Тіл мамандары түркі тілдерінің бәрінің түбірі – ортақ тіл деген тұжырымға келіп жүр. Дыбысталуы әр түрлі болғанмен ортақ сөздер негізінде бірегей терминологиялық лексиканың іргетасы қаланып, қазақ тілінің сөздік қоры қалыптасқаны мәлім.
Тіл ғылымының көрнекті өкілі Сейілбек Исаев «Қазақтың мерзімді баспасөз тілінің дамуы» (1983ж) еңбегінде: «...араб, иран тілдерінің әсері дегенде, иран тілдерінің әсері араб тілдерінен гөрі ертерек басталатынын да жоққа шығармаймыз» деп жазса, қазақтың тағы бір белгілі ғалымы Лениншіл Рүстемов сол кездегі ғылыми әдебиеттер мен қазақ тілі сөздік құрамындағы араб, парсы сөздері шамамен 17 пайызды құрайтынын алға тартқан еді. Өзбек, қырғыз, татар, башқұрт тілдеріне қарағанда ана тіліміздегі кірме сөздер аз дегенімізбен, кейбір зерттеуші-ғалымдар бұлардың дені алдымен қазақ халқын құраған сол кездегі тайпалар тіліне араласып, тілдік ерекшелігімізге қарай фонетикалық өзгеріске ұшырап, сөздік қорды молайтқанын жоққа шығармайды. Мысалы, қазіргі қолданыстағы халық, адам, дәулет, құдірет, мезгіл, сабын, ғибрат, мехнат, мақұрым... сияқты т.б. көптеген сөздер тілімізге өзге халықтардың араласуымен сатылап жеткен кірме сөздер екенін филолог-мамандар болмаса көпшілігіміз біле бермеуіміз мүмкін. Кітап, тарих, айна, базар, байрақ, батпан, орамал, дүние, қалам, қағаз, мектеп, медресе, мереке, емтихан, ғалым, ғылым... секілді мәдени-ғылыми айналымдағы қаншама көркем сөздердің түп-төркіні де солай – тіл әлемінің тұңғиық тылсымына жетелейтін құндылықтар.
Ал енді қазіргі қазақ тілінің сөздік құрамы туралы айтатын болсақ, орыс және ағылшын тілдері арқылы енген халықаралық терминдер жайына соқпай кете алмасымыз хақ. Орысша сөздердің тілдік қорымызға әсері қай кезеңнен басталады десек, қазақ ғалымдары XIV ғасыр ескерткіші саналатын «Кодекс куманикустың» өзінде орыстың «печь», «изба» сияқты сөздері кездесіп қалатынын жазады. Алайда мұндай мысалдардан өзге тіл элементтерін, терминдік атауларды, тың сөз оралымдарын өзгертпей сол күйінде қолдана беруге болады деген ой тумауға тиіс.
Белгілі тіл ғалымы Мәулен Балақаев: «У.Шекспир саны көп, сапасы зор неше алуан драмалық шығармаларды көп туғызғандықтан, оның сөздігі 18 мың жеке сөзден құралған. Мұхтар Әуезов осыны айтқан кезде (1950 ж.) Абай шығармаларының сөз саны қанша екені белгісіз болатын, ол «Абай тілі сөздігі» шыққаннан кейін анықталды. Ол сөздікке 5017 сөз енген. Осыны Д.Мамин-Сибиряктың «Приваловские миллионы» романымен (онда 11283 сөз бар), У.Шекспирдің шығармалары сөздерінің санымен (онда 18000, тағы бір есеп бойынша –15000) салыстырсақ, әрине М.Әуезов айтқан себептер бойынша онда өте аз. Бірақ «Абай қазақтың халықтық, салттық және өзінен бұрынғы ауыз әдебиетіне көрік берген мол, шебер сөздік қорынан түгел пайдаланып, халықтың әдеби тілін қалай жасаудың жолын көрсетті» деп «қазақ сөздерін көркем суреттің алтын қорына айналдырған» ақынның тіл тағылымын тілге тиек еткен еді. Осы дерекке Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында 16983 сөз қолданғанын қоссақ, қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі таза тілдердің бірі һәм әлемдегі ең бай тілдер санатына жататын шексіз байлығымыз екеніне көзіңіз жете түседі.
Солай бола тұра ғажап тіліміздің қолданыс аясы неге тарылып кетті, туған тілдің тұғырын бөтен сөзбен былғамай, қалай таза сақтап қаламыз деген сұрақтар күн тәртібіндегі басты мәселеге айналуда. Қазіргі заманға ойыссақ, тым «еркінсіп» кеткеніміз соншама, ана тіліміздің ежелден қалыптасқан сөзжасам заңдылықтарына бағынбай, шет тілдік сөздерді пішінін бұзбай, пішенше қаптатып жібердік. Үштілділік талабы енгелі бұлардың қатарына ағылшын тіліндегі атаулар келіп қосылды. Сөйтіп тіл үйлесімдігі бұзылды. Аттары шет тілінде жазылған компаниялар, кафелер, сауда, ойын-сауық орталықтары, мейрамханалар мен қонақүйлер, тұрмыстық қызмет көрсету орталықтары қаулап кетті. Ең сорақысы, өзге тілдерден енген кірме сөздерді, атауларды жазғанда түпнұсқасымен айна-қатесіз сол қалпында көшіре салуды қалыпты жайтқа айналдырдық. Сөздік құрамы таза жер бетінде бірде-бір халық жоқ, ағылшын сөздік қорының өзінің 75-80 пайызын латын мен француз тілінен енген кірме сөздер құрайды, сондықтан сырттан бөтен сөздің келіп қосылмауы мүмкін емес десек те, бұл құбылыс тіл тазалығына төнген қауіпті елемеуге сылтау болмауға тиіс. Кірме сөздерді сөздік құрамымызға тілдік ерекшеліктерімізге лайықтап өзгертіп енгізетін үрдісіміздің үзіліп қалған жібін қайта жалғайтын кез келді. Тым болмаса, бұрынғы большевикті – бәлшебек, машинаны – мәшине, заводты – зауыт, тюрьманы – түрме, товарды – тауар, самоварды – самаурын деп тілімізге ыңғайлап қолдану тәсілін қайта жаңғыртсақ.