• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Маусым, 2020

Әкімі оқшауланған облыстағы індетпен күрес ойдағыдай ма?

401 рет
көрсетілді

Жұқпалы індеттің таралуы Жетісу жерінде де өршіп тұр. Қазірге дейін облыста коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 700 адамнан асты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аймақтағы індетпен күрес жұмысы қалыпты жүріп жатыр. Қазір барлық емханар мен ауруханалар негізгі қызметін атқаруда. Өңірдегі "Жедел жәрдем" стансасы да қалыпты режимде жұмыс істеп тұр екен, - деп жазады Egemen.kz

"Бүгінге дейін облыста тұрғындар тарапынан шағымданушылар көп болғанымен, ауруханаларда орын тапшылығы сезіле қойған жоқ. Адамдардың өз денсаулығына алаңдауы орынды, сондықтан кез келген сұрақ бойынша емдеуші дәрігер мен "Жедел жәрдем" қызметіне хабарласушылардың саны артқаны анық. Мұндай жағдайдың Талдықорған қаласы бойынша көбейгені байқалды. Бірақ, дәрігерлер әр шағым бойынша жұмыс істеп жатыр. "Жедел жәрдем" қызметі аса ауыр жағдайдағы науқастарға бірінші кезекте көмек көрсетуде. Қала ауруханаларында орын саны жеткілікті. Науқастың сипатына қарай ауруханаларға бөліп орналастыру қолға алынған", деді бізге облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.

Алайда, облыс орталығындағы жағдай бақылауда болғанымен, 2 млн тұрғыны бар облыстағы ахуалды толыққанды оң бағалауға келмейді екен. Әсіресе, ауылдық өңір тұрғындары тарапынан медицина мекемелеріне көмек сұрап келушілер саны артыпты. Мұндай жағдай Алматы қаласы маңындағы аудандарда байқалып отыр екен. Мысалы, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандарына қарасты ауылдардың тұрғындары маман дәрігерлердің тапшылығы мен "Жедел жәрдем" стансасының жұмысына көңілі толмайтыныдығын айтып, шағымдануда. Жалпы Алматы облысының жекелеген аудандарында "Жедел жәрдем" қызметінің бір бригадасы 10 000 тұрғынға қызмет көрсетуге мәжбүр екен. Сондай-ақ, облыстың денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы қатты сезіліп отыр. Бұған дейін облыс әкімінің есебінде аймақта 214 маманға сұраныс бар екені мәселе ретінде көтерілген еді.

Соған қарамастан облыс дәрігерлері дертпен күресте барлық мүмкіндікті пайдалануда. Олардың қатарында Қапшағай қаласының ақ желеңді абзал жандары да бар. Дерек бойынша, қазірге дейін Қапшағай қаласында 170 адам "вирустық пневмония" диагнозымен ауруханаға жатқызылған. Қаладағы ауруханың терапия және балалар аурулары бөлімшелері қайта жабдықталып, провизорлық бөлімге айналып, орын саны 180 төсекке дейін көбейген. Барлық палаталарда оттегі тасымалдайтын баллондар орнатылған. Қала бойынша 7 "Жедел жәрдем" көлігі тұрақты жүріп тұр. Ал індетпен күрес пен халыққа медициналық жәрдем көрсету жұмыстары Панфилов ауданында да алгоритм бойынша жүргізілуде. Елді мекендерде тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылған екен.

"Аудан бойынша 3 жедел топ құрылған. Олардың негізгі жұмысы күнделікті мониторинг жасау. Ауыр жағдайдағы науқастарды қарап, алгоритм бойынша қандай тексерулер жасау қажеттігін және емделу бағыттарын айқындайды. Ауданда 30 орындық госпиталь, 20 орындық провизорлық бөлім жұмыс істейді. Әкімшік медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетіп отыр. Жұысқа шыққан қызметкерлердің барлығы қонақ үйге орналастырды. Оларды тасымалдауға арнайы көлік бекітіліп, күнделікті медицина колледжінің 12 студенттері волонтерлық көмек көрсетуде. Яғни, еріктілер науқастарға үйіне тегін алатын дәрілерін жеткізіп беру, басқа да қызметтерге көмектесетін болады", дейді Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Қанағат.

Айтпақшы, коронавирус індеті облыс әкімі Амандық Баталовты да айналып өтпеді. ПТР тест нәтижесінде вирустық инфекция жұқтырғаны анықталған аймақ басшысы қазір Талдықорғандағы көпсалалы аурухананың провизорлық бөлімінде оқшауланған. Сондай-ақ, індет жұқтырған Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев те тиісті ем-дом қабылдауда.

"Облыс әкімнің жағдайы жақсы. Провизорлық бөлімшеде ем қабылдауда. Жақында әкім аурухананың тұтас бөлімшесінде бір өзі ғана жатыр деген сыбыс тараған еді, бұл – жалған. Қазір Амандық Баталов басқа емделушілермен бірге дәрігерлер бақылауында, ол жатқан бөлімде он бір адам оқшауланған",  дейді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

 

Алматы облысы