• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Шілде, 2020

Аудандық ауруханаларға орналастырылады

289 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір басшылары мен ведомство жетекшілеріне сөгіс жариялап, ескерту бергені белгілі. Коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте сөгіс алған әкімдердің қатарында тағайындалғанына алты айдай уақыт болған Павлодар облысы­ның әкімі Әбілқайыр Сқақов та бар.

Денсау­лық сақтау басқар­масының мәлі­метінше, облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған 740 адам анықталған, 370 адам індеттен жазылды. Қазір барлық емхана мен аурухана, жедел жәр­дем стансасы қалыпты режімде жұмыс істеуде. Соңғы күндері науқас­танған 30 адам облыс орталы­ғынан болса, 1 адам – Екібастұз қаласының тұрғыны. Науқастар қалалық инфекциялық ауруханаларға жатқызылған, жағдайлары қалып­ты, хаттамаға сәйкес ем таға­йындалды, байланыста болуы мүмкін адамдар тобы анықталды.

Ал аудандардағы емдеу орын­дарында 2 мың адам орналас­тырылған. Қосымша орындар аудандық орталық ауруханаларда ашылды. Өткен тәулікте өңірлік стационарларға 531 адам медициналық көмекке жүгінді. 285 пациентте пневмония, 180 адамда ЖРВИ анықталған. Барлығы 1429 адам пневмония және 196 адам ЖРВИ диагнозымен жатыр. Аудандық ауруханаларда медициналық персоналға жүктеме аз болғандықтан, кадрлар тарту бойынша тиісті шаралар қабылданды. Жергілікті бюджет есебінен қосымша қонақүйлерде тамақтану және тұру үшін тиісті қаражат бөлінді.

Пандемия басталған сәтте Павлодар қалалық №3 аурухана­сын­да уақытша қарау мекемесі ретінде 385 орын ашылды. Сон­дай-ақ кардиоорталық ғима­рат­ында 135 орын ашылды. Г.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада 282 орын дайындалды. Кеше қалалық №1 ауруханада қосымша 200 уақытша қарау орны әзірленді. Дәрілердің қай дәріханаларда бар екені жөнін­дегі ақпарат қалалық әкімдіктің Instagram парақшасында жария­ланады.

– Қосымша орындар ашу арқылы провизорлық төсек саны 1232-ден 1672-ге дейін өсті. Егер бұрын симптомдары коронавирус инфекциясын жоққа шығармайтын барлық пациент Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы провизорлық стационарларға жатқызылса, енді ауыл тұрғындары COVID-19 күдігі болған жағдайда орталық аудандық ауруханаларға орналасады. Әр ауданда провизорлық төсек-орындар ашылды немесе провизорлық карантиндік төсек-орын ретінде қайта бейімделді. Мысалы, Шарбақты аудандық ауру­ханасында 100 төсек-орын ашылды. Тағы бір 160 орын­дық провизорлық госпиталь бала­лардың туберкулезге қарсы шипажайында дайындалды.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқа­қов өңір тұрғындарына жеке па­рақ­шасында жиі үндеу жария­лап, карантин шараларын берік ұс­тануға және дәрігерлерді қол­дауға шақырады. Сондай-ақ об­лыс­тық денсаулық сақтау басқар­масы басшылығымен және ауру­ханалардың бас дәрігер­лері­мен он­лайн режімде эпидемия­лық жағдайды талқылап, қажетті шаралар жоспарын қабылдады.

«Әрқайсымыз себепсіз дала­ға шыға бермей, адамдар көп шоғырланған жерден аулақ болып, барлық қауіпсіздік шара­ларын ұстанатын болсақ, ауру­дың таралуын бәсеңдетеміз. Үйде қалған бір күн сізді ауру­ханадағы екі аптадан сақтай алады. Карантинді күшейту – бұл қажетті шара. Карантинді күшейту адамдардың көптеп жиналуын болдырмаудың жал­ғыз жолы болып көрінеді. Каран­тин шараларын адамдар өз ден­саулықтарына немқұрайлы қара­май, барлығына түсінушілік танытқан жағдайда ғана тоқтатуға болады», деді облыс әкімі Ә.Сқақов.

 

Павлодар облысы