Қостанай облысындағы Әулиекөл ауданына қарасты Диев елді мекенінде аудандық мәслихаттың депутаты ауыл шетінде тұрған үйді ешбір құзырлы органның рұқсатынсыз қиратып тастады.
– Бұл марқұм апа-жездемнің үйі еді. Жездем қайтыс болғалы біраз жыл өтті. Осыдан үш жыл бұрын апам да ауырып, бақиға аттанды. Кетерінде үйін аманаттап, құжаттарын маған тастап кеткен. Содан терезесін жауып, есігін құлыптап қойдым. Анда-санда барып көріп тұратынмын. Сол үйді аудандық мәслихаттың депутаты, осындағы алпауыт серіктестіктің атқарушы директоры Төленді Оспанов деген кісі жұмысшылары мен техникасын жіберіп, бір-ақ күнде бұзып тастап отыр. Қайта дер кезінде көріп қалдым. Бәленбай техника, бәленбай адам жабылып тарсылдатып бұзып жатыр екен. Енді бір сағат кешіккенімде, дым қалмағандай екен. Өзім барып тоқтаттым. Ұялы телефоныммен суретке түсіріп, облыс әкімінің сайтына салдым. Қорықты ма, әйтеуір содан кейін ғана тоқтатты. Қасында сол серіктестікке тиесілі үй тұр. Сөйтсем, сол үйге су өткізу үшін сорғыш орнатпақшы болыпты. Одан кейін айналасын қоршап, екі астық қоймасын салғысы келген. Оған енді осы үй ғана кедергі болып тұр ғой. Ол кісі қазір қарап жатпай қол астындағы жұмысшыларынан «Ол үй бос тұрған. Ол жерге неше түрлі нашақорлар жиналатын. Бидай ұрлап тығатын» деген қолхат жинап жатыр екен, деді Диев ауылының тұрғыны Жангелді Бектенбергенов.
Ж.Бектенбергенов үй бұзылған 9 маусым күні «әлдекімдердің бұл серіктестік директорының тапсырмасы» деп үйін қиратып кеткені, өзінің заңды меншік құқығының қорғалуына көмектесіп, шара қолдануды сұрап ауыл әкімі мен аудандық полиция бөліміне шағым түсірген. Одан кейін депутат үй иесіне адам жіберіпті. Серіктестіктің күзет қызметінің бастығы жәбірленушіге келіп, бұл үйге қанша ақша алғысы келетінін сұраған. «Екі миллион» деген жауапты естіген күзет бастығы үнсіз бұрылып кетіпті. Содан ешкімнен хабар болмаған. Жартылай қирап, жабын ағашын белгісіз біреулер тасып әкеткен үй қабырғасы ырсиып, қаңырап тұр.
Қираған үйдің құжаты Ж. Бектенбергеновтің қолында. Абай көшесінде орналасқан үш бөлмелі үйге 8 сотық жер тиесілі. Кезінде кеңшар меншігінде болған екен. 2007 жылы жәбірленушінің жездесі марқұм Есләм Ақшолақов өз атына аударып, жекешелендіріп алыпты.
– Жездем қайтқаннан кейін апам Қозыбай Әукенова бүкіл құжаттарын дайындап, бұл үйді өз атына тіркегісі келді. Содан Арқалықтағы қызына барып келемін деп кетіп еді, аяқ астынан жолда ауырып қайтыс болды. Енді жазым ғой, не істей аламыз оған? Үйді сатасың ба, сатпайсың ба, өзің білесің, деп бүкіл құжатын маған тастап кеткен. Сөйтіп апам да, мен де үйді өз атымызға аударып үлгере алмадық. Қазір оның бәріне шапқылау үшін ақша керек. Ауылдағы адамға ақшаны кім береді? Содан тұрған үй еді. Бір күннің ішінде бұлай бұзып тастайтынын біз қайдан білейік, деген Жангелді өзі көмек сұраған құзырлы органдардың әлі күнге дейін ешбір шара қолданбай, жайбарақат жатқанына күйінеді.
Біз облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ирина Беженарьға хабарласып, оқиғаның мән-жайын сұрап едік, араға екі-үш күн салып «2020 жылғы 9 маусым күні Әулиекөл аудандық полициясының кезекші бөліміне жергілікті тұрғын шағым түсірді. Аталмыш шағым бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы, 1 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір күдікті анықталып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр», деген жауап алдық. «Жыртық үйдің құдайы бар» деген осы.
Қостанай облысы,
Әулиекөл ауданы,
Диев ауылы