Қостанайда татар, башқұрт халықтарының ұлттық мейрамы – сабантой аталып өтті. Шектеу шараларының қайта күйшеюіне байланысты биылғы дәстүрлі мерекеге жиылған жұрт жылдағыдай көп бола қойған жоқ. Қостанайдағы «Қоғамдық келісім» үйінің ауласында мерекелік көрме ұйымдастырылып, татар, башқұрт халықтарының ұлттық тағамы мен қолөнер туындылары сөреге қойылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Сабантой» – сөзінің түп мағынасы түркінің «сабан», яғни «соқа» сөзіне келіп тіреледі. Тарихы тым тереңде жатқан ұлттық мерекені қазақшаласақ, соқа мерекесі болып шығады. Жер емген еңбекшіл жұрт көктемгі егіс науқанын осылай ойын-сауыққа ұластыруды дәстүр еткен. Яғни сабантойды тойлаудың астарында егін бітік шықсын, жиын-терім мол болсын деген халықтың ақ тілегі мен арман-мұраты жатыр. Мерекенің төл эмблемасы – қолдан тоқылған көгілдір аспан астындағы қызыл өрнекті татар сүлгісі.
– Біздің өңірде сабантой жыл сайын көктемгі алқап жұмыстары аяқталған соң, маусым айының екінші жартысында тойланады. Алғашқы жылдары тек татар-башқұрт этомәдени бірлестігінің өкілдері ғана бас қосатын. Бірте-бірте қанатын кеңге жайған сабантой жалпыхалықтық сипатқа ие болып, облысымызда тұрып жатқан сан алуан ұлттың сағына күтетін думанды мейрамы болып қалыптасты. Бүгінде сабантой аймақты мекендеген түрлі ұлт өкілдерін еңбек пен бірлікке, достыққа үндейтін, өскелең ұрпақты ұлан-байтақ елімізге деген сүйіспеншілікке тәрбиелейтін тағылымдық мәні бар мерекеге айналды, – дейді «Дуслық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ринад Бектемиров.
Қостанайлықтар сән-салтанатқа толы дәстүрлі мейрамның нақышты көріністері мен «Ляйсан» вокалдық ансамблінің концертін жергілікті телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы тамашалады.
Қостанай облысы