• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Маусым, 2020

Ауылдан ағайын көшпесін десек...

1458 рет
көрсетілді

«Қымбатты отандастар! Сіздердің назарларыңызға Ресей Федерациясына шетелдерден өз еріктеріңізбен қоныс аударғанда демей­­тін мемлекеттік бағдар­ла­ма жайында толық ақпарат­ты ұсынамыз» деген хабарламаны интернеттен көрдім. Әрі қарай жылжыта отыра нақты мәліметке жолықтым. Онда «Егер сіз Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстары­ның тұрғыны болсаңыз, Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Ресей Федера­циясы Елшілігінің Консул­дық бөліміндегі уақытша топқа хабарласуға болады» делініпті.

Көрші мемлекеттің мигра­циялық саясатына қатысты құжат көлемді екен. Онда шетел азаматтары болғанымен, орыс мәдениеті аясында тәрбиеленген, өз тілінде сөйлейтін отандастарымыз көшіп келсе, ортаға кірігіп кетуінде көп қиындық тумайды, осы тұрғыда мемлекеттік бағдарламаның қа­был­дануы Ресейдің әлеуметтік-эко­но­микалық дамуына оң ық­палын тигізеді деген сипатта жазылған. Ал алға қарай өрістеуді қазіргі демографиялық ахуалға өзгеріс енгізбей жүргізу қиын. Ресей үшін стратегиялық маңызы бар аймақтарда халықтың азаюы, оның ішінде еңбекке жарамды жастағы адамдардың басқа жаққа қоныс аударуы даму жолына қолбайлау болуда, сол себептен ол кемістікті көшіп келгендермен толтыру көзделіпті.

2025 жылға дейін жүргізілетін осы бағдарламаға солтүстіктегі көршіміздің 8 федералды айма­ғын­дағы 61 субъектінің нақты ықы­ласты екені, бұған қоса Баш­құртстан, Саха, Татарстан қаты­сатынын да білдік. Құжатта мем­ле­кет тарапынан елдің қарыштап дамуына үлес қоса алатын әлеуеті мол, ғылыми және технологиялық проблемаларды шешумен айналысатын ғалымдар мен білімге құштар талантты жастарға, студенттерге қолдау көрсетілетіні айтылыпты. Бұған қоса бағдарламада адамдарды тек жұмысқа орналас­тыру ғана емес, кәсіби білім беру, жеке кәсібін ашуға көмектесу, экономиканың түрлі салаларында инвестициялау, ауласында мал өсірушілердің ниетін қолдау сынды нақты бағыттар қамтылып, көшіп келгендердің жеңілдетілген түрде тез арада Ресей азаматтығын иелетіні де жазылған.

Қош, сонымен тінтуірге дамыл бермей әрі қарай өзге елдерде сырттан келушілерге қандай жағдай қарастырылғанын іздеуге көшкенбіз.

Франция, Шан-дю-Бул. Нор­мандиядағы осы шағын коммунадан жастар басқа жаққа кетіп, соңында 380 адам ғана қалады. Амалы құрып, қайткенде коммунаны сақтап қалуға болады деп басы қатқан мэр Патрик Мадлен 900-ден 1000 шаршы метр аралағындағы жердің әрбір шар­шы метрін 1 еуро көле­мінде сатылымға шығарады. Хабар­ламаға қызыққан 300-ден аса отбасы жер сатып алып, қоныстанады. Шан-дю-Буль керегесінің кеңей­генін көрген көрші Конфлан-сюр-Анний коммунасы да дәл осы­лай жасайды. Оларда да жаңа жер иеленушілер шығып, егесіз, жатырқап жатқан жерлерге жан бітеді. Шарт біреу ғана – бір жыл көлемінде үй тұрғызып, осы жер­дің тұрғылықты адамына айналасыз.

