Мемлекеттің мойнындағы көп міндеттің ішінде баса назар аударатын біреуі бар. Ол – мүмкіндігі шектеулі адамдардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету.
Яғни арбаға таңылған азаматтар кез келген көлік түрі мен ғимараттың ішіне бөгелмей кіріп, қиналмай шығуы керек. Бұл турасында Қазақстан Республикасының «Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» заңының 25-бабының 3-тармағында «Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар мүгедектерге ортақ пайдаланылатын көлiк құралдарына, тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістiк үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кедергiсiз кiрiп-шығуына, әуежайларда, темiр жол вокзалдарында, автовокзалдарда, автостанцияларда, теңiз және өзен порттарында еркiн бағдар ұстануы мен жүрiп-тұруына ұлттық стандарттарға сәйкес жағдай жасауға мiндеттi», деп тайға таңба басқандай етіп айтылған да.
Күнделікті өмірде осы тақырыпқа байланысты ішінара мәселелердің де туындауы мүмкін. Мәселен, егер ертеректе салынып қойылған әлеуметтік маңызы бар нысандарды қазіргі қолданыстағы заңнамаға сай бейімдеу мүмкін болмаған жағдайда, осы объектілердің меншік иелері мүгедектердiң қызметтерді алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге қажетті іс-шаралардың бәрін жасауға міндетті болады.
Қарағанды облысында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетіне қарасты жергілікті департамент мүмкіндіктері шектеулі адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында субъектілерге бару арқылы профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексерістер жүргізіп тұрады. Мұндай іс-шаралардың қатаң түрде тексеріс парақтарына сәйкес өткізілетінін де айта кеткен ләзім.
Жоғарыда аталған талаптарды орындаудан бас тартқан жағдайда, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 83-бабына сәйкес, лауазымды адамдарға – 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 120 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Былтыр, яғни 2019 жылы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына қолжетімділігі мәселесі бойынша 50 тексеріс ұйымдастырды. Оның ішінде 46 нысанға бару арқылы профилактикалық бақылау және жоспардан тыс төрт тексеріс жүргізілді. Аталған тексерістердің нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 49 ұйғарым шығарылып, екі әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар 2019 жылдың қыркүйек айында Қарағанды және Жезқазған көлік прокуратураларымен бірлесіп, Қарағанды қаласындағы «Сарыарқа» әуежайының қонақүйі ғимаратында, Жезқазғандағы аэровокзал ғимаратында мүгедектердің көлік инфрақұрылымы нысандарына қолжетімділігі мәселесі бойынша екі тексеріс жүргізілді. Олардың нәтижелері бойынша, тиісінше 505 мың теңге және 252500 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұлдар салынды.
Биыл бірінші тоқсанда 12 нысанға бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізіліп, олардың нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 12 ұйғарым шығарылды.
Айта кететін бір жайт, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына халықтың қимылы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету тұрғысынан жүргізілген тексерулер кезінде анықталған бұзушылықтарды жою мәселесі оңай шешіле қоймайтын проблемалардың бірі. Мәселен, көптеген жағдайларда аталған бұзушылықтарды жою бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар үшін ұзақ мерзімді және әжептәуір қаржы шығынын талап етеді. Дегенмен, солай екен деп, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін қиындатуға әсте жол берілмеуі тиіс. Бұл – мемлекеттің мойнындағы маңызды міндеттің бірі. Яғни міндеттер мүлтіксіз орындалса – мүмкіндіктер де молая түседі.
Қарағанды облысы