді. Ең басты себеп ретінде Ақмола қаласының барлық географиялық аймақтарға бірдей қашықтықта, ел орталығында орналасуы ескерілді. Соған қарамастан, Парламент залындағы қол шапалақтаулардың орнын үнсіздік басқан еді.
Бұл процесс 1996 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Үкіметінің астананы басқа қалаға көшіру туралы шешімімен жүзеге асты. Ал шамамен бір жылдан кейін 1997 жылдың 20 қазанында Президент Н.Назарбаевтың бұл туралы жарлығы жарияланды. Енді кері шегінуге болмайтын қадаммен басталған жетістік дастаны бүкіл Қазақстан халқының көз алдында жүзеге асып жатты.
Жаңа астананың кейбір шағын аудандарында үй салыну үшін жиналған 60 миллион АҚШ доллары бүгінгі Қазақстанның мүмкіншіліктері мен елордаға жұмсалған барлық қаржыны ескергенде, бәлкім, елеусіз көрінер. Бірақ сол кездегі шарттарда үлкен маңызы бар еді. Шындығында, қазір астананы салған ірі холдингтер, шетелдік инвесторлар осы маңызды нәрсені ешқашан ұмытпауы тиіс.
Н.Назарбаев 2000 жылдарға аяқ басқанда Түркия мен АҚШ-тан басқа Қатар, Сауд Арабиясы секілді Таяу Шығыс және Парсы шығанағындағы елдерден қаржылық көмек пен инвестор тартуды жақсы білетін. Өзі көрсеткен бұл бағдар дипломатиялық келіссөздерде де көрініс тауып жатты. Қатар мемлекеті салдырған Нұр Астана мешіті, Түркияның инвестициясымен салынған «Астана Тауэр» бизнес орталығы және тағы басқалары аз мерзім ішінде Астананың құрылысы үшін өз қаржы көздерінің жиналуына уақыт ұттырған еді. Қазіргі таңда Астананы салған ақыл-ойдың 100%-ы жергілікті және ұлттық, ал жұмсалған бюджеттің 70%-ы мемлекеттің өз қаржысына сәйкес келеді. Бұл – бірнеше жылға созылған бюрократиялық кедергілерге мойымастан, алға қойған мақсатын ұдайы кеңейтіп жолға шыққан көшбасшылықтың өзін көрсеткен күндер болатын...
Тек сол уақытқа дейін болған кейбір жайттар Н.Назарбаевтың көшбасшылығын нақты түрде көрсету тұрғысынан аса маңызды. Бірнеше жыл ішінде толықтай дерлік жаңадан салынған бір астана... Әлбетте, қиындықтармен де күрес жүргізілді. Астананың тұсаукесер салтанаты үшін ең алдымен үлкен жиын өткізетін зал мен алаң керек болатын. Өкілетті фирманың құрылысты аяқтай алмайтыны түсінікті болғанда, құрылыс нысаны басқа фирмаларға берілді. Алаңды тазалап, ретке келтіру үшін арнайы әскери бөлімдерден де көмек алынды. Ендігі кезекте ашылу салтанаты үшін Астанаға келетін шетелдік қонақтарды күтіп, қонақ ету мәселесі тұрды. 15 күн ішінде 5 жұлдызды қонақүйді салу әрине, мүмкін емес. Н.Назарбаев заңдарға арнайы өзгеріс енгізіп, елге бір ретте ең көп дегенде 500 жұмыскерді әкелуге болатыны жөніндегі баптың уақытша түрде күшін жойып, адам сенбес іс бастауға бел буды. Бұл жұмысты түрік компаниялары атқаратын еді. Олар осы шешімнен кейін 3000 жұмысшы әкеліп, «Интер-Континенталь» қонақүйін дайындап бітті. Тіпті Н.Назарбаев құрылысты жиі-жиі тексеріп жүрген күндердің бірінде лифті бұзылып қалып, қиын сәттер де бастан өткен болатын.
Шамамен екі жыл ішінде Үкімет пен басқа маңызды мекемелердің басым көпшілігі Ақмолаға көшіріліп, 1997 жылдың 8 қарашасында мемлекеттік қызметкерлердің алдыңғы легі жаңа астанаға келе бастады. Астананың мәртебесі ресми түрде 1997 жылдың 10 желтоқсанында жарияланды. Ақмола қаласы ел астанасы деп жарияланып, ғимараттар бой түзей бастағанда қаланың атын ауыстыратын уақыт та жеткен еді. Президент Н.Назарбаев бір күні түн жарымда «Астана» деген атауды тапты. Ағылшын және орыс тілдерінде жазылуы қазақ тіліндегідей «Астана» болып жазылады. Қысқа әрі, әсерлі. Ақырында 1998 жылдың 6 мамыр күні Ақмоланың аты Астана деп ауыстырылды. 1999 жылдың 10 маусым күні ресми түрде ашылу салтанаты ұйымдастырылды.