Жапония, Мисима ауылы. Кагоси­мада орналасқан ауылға келіп қоныс­­танушыға бірден 4530 АҚШ доллары беріледі екен. Оның сыртында жол шығы­ны ретінде 900 доллар, жалғыз­бас­ты­лар үшін ай сайынғы жәрдем­ақы 760 доллар, отбасы барға 896 дол­лар, әр балаға 90 доллар мен ме­ди­циналық көмек пен бала тууға қар­жылай жәрдем таға­йын­далған. Әрбір жаңа қоныс­тану­шыға тегін бір сиыр бөлі­ніп, ал оны алмаса 4530 доллар тө­ле­неді. Тек ауылдың жаңа тұрғы­нының жасы 55-тен аспауы, ең­бек­сүй­гіш және отбасылық құнды­лық­тар­ды баға­лайтын жан болуы шарт. Сондай-ақ жалғызбасты бол­са үйленіп, үй болуына да көмек көрсететін арнайы жоба қарас­тырылған.

Италия, Бормида ауылы. Саво­наның Лигурия таулы ай­ма­ғынан орын тепкен сұлу табиғатты Бормиданың тұрғыны боламын деушіге ауыл мэрі 2000 еуроны бір реттік төлем ретінде бері­­летінін және жеңілдетілген баға­мен аптасына 12-15 еуролық бас­панамен қамтитынын айтады. Ал ауылдың айналасында 20 ша­қы­рым мен 100 шақырым аясын­да атақты Портофино, Вари­гот­ти жағалаулары – турис­тер ағы­лып жататын өңір. Оған қоса Ли­гурияда қолдан жасалған террасалары­мен әйгілі Ұлттық «Чинкве-Терре» саябағы қоныстанушы үшін таптырмас олжа екені айтылыпты.

Германия, Оттенштейн. Төмен­гі Саксониядағы бұл қауым­дас­тықта 1000 адам қоныс тепкен. Жастар қалаға бет бұрып, жер­гілікті мектептің жабылып қалуына қауіп төнгенде бургомистр әрқайсысы 10 мың еуро тұра­тын жер телімдерін балалары бар жас отбасыларға тегін беруге шешім шығарыпты. Талап – жас отбасы Оттенштейнде 3 жыл ішін­де үй тұрғызып, балаларын мектепте оқытуы тиіс.

Қарап отырсақ, ауылдар бос қалып, оған адамдар тарту үрдісі АҚШ, Жаңа Зеландия, Кана­да сынды елдерде де бар екен. Осы­­лайша ауылдар мен тұрғыны азай­­ған шағын қалаларға жаппай қоныстандыру саясаты жемісін де бере бастапты. Мал малданып, жан жанданып, жаңа қонысқа сіңіп, бірі жер еміп, енді бірі мал бағып, қоңданып, жонданып, өз­дерін де, барған жерлерін де жұ­тын­дырып жіберіпті.

Біздің елге бұл проблемалар шет пе? Оңтүстікте тығыз қоныс­танған халық малын қайда жаятынын білмей бастары қатады. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл проблеманы өздерінің мысалында айтатынын талай кез­дестір­дік. Ал солтүстіктегі құй­қалы, сулы-нулы, егін ексең егін жайқалар, мал бақсаң ішінен ақтарылып май түсер, еті мен сүтінің дәмі таңдайыңды жұлып түсірер қаншама ауылдарда бұрын­ғы жұрттың қатары сиреп, жұтаң тартқан. Айыбы, қысы ұзақтау демесең, нағыз мал ұс­тайтын жерлер. Жуырда туыс­қан ағайым ауылға барып қайт­ты. «Шөп қалың, аттың сауыры­нан келеді, мал семіз, ағып жат­қан қымыз, сүт, әр күні бір марқадан бұқпа жеп, ауыл тұр­ғын­дарының малдылығына ра­зы болдым. Алдының отар-отар қо­йы, жүз­деген жылқысы мен елу-алпыстан сиыры бар. Бірақ ауылда адам аз, малдылар қалып, жастар жағы қала жағалап кеткен. Енді ауылдастар жиылып, бізге оң­түстіктен көпбалалы отба­сы­лар көшіп келсе, тіпті Үкімет бере­тіні­нен тыс, қазақылық жолмен үй басы тоқты-торым, тана-баспақ ерулікке бергендей байлап, алдарына мал салып берер едік, әйтпесе ауылда мектеп жабылып қалса, біздің де көшуімізге тура келеді деп қамығып отыр», деді.

