Ақпарат кеңістігіне «Ақыл ойдың айнасы» деген ұранмен жол тартқан «Abai tv» мәдени-ағарту телеарнасының ресми таныстырылымы өтті. Салтанатты шараға Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ғалым Намазалы Омашев, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева қатасты.
Жұмысын енді бастаған телеарна ұлттық және әлемдік өнер мен мәдениеттің інжу-маржандарын, түрлі ұлттардың әдеби және тарихи жауһарларын, түрлі спектакльдер мен қойылымдарды қалың бұқараға ұсынбақ.
«Бүгін тұсауы кесіліп отырған жаңа телеарна мәдени-ағартушылық салаға үлес қосуды, ұлт қазынасын толтыруды көздейді. Жаңа арнаның «Абай» деп аталуы тегін емес. Біріншіден, мәдени-ағарту бағытындағы жалғыз телеарнаға ұлт руханиятының темірқазығы Абайдың атын беру – өте орынды. Өйткені ұлы ақынның өнегелі жолы әлі талай ғасырға жалғаспақ. Екіншіден, жаңа телеарна төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттауды мақсат етіп отыр. Бұл тұрғыда ұлы ойшылдың «пайда ойлама, ар ойла», «талап қыл артық білуге», «әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан» деген өсиеттерін есте ұстауымыз керек. Сондай-ақ ол өнер мен кәсіп үйренуді байлықтың кілтіне, ұлттың қуатына балаған. Ұлы ақын тағы бір сөзінде «адам баласын заман өсіреді» дейді. Жаңа телеарнамыздың жұмысы да осы қазіргі дәуірдің талабына бейімделеді.
Зиялы қауымның басты борышы – қоғамға, әсіресе жастардың бойына тәрбиені, ізгілікті, отансүйгіштікті дарыту. Жаңа телеарна осы жолда сіздерге ұтымды құрал, ашық пікір алаңы болады деп ойлаймын. Осы тұрғыда «Абай» телеарнасының ашылуы ұлы кемеңгердің мерейтойы аясындағы шоқтығы биік шара деуге болады», деді Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев.
«Abai tv» арнасының ашылуы – қазақ қоғамы үшін үлкен мереке. Бұл өркениетіміз бен мәдениетіміз үшін маңызды арналардың бірі болады деп сенемін. Мәдениет саласындағы азаматтарды телеарнаға өнімдері мен өнерлерін ұсынуға шақырамын», деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.
Жаңа телеарна Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылды және қазақстандықтарды ұлы Абай мұрасы, Қазақстанның және бүкіл әлемнің мәдениеті мен өнерінің жетістіктерімен таныстыру жолында жұмыс істемек. Ал ол үшін «Абай жолын бірге оқиық», «Сарасөз» бағдарламалары дайындалды. Одан бөлек телеарнаның бағдарламалары қатарында қазақ қаламгерлерінің драмалық шығармаларын талдауға арналған «Үркер», жастардың «Жыр майданы», қазақ музыкасының мәдениеті мен тарихы жайындағы «Музыка Великой степи», спектакльдер мен балет қойылымдарына арналған «Премьеры» бағдарламасы көрерменге жол тартпақ.
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалы жаңа арнаға «Осы бір кездің өзінде қиыншылыққа қарамастан жаңа телеарнаның ашылуы, соған барлық мүмкіндікті жасау – игі іс. Абайдың аты – өте ардақты. Осы арнада қызмет ететін қыз-жігіттердің мойнына ауыр жүк артылады. Абай атын иеленгеннен кейін Абайдың әділдігін, ойшылдығын, сөзге деген ерекше ықыласын, ғажайып жырлары мен әндеріндегі нәзіктік пен сұлулықты сақтап, сол биіктен көріну керек», деген ізгі тілегін білдірді.
Телеарна бүгіннен бастап қазақ және орыс тілдерінде тәулігіне 17 сағат (07:00-ден 00:00-ге дейін) хабар тарататын болады. Арнаға «Otau TV» ұлттық спутниктік операторы, «Alma TV», «ID TV» кабельдік желілері арқылы қосылу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар www.abaitv.kz ресми сайтынан онлайн режімде тамашалай аласыз.