Ортақтастырушы бағдар
Астана қаласының әлем мойындаған жаңа ел ордасы болуы үшін Н.Назарбаевтың ұзақ әрі мұқият дайындық процесін жүргізгені байқалады. Оның 1994 жылдан бастап Ақмолаға жүйелі түрде, көбіне аптасына бір рет келіп-кетуі ‒ көшбасшының халыққа жаңа бағдар ұсынар кезде ең алдымен бұл бағдарға өзінің сенуі керектігін көрсететін жарқын мысал.
Н.Назарбаев сол кезеңде басқа аймақтарға да сапары барысында ел азаматтарының Алматының кейбір аймақтарға алыс екендігі жөніндегі шағымдарын еститін. Тіпті кейде елді сөзге тарту үшін «Астана халық үшін аса маңызды! Солай емес пе?» деген түрдегі бастамашыл сауалдар дайындап қоятын. Ел астанасын көшіруге шешім қабылдана қалған жағдайда азаматтардың қандай нәрселерге назар аударатынын олардың ауызша айтқан пікірлері мен жазбаша талаптарынан ұғынуға тырысатын.
Қазіргі Қазақстан астанасы үшін неге жазық дала ортасындағы осы бір шағын қала таңдалды делінер болса, мұның басты себептері арасында Ақмола қаласын қоршап тұрған сұлу табиғат, өсімдік әлемі, су алаптары көрсетілер еді. Қаланың батысында орналасқан Қорғалжын қорығы, шығысқа қарай созылып жатқан Ерейментау сілемдері, талай аңызға арқау болған Бурабай көлі бұлардың ең бастылары болатын. Әрине проблемалар да жоқ емес еді. Мысалы, маса мен қалдық су проблемасы Ақмоланың халық жиі айтатын кемшін тұстары болатын. Бірақ Н.Назарбаев болашақта әсем қала салу үшін оны қоршап тұрған сұлу табиғаттың да маңызды екенін жақсы білетін. Болмаса, Алматы секілді үлкен сұранысқа ие қаладан қыста -40 градус суық, ал жазда +40 градус ыстық болатын жерге астананы көшіру оңай болмасы анық еді. Соған қарамастан, астананы көшіру туралы шешім Қазақстан Парламентінен өзі күткеннен де жылдам, әрі қиындықсыз өтті. Депутаттардың басым бөлігі астананы көшіру туралы шешім қабылданса да, бұл кем дегенде 25-30 жылда зорға жүзеге асады деп ойлағаны түсінікті еді. Бәлкім, осы мерзім ішінде шешім өзгерер, немесе нәтижесіз қалар деп ойлағандар да аз емес болатын. Бизнес әлемінің, туризмнің, тіпті «заманауилықтың» өлшемі ретінде қабылданған Алматы секілді қала енді астана мәртебесін жоғалтатын еді. Мұндай көзқарастар арасында кертартпалық та сезіліп қалатын. Осының бәріне қарамастан, күшті ерік-жігер мен халық жылы қабылдайтын бір бағдар қажет болды.
Н.Назарбаев жаңа астанаға тек басқарушылық тұрғыда бағдар беріп қойған жоқ, сонымен қатар құрылыстардың дизайнына да бағыт-бағдар беріп, өзіндік үлес қосты. Ұлттық музей, Қабылдау залы, субұрқақтар, мейманханалар және тағы басқа көптеген туындының архитектурасына қатысты негізгі сызба-нобайларды дайындайтын. Ал содан кейін бұл сызба-нобайларды сәулетшілер кәсіби тұрғыда өңдейтін. Ол сондай-ақ, өзі айтқан пікірлерді мамандар қолдамаған жағдайда, қабылдатуға тырысып, бастырмалатпайтын. Оның басты мақсаты ‒ мамандарды бағыттау және қаланың жалпы бейнесін көрсету болатын. Тіпті осы салада еңбек еткендерге берілетін төсбелгіні де тікелей өзі жобалаған еді.
Н.Назарбаев астанаға жаңа технологиялар да сәйкес келуі керек деп сенетін. 300-ден астам ықпалды құрылыс компаниясының қаланың нышандық ғимараттары мен инфрақұрылымдарына қосқан үлесі адамдардың көзқарасын өзгертіп жатты.
