«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның SPO-дан түскен 50 миллиард теңге көлемінде қаржыны аударды.
Елдегі экономикалық ахуалды есепке алған қор басшылығы қаражаттың бірінші бөлігін Ұлттық қорға мерзімінен бұрын аударуды дұрыс деп шешті. Қаражаттың қалған бөлігін «Самұрық-Қазына» 2020 жылдың соңына дейін бағыттауды жоспарлап отыр.
Бұған дейін хабарланғандай, 2020 жылы 3 маусымда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқару кеңесінің отырысында Ұлттық холдингтің 2020 жылдың соңына дейін Ұлттық қорға 100 миллиард теңге бағыттауға дайындығы туралы айтылды. Кеңес төрағасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді.
«Қор басшылығының дер кезінде қабылдаған шешімдерін оң бағалаймын және қолдаймын. Олар өздерінің тиімділігін көрсетті. Дағдарыс кезінде мемлекет экономиканы қолдауға Ұлттық қордан қомақты қаражат бөлді. Алайда бұл жағдайда «Самұрық-Қазына», керісінше, Ұлттық қорға 100 миллиард теңге жібереді», деген Елбасы дағдарыс кезіндегі мұндай қадамның маңыздылығына назар аударды.
Естеріңізде болса, SPO шеңберінде «Самұрық-Қазына» «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы акциясының 6,28 пайызын сатылымға шығарып, 206 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат тапқан болатын. Осылайша атом компаниясындағы өз үлесін 75 пайызға дейін қысқартты.
Компанияның баспасөз қызметі жалпы 460 млн АҚШ долларына өтініш келгенін хабарлады. Институционалдық инвесторлардан келген өтініш жоспарланған межеден 2,2 есе көп болған. «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржа алаңында 69,7 млн АҚШ долларына өтініш түскен. Ондағы қазақстандық инвесторлардың үлесі – 53,4 пайыз болса, қызығушылық танытқандардың 46,6 пайызы шетелдік инвесторлар.
2008 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылған коммерциялық құрылым мемлекеттің ұлттық әл-ауқатын көтеру және ұлттық экономиканы жаңғыртуға қолдау көрсету мақсатында жұмыс істеп келеді. Қор активі шамамен 67 млрд долларды құрайды. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобына мұнай-газ және көлік-логистика секторларының, химия және атом өнеркәсіптерінің, тау-кен кешендерінің, энергетика, машина құрастыру және жылжымайтын мүлік салаларының кәсіпорындары кіреді.