Польшада президенттік сайлау өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша қазіргі ел басшысы Анджей Дуда мен Варшава әкімі Рафал Тшасковский тиісті 50 пайыздық межеден аса алған жоқ. Осыған байланысты сайлаудың екінші кезеңі 12 шілдеге жоспарланып отыр.
Қазірге дейін Дуда – 43,7 пайыз, Тшасковский 30,3 пайыз дауыс жинаған. Айта кету керек, Польша орталық сайлау комиссиясы бюллетеньдердің 99,78 пайызын санап шықты. Сайлаудың нәтижесі алдағы уақытта нақты белгілі болады. Алайда қазірдің өзінде президентті анықтау екінші кезеңге қалдырылғаны айтпаса да түсінікті.
Мемлекет басшысы қызметінен 11 кандидат үміткер болды. Елде 27 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істеді. Президент сайлауының бірінші туры мамыр айында өтуі тиіс еді. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты сайлау кейінге шегерілді.
Exit poll жүргізген сауалнамаға сүйенсек, Анджей Дуданы қолдайтындар саны 42 пайызды құраған. Ал оның басты қарсыласы – Варшаваның мэрі Рафал Тшасковскийге халықтың 30 пайызы дауыс бергенін айтқан. Үшінші орын тәуелсіз үміткер Шимон Холовняға бұйырды. Ол 14 пайыз дауыс жинаған.
А.Дуда exit-poll-дың нәтижесі шыққаннан кейін халыққа жолдау жасап, қолдайтындар саны артқанын мәлімдеді. Осыдан бес жыл бұрын бірінші кезеңде дауыс бергендер саны қазіргіден әлдеқайда аз болатын. «Бес жыл бойы саясатта жүріп, көптеген сынға қалып, шабуыл жасалып, қиын шешім қабылдадым. Соның арқасында осы нәтижеге қол жеткізіп отырмын», деді ол.
Ал Тшасковский өз сөзінде басқа үміткерлерге дауыс берген тұрғындарды өзін қолдауға шақырып, Дудаға қарсы шығуға үгіттеді. «Бұл нәтиже маңызды мәселені көрсетті. Қоғамның 58 пайыздан астамы өзгерісті қалайды. Сол азаматтарға сіздердің үміткерлеріңіз екенімді, өзгерістің үміткері екенімді айтқым келеді», деп мәлімдеді.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл жолғы сайлаудың өзгешелігі көп болып тұр. Мәселен, 2015 жылғы дауыс беру кезінде электораттың 49 пайызы ғана қатысқан. Биыл бұл көрсеткіш 63 пайызды құрады.
Екінші кезеңнің басты фавориті – Анджей Дуда екеніне қарамастан, Тшасковскийдің де мүмкіндігі мол. Біріншіден, қазіргі президентті қолдайтындардың басым бөлігі орта жастан асқандар. Оның үстіне, таяуда Дуда мырза гейлерге қатысты пікір білдіріп, елдегі құқық қорғаушылар мен шетелдіктердің сынына қалған еді. Енді оған Польшада қырын қарайтындар табылуы мүмкін.
Екіншіден, Ipsos компаниясы жүргізген exit-poll-дың нәтижесіне сүйенсек, Тшасковскийді көбіне жастар жағы қолдайды. Ал Дудаға дауыс берген 18-29 жас аралығындағылар небәрі 19 пайыз ғана. Яғни, екінші кезеңде басқа үміткерлерді қолдаған жастардың Тшасковскийдің жақтасына айналуы әбден ықтимал.
Үшіншіден, биылғы сайлау науқаны кезінде үміткерлер түрлі тәсілді қолданды. Әсіресе халықаралық жобаларды да пайдалануды көздеген-ді. Мәселен, президенттіктен үміткерлер енді Вислин мүйісіне канал қазу жобасын саяси науқанның бір бөлігіне айналдырды.
Естеріңізде болса, Польшадағы Вислин мүйісіне канал салу туралы әңгіме қозғалып, шешім қабылданған-ды. Құрылыс аяқталғанда 100 шақырымға дейінгі су жолы қысқартылып, Балтық теңізіне тікелей шығуға мүмкіндік жасалмақ. Жоба туралы талайдан бері айтылып келе жатқанымен, оның құрылысы 2019 жылы басталған-ды. Польша президенті Анджей Дуданың айтуынша, канал салу арқылы Польша Ресейдің ықпалынан құтылып, тәуелсіздігін нығайта түспек. Ел президентінің пайымдауынша, мұндай жобалар қосымша жұмыс орнын ашады.
Польшада бұл жобаға қарсылар жетерлік. Әсіресе елдегі оппозиция өкілдері жобаның өзін ақтамайтынын алға тартады. «Азаматтық алаң» оппозициялық блок тарапынан сайлауға түсіп жатқан Рафал Тшасковский жеңіске жетсе, құрылысты тоқтатуға уәде берді.
Бір қызығы, екінші кезеңнің нәтижесі бірінші турда үшінші орын алған Шимон Холовняға байланысты болмақ. Оның 14 пайыз дауыс жинағанын жоғарыда айттық. Gazeta Wyborcza басылымының хабарлауынша, Ш.Холовня алдағы уақытта екі үміткерге қатысты ұстанымын мәлімдемек. Яғни, Шимонның жақтастары екінші кезеңде кімге дауыс беретіні оның бір ауыз сөзіне байланып тұр.