Астананың бас қалаға айналуында бой көтерген ғимараттар жоғарғы биліктің стратегиялық бағдарын да көрсететін. Н.Назарбаев бұл мәселеде қаланың жергілікті мәдениетін де ескеретін. Жаңа астана тек қана ғимараттарымен немесе олардың әсем салтанатымен әлемнің назарын өзіне ұзақ аудара қоймасы анық еді. Бұл бағдар заманауи үрдістер мен дәстүрлі нәрселерді бір жерде ұстап тұруға негізделген болатын.
Мәселенің басқа бір жағы, Н.Назарбаев осынау маңызды шешімінде тек көпшіліктің пікіріне ғана емес, ғылыми негіздерге де жүгінді. Сол кезеңде көптеген көшбасшы ұғынуға қиналған «жүйе көзқарасы» теориясының басты қағидаларын қолдануға тырысты. Мыңдаған жылдық тәжірибеге сүйенетін басқару ой-пікірінің ғылымдану процесіндегі ең үлкен қадамының бірі ‒ жүйе көзқарасы болып табылады. Әлеуметтік ғылымдарға биология саласынан бұл көзқарас қазіргі басқару мен саясаттанудың ең маңызды тақырыптарының біріне айналды. Н.Назарбаев міне осындай көзқарас арқылы Астана қаласын дамыту институтын құрды. «...Астана жүйелі түрде алға басуы тиіс. Көздеген мақсатқа жетудің басты шарты ‒ жүйелі көзқарас. Жүйелілік тек Астана үшін ғана емес, басқа қалалар үшін де аса қажет. Қала көп бөліктен тұратын күрделі ағза секілді, оны басқару өз алдына бір ғылым…».
Бұл тұрғыда «ағза» сөзі жүйе көзқарасының өзегі іспетті. Адам денесі секілді қалалардың да өзіне тән ерекшеліктері мен жүйесі болады. Н.Назарбаев осы жүйелерді экономика, құрылыс, инфрақұрылым, тасымал, білім беру және мәдениет жүйелері деп белгілейді. Н.Назарбаевтың жүйе көзқарасы сол кездегі қиындықтарға қарамастан, өте ықпалды жұмыс істеді. Соның нәтижесінде, 1999 жылы ЮНЕСКО Астанаға «Әлем қалалары бейбітшілік үшін» деген жоғары марапатын берді.
Осы жүйелер дамыған сайын қаланың бренд боларлық маңызы да арта түсті. Жыл сайын елдің түрлі аймақтарынан мыңдаған адамның астанаға келіп, елдің келешегі мен бағытын ұғынуға тырысуы, кең дала төріндегі осы бір орталықтың ортақтастырушы рөлін де көрсетеді.
Астанаға сапарымыз кезінде (әсіресе көктем мен жаз айларында) Бәйтерек, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Ұлттық музей және басқа да сәулет ескерткіштеріне кіргенде ең алдымен назарымызды ерекше аударатын нәрсе – балалар. Ата-аналардың балаларын осында ертіп келіп, осы мақтаныш сезімін оларға да сезіндіруге тырысатынына куә болатынбыз. Ұлттық музейде үлкен алтын бүркіттің астында маңғаз түрде суретке түскен бір қазақ баласының бізге бұрылып: «Бұл біздің қыранымыз!» дегенін ұмыту әсте мүмкін емес. Бұл елге алғаш келген кісілер Астанадағы сәулет ескерткіштерінде ең алдымен осындай сезім мен көрініске куә болады. Бұл жайттар Астананың тек сәулетті ғимараттарымен ғана емес, рухани ауанымен де өзгеше мәнге ие екенін көрсетеді.
Жаңа астананың алғашқы халықаралық іс-шарасы түркі әлемінің басын қосқан жиын болды. Бұл кездейсоқтық па, жоқ әлде Н.Назарбаев көшбасшылығының жоспарлы қадамы ма, ол жағы беймәлім. Осылайша Түркия президенті Сүлеймен Демирел, Қырғызстан президенті Асқар Ақаев, Тәжікстан президенті Э.Рахмонов және Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов жаңа астананың мақтаныш туғызар алғашқы көрінісін бірге тамашалады. Н.Назарбаев бұл жерде аймақтың біртұтастануына маңыз беретінін, бірақ Қазақстанның Орталық Азиядан асып, еуразиялық елге айналғанын да баса көрсеткен болатын.
Жаңа астананың алғашқы жылында оны супер континенттің коммуникация орталығына айналдырып, жаңа ғасырда Еуразияның экономикалық, технологиялық және информатикалық ағымдарын жаңа астана арқылы өткізу мақсат етілді. Бұл мақсаттың 21 жылдан кейін әлемнің көз алдында жүзеге асуы көреген көшбасшылықтың ықпалды нәтижелерінің тек бірнешеуі ғана болатын.
Күршад ЗОРЛУ,
саясаттану ғылымдарының докторы, профессор
(Түркия)