Кеше Парламентте палаталардың бірлескен отырысы өтті. Онда депутаттар бесінші парламенттік сессияны қорытындылады. Парламент сессиясын жабу отырысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Алтыншы сайланған Парламенттің бесінші сессиясы заң шығару жұмысының көлемі бойынша да, қабылданған заңдар шешімін табуға ықпал ететін міндеттер бойынша да өте ауқымды болды.
Сессия барысында палаталардың 3 бірлескен отырысы өтті. Мәжілістің 41 жалпы отырысында 296 мәселе қаралса, Сенат 25 жалпы отырыста 165 мәселе қарады. Бесінші сессия кезінде қос палатаның қарауында 161 заң жобасы болды, оның 98-і қабылданды. Бүгінгі күні Парламент қабылдаған заңдардың 86-сына Мемлекет басшысы қол қойып, олар заңды күшіне енді.
Парламент қабылдаған «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң мемлекет саясатының әлеуметтік бағыттылығын толық көрсетеді. Әлеуметтік саланы дамытуға республикалық бюджеттің барлық шығысының жалпы көлемінің 46%-ы бөлінді.
Сонымен қатар Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жалпы отырыс кезіндегі талқылауда экономикалық өсудің басты факторы бөлінетін қаражат көлемі мен оларды игеру емес, тиімді жоспарлау мен нақты нәтижелерге қол жеткізу екенін атап өтті.
Бұл мәселені депутаттық корпус 2019-2021 жылдарға арналған бюджетке түзетулер енгізу кезінде, сондай-ақ Үкімет пен Есеп комитетінің өткен жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарау кезінде де көтерді.
Бесінші сессия ішінде депутаттар қазақстандықтардың өміріндегі өзекті мәселелерді шешу үшін заң шығаруға бастама жасау бойынша өзінің конституциялық құқығын белсенді пайдаланды.
Осы сессияда депутаттар өздері бастамашы болып, 35 заң жобасын әзірледі, олардың 12-сі қазірдің өзінде қабылданып, 23-і бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Депутаттар ана мен баланы қорғау, салық салу, аудиторлық қызмет, қылмыстық заңнаманы жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, ауылдық елді мекендерде интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету, білім беру, ғылым және басқа мәселелер бойынша заңнамалық түзетулер енгізуге де бастамашылық жасады.
Бесінші сессия кезеңінде қос палата да әлеуметтік саладағы заңнаманы жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Парламент, ең алдымен «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдады. Жаңа заңда педагог кәсібін реттейтін барлық құқықтық нормалар бар. Аталған заң педагогтер мен оқушылардың жүктемесін қысқартуды бекітеді, мұғалімдер мен мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлерін ынталандыру үшін міндетіне кірмейтін артық функциялардан босатуға ықпал етті.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасы қоғамда кеңінен белсенді әрі мазмұнды пікірталас тудырды. Сондықтан Парламенттің қос палатасының депутаттары үкіметтік емес ұйымдар, медицина қызметкерлерімен, азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз ынтымақтаса отырып, оңтайлы нұсқа іздеу мақсатында заң жобасын мұқият және жан-жақты қарады.
Жаңа Кодекс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық денсаулығын сақтау жүйесін жақсарту туралы тапсырмаларын ескере отырып әзірленіп, отандық денсаулық сақтауды реформалау тетіктері қамтылды.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Парламент «Ардагерлер туралы» заң қабылдады, онда ардагерлерімізге жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктер белгілейтін құқықтық нормалар алғаш рет жүйеленіп, топтастырылды.
Халықты әлеуметтік қорғау саласында Парламент депутаттары қабылдаған «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңның да маңызы зор.
Өткен сессияда депутаттық корпус жұмысының басым бағыты Мемлекет басшысының саяси реформаларының заңнамалық негізін қалыптастыру болды.