Ет-сүт өнімдерін қалаға апарып сатамыз, ал жүнге обал-ақ. Теріні бұрын жиыстырып алып кетушілер болатын. Қазір олар да жоқ. Қашанғы шұлық-қолғап тоқисың, артылған жүнді көміп немесе өртеп жібереміз, депті ауыл­­дастар. Бұл бір ғана ауылға тән про­блема емес. Солтүс­тікте жат­қан көршілеріміз өз қандас­тарын шақырып алып жатқан Қос­танай, Солтүстік Қазақстан, Павло­дар, Ақмола, Қарағанды облыс­тарына таныс жағдай десек еш қате айтпаспыз.

Алайда елімізде жұмаққа бер­гісіз де ауылдар бар екен. Оның бірі – Ақмола облысындағы Роди­на ауылы болса, енді бірі – Қызылорда облысындағы Нағи Ілиясов атындағы ауыл.  You Tube желісінен Нағи Ілиясов ауылы жайлы бейнематериалды көрсеңіз, ауыл емес, қала көшелерінде жүр­гендейсіз. Ауылды көтерген Қазақ­станның Еңбек Ері Абзал Ера­лиев. «Шынында керемет, өткен жылы Қызылорда облысына іссапар барысында барып көрдік, туған жер перзентінің өз кəсібі арқылы ауылдың əлеуметтік-экономикалық жағдайына үлкен мəн бергені көрініп тұр. Суретке түсіріп алып келгенмін, нағыз үлгі аларлық жағдай. Қаншама адам сол шаруашылықта жұ­мыс істеп отыр. Ералиевтердей ауылына қаражатын құятын азамат əр ауылда болса, керемет болар еді. Әр кәсіпкер туған жерін дәл солай сүйіп, дәл солай гүл­дендіруге барын салса, ең ал­дыңғы елдің қатарына қосылар едік. Халыққа жағдай жасап, әрқайсысына жұмыс тауып беріп қойған. Қиыншылық туса, алдағы айлықтарының есебінен қаржы да алады. Ауылдың инфрақұрылымы таңдай қағарлықтай. Бұл – Қазақ­стан үшін үлгі боларлық жағ­дай», дейді сауалыма жауап бер­ген Ләззат Зейнекина, Әдемау Толыс­баева, Райхан Есіркепова сынды желі қолданушылары.

Шынында, ауыл керемет, көз­дің жауын алар гүлзарлар, аспан­­ға суы атқылаған хауыздар, супер­­маркеті мен стадионы, мей­рам­­ханасы мен медициналық қызмет көр­сету орындары – бар­лығы ойлас­­­тырылаған ауыл­дың ең бас­ты жетістігі осында тұратын адамдар пси­­хо­логиясының өзгеруі дер едім. Тап-таза ауыл, айнала жа­мыл­ған көк жасыл желек, әр үйдің аула­сы­ның тазалығы соны ай­ғақ­тай­ды. Жанашырлыққа іскер­лік қо­сылса, қаражаты бар бір тұл­­ғ­а­ның өзі ауылды гүлдендіре ала­­ды. Қолдан келмейтін дүние емес, адам­ның жасағанын адам жа­­сай алады. Тек қалауын табумен бір­­ге үлкен жанашырлық керек. Оны алыс-жақын елдердегі жоға­ры­да келтірілген мысалдар да дәлелдейді.