Атырауда татуласу орталығының қанатқақты жобасы былтыр Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының «Татуласу: сотқа дейін, сотта» бағдарламасы аясында басталған еді. Содан бері 2 257 іс қаралып, оның ішінде 840 іс сотқа дейін шешімін тауыпты. Ал Билер кеңесі ажырасуға қатысты 200-ден астам материалды қарап, оның 200-ге жуығы татуласты. Қазір аталған орталық ұсынатын қызметтерге сұраныс артып отыр.
Енді өткен аптада Татуласу орталығының арнайы ғимараты ашылды. Оған қатысқан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов елімізде дау-дамайлардың шешімін табуға ерекше көңіл бөлінетініне тоқталды. Бүгінде түрлі жанжалдарды сотқа жеткізбей шешудің балама жолдары қолданылуда. Бұл міндеттер Елбасының Жолдауларында, Президенттің тапсырмаларында айтылған.
– Бітімгерлік пен арағайындық халқымыздың қанында бар. Ата-бабаларымыз бітіспес дауды бір-ақ ауыз сөзбен шешкен. Келісім мен татулықты асыл мұраға айналдырған еліміз үшін бабалар құндылығын жандандырудың маңызы зор. Соңғы жылдары ел ішіндегі дауларды азайту мақсатында сот жүйесінде ауқымды жұмыстар жасалуда. Саладағы реформалардың арқасында дауларды сотқа жеткізбеудің жаңа тетіктері іске қосылды, – деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Ал Атырау облыстық сотының төрағасы Бауыржан Жұмағұловтың айтуынша, жақында Мемлекет басшысы қол қойған «Азаматтық іс жүргізу» кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң күшіне енді.
– Сот реформасын жүргізудің жалғасы әрі біздің басты міндетіміз – татуластыру рәсімдерін қолдану. Енді соттар арыздарды қабылдап, татуластыру судьясына жібереді. Тараптар татуласу арқылы негізгі сот процесіне келмей-ақ мәселесін шешу үшін 14 күн уақыт беріледі, – дейді Б.Жұмағұлов.
Оның айтуынша, бұл жоба халықтың әлеуметтік осал топтарына, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға құқықтық, делдалдық және заңгерлік көмек көрсетуге бағытталып отыр. Орталықта азаматтарға медиаторлар, билер, адвокаттар, прокурорлар, психологтер, нотариустар және бизнес-омбудсмен құқықтық көмек көрсетеді. Тұрғындарға қолайлы жағдай тудыру үшін орталық қажетті техникалық құралдармен жабдықталған. Мұнда келушілерге медиацияның ерекшелігі мен артықшылығы туралы ақпарат беріледі.
АТЫРАУ