• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Коронавирус 01 Шілде, 2020

Дәрігерге жүктеме көбейді

224 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген коронавирус індетінің таралуына қарсы арнайы кеңесте өңірлердегі ауруханаларда науқастар жататын орынға, медицина қызметкерлеріне және дәрі-дәрмектер мен медициналық құрал-жабдықтарға тапшылық айқын сезіліп отырғаны қатаң сынға алынды.

Мұндай көріністер кеңесте аталып өткендей, Ақтөбе облысында да орын алды. Мұның себебі неде?! Өңірдегі 573 дәрі­ханаға дәрі-дәрмектер белгі­ленген көлемде әрі дер уақы­тында жеткізілсе де, бүгінгі орасан ауқымдағы сұранысты қана­ғаттандыра алмай отыр. Өйт­кені індет күн сайын өр­шіп барады. Соңғы аптада ви­рустың бір тармағы – пневмониямен ауырғандардың саны 6-7 пайызға дейін күрт өсті. Мұндай сыни шақта дәріхана иелері қорды сұранысты то­лық қамтамасыз ететіндей деңгейде толықтырып отыруы қажет. Олардың арасында күр­де­лі кезеңді жеке мүддесіне пайдаланып, бағаны өсіруге ұмтылғандары да бар.

Сондай-ақ аймақта ауру­ханаға жатқызылушылар қа­тары күн сайын артып келеді. Өт­кен маусым айында 464 адам сауығып шықты. Әйтсе де бүгінде қос өкпенің бірдей қа­бынуы салдарынан адам өлімі көбейді. Атап айтқанда, аймақта 62 адамның өлімі пневмония­ның асқынып кеткен жағдайын­да тіркелген. Осы орайда басым бөлігінің қан қысымы, жүрек ауруы және қант диабеті сияқ­ты қосымша сырқаты болған. Бүгінде ауруханаға пнев­мониямен түскендердің дені ауруын асқындырып алғандар. Екіншіден, қазір облыста зертханалық тексерулер вирус жұқтырғанын көрсетпесе де, оларға КВИ сынамасы бойынша ем жасалуда. Медициналық мекемелерге ауыр жүк түсті.

Күрделі жағдайға байланысты соңғы аптада Ақтөбеде жергілікті атқарушы органдар тарапынан қосымша шаралар қабылданды. Сөйтіп карантиндік стационарларға қосымша 2 мыңнан астам кереует әзірленді. Соның ішінде туберкулез ауруханасында 500 орын провизорлық емдеу орны ретінде жасақталды. Алдағы күнде тағы да қосымша 150 орын қосылмақ. Оған қоса тамызға дейін 200 орын жасақталмақ. Осылайша облыс­та негізгі күшті провизорлық гос­­питальдарға жұмылдыру көз­­делген. Сонымен бірге бар­лық емхана жанынан күндізгі стационарлар ашылды. Онда тәулігіне 200-ден астам адам ем қабылдайды. Үшінші­ден, өңірде 4800 дәрігердің қатарына қосымша ем жасау мен дәрігерлік көмек көрсету үшін М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің резиндент­тері мен оқытушы профессор­лар құрамы тартылды. Сондай-ақ жедел жәрдем қызметі мен провизорларға қосымша көмекке Ақтөбе медицина колледжінің 100-ден астам түлегі шақырылды. Төртіншіден, өңірде бүгіннен бастап барлық емдеу мекемелерін «СК-Фар­мация» құрылымы арқылы дәрі-дәрмектермен толық қамту шаралары белгіленді.

Еліміз бұған дейін қандай да бір жұқпалы инфекциялық және эпидемиялық аурулардың ошағы болып есептелмегендіктен инфекционист дәрігерлердің саны шектеулі болып келді. Соның салдарынан барлық жердегідей Ақтөбе облысында да бүгінде КВИ-дің есебіне шығатын пневмония дерті өршуде. Мұн­дай жағдайда әрбір инфекционист дәрігерге түскен жүктеме 5-6 есеге дейін өсіп отыр. Бұл жөнінде Ақтөбе облысының бас инфекционист дәрігері Мей­рамбек Құрманғазин айтып берді. Олар мұндай алты еселен­ген жүктемені көтере алмайды. Сондықтан да саны өспе­ген бұрынғы құрамдағы ин­фек­ционист дәрігерлер қазір негізінен кеңес беруші, кон­си­лиумдарға қатысып ой қоры­ту­шы және ауруды емдеуге қатыс­ты бағыт-бағдар, жол сілтеуші міндетін атқаруына тура келіп отыр. Бұдан басқа жол жоқ деп тұжырымдады ой-пікірін өңірдің бас инфекционисі. Міне, осының бәріне бағыт-бағдар, кеңес беруші өңірдегі саны шектеулі инфекционист мамандар.

Түйіп айтқанда, Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген арнайы жиында Ақ­төбе облысында індетпен кү­рес және оны ауыздықтау мәселелері өз деңгейінде емес екен­дігі жөнінде өткір сын айты­лған кезге дейін әрі одан кейін облыста бұл мәселені жолға қою жөнін­де шұғыл іс-шаралар кешені жасақталды. Бұған бірқатар дерек пен мысал жоғарыда айтылды да.

 

АҚТӨБЕ