• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Президент 25 Маусым, 2020

Мәскеудегі әскери парадқа қатысты

282 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғы­сындағы Жеңістің 75 жылдығына орай Мәскеуде Қызыл алаңда өткен әскери парадқа қатысып, «Белгісіз солдат» қабіріне гүл шоғын қойды.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің бастамасымен мемлекеттер басшылары және үкіметтер жетекшілері деңгейінде өткен салтанатты іс-шараға Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Молдова Президенті Игорь Додон, Сербия Президенті Александр Ву­чич, Тәжікстан Президенті Эмомали Рах­мон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мир­зиёев, сербтерден Босния және Гер­цего­вина Президиумының төрағасы Ми­­лорад Додик, сондай-ақ бірқатар ха­лық­­­аралық ұйымдардың жетекшілері қа­тысты.

Салтанатты шеруде 13 мыңнан астам әскери қызметші, 216 әскери техника және әртүрлі 75 әскери ұшу аппараты сап түзеді. Қызыл алаңнан 53 жаяу әскер колоннасы, ТМД елдері және басқа да шет мемлекеттердің қарулы күштерінен құралған 13 топ салтанатты түрде сап құрап өтті.

Сәуір айының ортасында Ресей Президенті Владимир Путин елдегі күрделі эпидемиялық жағдайға байланысты Жеңістің 75 жылдығына арналған шеруді кейінге қалдыру туралы шешім қабылдаған еді. Дегенмен, 9 мамыр күні Ресейде әуе парады мен мерекелік от-шашу ұйымдастырылды. Бұл авиашеру жылдағыдан өзгерек болды, себебі әскери ұшақтар Мәскеу көгінде ғана емес, елуден астам қаланың үстінен ұшып өтті. Дәстүрлі «Мәңгілік полк» шеруі алғаш рет онлайн форматта ұйымдастырылды. 20 күн бойы тұрғындар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, із-түзсіз жоғалған жақындарын еске алып, рухына тағзым етті.

Ал мамыр айының соңында В.Путин Жеңіс шеруі 24 маусымда өтетінін жа­риялады. Бұл шараға Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев та шақырту алып, қатысуға келісімін берген болатын.

Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіске арналған іс-шараның дәл осы күні өтуі кездейсоқ емес. 1945 жылы 24 маусым күні осыдан тура 75 жыл бұрын жеңімпаздардың ең алғашқы легі дәл осы Қызыл алаңмен жүріп өткен. Сондықтан бұл күннің мән-маңызы ерекше. Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен құрама полктер маршын фашистік армияның тұтқындалған әскери бөлім­дерінің туын ұстаған солдаттар легі аяқтаған. Вермахттың штандарттары Ленин кесенесінің маңына қойылды. Тарихи шеруді Кеңес Одағының маршалы Георгий Жуков қабылдап, маршал Константин Рокоссовский басқарған еді. Одан кейінгі жеңіске арналған әскери шеру 9 мамырда тек мерекелік даталарда – 1965, 1985 және 1990 жылдары ұйымдастырылды. 1996 жылдан бастап Қызыл алаңда әскери парад жыл сайын өткізіле бастады. 2000 жылы 9 мамырда соғыс ардагерлерінің шеруі соңғы рет ұйымдастырылды.

Келесі жылдан бастап олар мінберге отырғызылды. 2010 жылы Жеңістің 65 жылдығына арналған әскери парад бұрын-соңды болмаған көлемде өтті. Тарихи бөліміне алғаш рет антигитлерлік коалицияның одақтастары қатысты. 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығы аталып өтті. Қызыл алаңға 30-ға жуық елдің президенттері жиналды.

Биылғы парадқа шақырылған қонақтар саны әдеттегіден аз болғанымен, бір жарым сағатқа созылған дәстүрлі парад­ты миллиондаған адам онлайн тамашалады. Биылғы парад күрделі эпиде­миялық жағдайға байланысты қатаң тәртіпке сай өтті. Шара қонақ­тарының және Қызыл алаңмен жүріп өтетін сар­баз­дардың қауіпсіздігі ескерілді. Жиын­ның басты ерекшелігі жаңадан таныс­тырылған 24 рекордтық жаңа техника болды. Қатысушылар шара басында со­ғыс жауынгерлерінің ерлігін бір минут үнсіздікпен еске алды. Қызыл алаңда әс­кери шеруге жиналғандардың алдында Ресейдің Жоғарғы бас қолбасшысы әрі президенті Владимир Путин сөз сөйледі.

«Әлемдегі бейбітшілікті сақтап қал­ғандарға құрмет көрсету үшін Мәскеу­ге әртүрлі елден келген достарымызды құрметпен қарсы алғанымыз үшін қуаныштымыз. 1944 жылдың маусы­мында басталған екінші майданның маңы­зын, Жеңісті жақындатуға үлес қосқан одақтастарымыздың үлесін ешқашан ұмытпаймыз. Антигитлерлік коа­ли­ция мемлекеттерінің қарулы күш­терін­дегі жауынгерлерге, Еуропа елдерін­де үрейсіз әрекет еткен күрескер­лерге құр­мет көрсетеміз», деді В.Путин. Ол өз сөзін­де бүгінгі күні әртүрлі елдегі соғыс арда­герлері тұтас халықтарды өлімнен құтқ­арып қалғанын айтып өтті. «Сол ерлік ұмытылмас үшін қолдан келгенн­ің бәрін жасаймыз. Бұл – біздің ар-ожданы­мыздың алдындағы парызымыз», деді ол.

Қызыл алаңда қонақтарға 1945 жылғы 24 маусымдағы тарихи шерудің кейбір элементтері көрсетілді. Мысалы, шерудің басында 900 музыканттан құралған салтанатты оркестр «Мерейтойлық кездесу маршын» орындады. Одан бөлек жаяу әскерлер сол кездегі тарихи форманы киіп шықты. 1941-1945 жылдардағы үздік құрамалар мен әскери бөлімдердің жауынгерлік тулары да Қызыл алаңда желбіреді. Алаңдағы бұл көріністі шетелдерден келген құрметті қонақтармен қатар мінберден 80-ге жуық соғыс ардагері тамашалады.

Сондай-ақ шеруге Әзербайжан, Армения, Беларусь, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Молдова, Моңғолия, Сербия, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбек­­стан сынды 13 мемлекеттің әскери қыз­­меткерлері қатысты. Аталған шараға Қазақ­стан Республикасының атынан де­санттық шабуылдаушы әскери бөлімінің 55 сарбазы барды. Салтанатты сапты бригада командирі, подполков­ник Ұлан Нұрғазиев бастап өтті. Мін­бер­де отырған Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев қазақстандық әскери­лерге ор­ны­нан тұрып құрмет көрсетті. Ал Қазақ­стан Президентінің Георгий лен­та­сын тақ­па­ғанының өзі назардан тыс қалған жоқ.

Шеруден кейін Қазақстан Президенті шайқаста ерлікпен қаза болған жауын­гер­лер­­ді еске алып, «Белгісіз солдат» қабірі­не гүл шоғын қойды. «Ұлы Отан соғы­­сы кезінде қаза болған жауынгерлер­ге құр­мет ретінде Кремльдің іргесіндегі «Белгі­сіз солдат» қабіріне гүл шоғын қойдым. Олардың ерліктері біздің есіміз­де әрдайым сақталады», деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақша­сында.

Ұлы Жеңіске арналған мерекелік күн он мыңнан астам от-шашумен аяқталды.