• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 30 Маусым, 2020

Індет тереңдеп барады

661 рет
көрсетілді

Маңғыстауда коронавирус жұқтырғандар саны көбейіп барады. Бүгінде облыс бойынша коронавирус инфекциясымен 830 адам тіркелген болса, оның ішінде 462 адам емделді. Симптомсыз түрімен 456 адам тіркеліп, 192-сі жазылды.

Ақтау қаласындағы жұқпалы аурулар стационарында 70 адам жатыр, 4 адам өте ауыр халде. Бейнеу аудандық жұқпалы аурулар стационарында – 14, Жаңаөзен қаласында – 27, Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында – 3, Түпқараған ауданының стационарында 1 адам ем қабылдауда. Олардың бірқатары сауығып шықса, 3 адам қайтыс болды. Пневмония ауруының өршуі де «жығылғанға жұдырық» болып тұр. Ал дәрігерлердің, медбикелер мен санитарлардың жетіспеуі – өңірде күрделі мәселені алға тартады.

Облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масының мәліметіне сүйенсек, бүгін­де өңірде пневмония диагнозымен 789 адам тіркелген. Жағдайы ауыр науқастардың саны – 71, оның іші­н­де 13-і өте ауыр күйде жатыр. Бүгін­ге дейін пневмония диагнозынан 74 адам қайтыс болды. Соңғы тәулікте стационарларға 144 адам түсіп, бір тәулік ішінде 19 науқас қайтыс болды. Қазіргі уақытта облыстық ауруханада қосымша провизорлық стационар ашылған «В» блогында жұмыс істеу үшін медбикелер мен санитарлар қажет.

Бірінші кезекте реаниматологтар жетіс­пейді. Кем дегенде 25 дәрігер қажет. Сондай-ақ апта соңында Ақтөбе облы­с­ынан 20 дәрігерлік десант келеді деп күтілуде.

Жағажайдағы теннис орталығында 150 төсектік қосымша провизорлық стационар ашылды. Резерв ретінде ашылғандықтан әзірге оған пневмониямен ауыратын адамдардың ешқайсысын қабылдап жатқан жоқ. Жұмыс істеп тұрған провизорлық стацио­нарлар пневмония диагнозы бар нау­қастарды қабылдауға үлгеріп жатыр. Науқастар қалалар мен аудандарда орналасқан провизорлық стационарларға жатқызылуда. Ақтау қаласындағы провизорлық стационар облыстық туберкулезге қарсы диспан­сердің базасында 100 науқасқа арналып ұйымдастырылса, психикалық денсаулық орталығы ғимаратының базасында 100 кереуеттік провизорлық стационар ашылды. Қосымша 150 орынға арналған провизорлық стационар Маңғыстау облыстық ауруханасы базасында ашылды. Психикалық денсаулық орталығы ғимаратының базасында жансақтау бөлімшесінде 9 орын ашылды.

Құзырлы орындардың хабарлауынша, Маңғыстау облысының меди­ци­налық мекемелерінде тыныс алу аппа­рат­тарының жетіспеушілігі орын алған жоқ. Қазіргі уақытта барлы­ғы 92 өкпені жасанды желдету аппа­раты бар. NCOC компаниясы демеу­шілік танытып, медициналық мекеме тағы 10 аппаратқа толықты. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ да дәл осындай 20 аппаратқа қолдау көрсетті. Сондай-ақ «Қаражанбасмұнай» АҚ компаниясы да 20 дана ӨЖЖ аппаратын береді деп күтілуде. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау басқармасы үкіметтік резерв қаражаты есебінен, яғни республикалық бюджеттен қосымша 40 аппарат сатып алады. Осылайша аймақта аталған аппараттың жетіс­пеушілігі мәселесі жоқ. Сонымен қатар облыс әкімдігінде өтінім мақұл­данып, бір ай ішінде өңірдің меди­циналық мекемелеріне оттегі концертраттары келіп түседі деп күтілуде.

– Жаман айтпай жақсы жоқ, жағ­дай күрделеніп, науқастар саны артатын болса, облыс деңгейінде әле­уметтік нысандарда уақытша прови­зорлық орталықтар жасақтауға мүмкін­дік бар. Барлық провизорлық стациона­р­лар қажетті медициналық құрал-жаб­­дықтармен, қорғаныш құрал­дары­мен және дәрі-дәрмектермен қамты­лады. Ол жерде жұмыс істейтін дәрі­герлерге жағдай жасалып, қонақүйлер­ге орналастырылмақ», дейді облыс әкімдігінің өкілдері.

 

Маңғыстау облысы