Бұл әр жыл сайын орын алатын көрініс. Биыл да қарыз бастан асып жатыр. Бұл жай жаңа жылу беру маусымына дайындық жүргізуге қолбайлау болады, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Жыл қорытындысы бойынша ақау анықталған агрегаттар күрделі жөндеуден өтіп, құбырлар ауыстырылып жатыр. Мәселе аз емес, бір бүйірде тұтынушылардан қарызды өндіріп алу ісі де тұр. Қала тұрғындарының жылуға қарызы 192 миллион теңгеге жеткен. Жаман тұмау жайлағалы кәсіпорын тұтынушыларға қарыздары үшін өсімақы белгілемеген.
Биыл "Көкшетау жылу" серіктестігі ұзындығы 4 шақырымды құрайтын жылу құбырларын жаңартпақ. Жыл сайын 10 шақырымнан аса жылу құбыры ауыстырылады. Сонымен қатар, қазірде ақау анықталған жылу агрегаттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
"Жылу маусымы аяқталған кезде ақау анықталған агрегаттар белгіленеді. Қазірде сол жасалған актілер бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазандықтарға жөндеу жүргізілуде", – дейді "Көкшетау жылу" кәсіпорнының бас инженері Данияр Ақыбаев.
Маусымның соңында көкшетаулықтардың қарызы 296 миллион теңгеге жеткен болатын. Екі айдың ішінде 167 миллион теңге көлеміндегі қарыз өтеліп, 56 процентке азайды. Қазірде жеке тұлғалардың жылуға берешегі 152 миллион болса, заңды тұлғалардың қарызы 40 миллион теңге.
"Төтенше жағдай кезінде қарызды өндіріп алу ісі де тоқтатылды. 5 жыл бойы төлемей келе жатқан тұтынушылар бар. Олармен жұмыс жүргізіледі. Қарызды өтеудің кестесін белгілеп, ай сайын өтеуге мүмкіндік береміз", – дейді кәсіпорын қызметкері Сұлушаш Қазденова.
Қарызы қордаланған заңды тұлғалардың бірінің жылу үшін берешегі 12 миллион теңгеге жетіп отыр. Нысан иесіне сотқа дейінгі ескерту жіберілді. Басқа да борышкерлермен қарызды өтеуге байланысты жұмыстар мықтап қолға алынды.