«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жиналыстарды, митингілерді, демонстрациялар мен шерулерді ұйымдастыру мен өткізудің қолданыстағы рұқсат беру тәжірибесін хабардар ету тәжірибесін түбегейлі өзгертті. Бұл заң «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай келеді.
Депутаттардың өздері әзірлеген «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның, парламенттік оппозиция мәселелеріне қатысты заңның қабылдануы елімізде демократияны нығайтудағы маңызды қадам болды.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өткендей, «парламенттік оппозиция» ұғымын заңнамалық тұрғыда бекіту қазақстандық парламентаризм тарихында жаңа бет ашты. Атап айтқанда, Мәжілістегі парламенттік оппозицияға комитеттердің бірінің төрағасы мен басқа екі комитет хатшыларының лауазымына, парламенттік тыңдау өткізуге бастамашылық жасау, бірнеше үкімет сағатының күн тәртібін айқындау құқығына, сондай-ақ парламенттік оппозицияға өз пікірін білдіру үшін кең ауқымды мүмкіндіктер беретін басқа да нормаларға кепілдік беріледі.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға және «Саяси партиялар туралы» заңға депутаттар енгізген түзетулердің де маңызы зор. Алғаш рет партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін міндетті 30 пайыздық квота енгізілді. Бұдан басқа саяси партияларды тіркеу үшін кедергі екі есеге, яғни 40 мыңнан 20 мың адамға дейін азаяды.
Сот жүйесін жаңғыртудың берік құқықтық базасын жасау, сот шешімдерінің сапасын жақсарту мақсатында Парламент «Қазақстан Республикасының Азаматтық-процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын енгізу, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдады.
Депутаттар қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасымен жұмыс істей отырып, есірткі тарату, адам саудасы, педофилдік, сексуалдық зорлық-зомбылық және жеке адамға қарсы, әсіресе балаларға қарсы басқа да ауыр қылмыстардың жазасын қатаңдатуға әсер етті.
Өткен сессияда Парламент қабырғасында 13 үкіметтік сағат, 5 парламенттік тыңдау, 20 дөңгелек үстел, комитеттердің 27 көшпелі отырысы және 2 конференция өтті. Парламенттік тыңдаулар агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, Қазақстанның су қауіпсіздігі, заң шығару процесін одан әрі жетілдіру сияқты мәселелерге арналды.
Сессия жұмысы кезеңінде Парламенттің қос палатасының депутаттары 308 депутаттық сауал (оның 204-ін Мәжіліс депутаттары, 104-ін Сенат депутаттары) жолдады. Осы сессия барысында Парламент депутаттарына азаматтардан шамамен 9 733 хат келіп түсті, олар қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралды.
Парламенттің қос палатасының депутаттары коронавирустың таралуына қарсы іс-қимыл және төтенше жағдай кезінде тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі ел басшылығының тапсырмаларын бірауыздан қолдап, заң шығару қызметіне барлық күш-жігерін салды. Жалпы алғанда, заң шығару жұмысының қарқыны серпінді болып, қабылданатын шешімдер жеделдетілді.
Парламент депутаттары елде тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруға атсалыса отырып, ұлттық экономика, ауыл шаруашылығындағы егіс жұмыстарын уақтылы жүргізу, халықты әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау саласындағы жүйелі шаралар, эпидемиялық жағдайды тұрақтандыру, барлық деңгейдегі білім беру сапасы секілді мәселелерді ерекше бақылауға алды.
Алдағы алтыншы сессияда Парламенттің қос палатасының депутаттары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының ережелерін іске асыруды жалғастырады.
Қазіргі уақытта Парламент қоржынында 61 заң жобасы бар. Мұнда Экологиялық кодекс, өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау туралы, өсімдік әлемі туралы заңдар назарға алынады. Сонымен қатар «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері жөніндегі, биліктің аудандық, қалалық және ауылдық деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері жөніндегі және тағы басқа да заңдарды қабылдау аса маңызды болмақ.