Республикалық маңызы бар 160-220 "Ақтөбе-Атырау-Астрахань" автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жолдың 60 шақырымындағы жұмыстарды жолшылар жоспарға сәйкес орындап жатыр. Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.
Қазіргі таңда мұнда ірі түйіршікті асфальт-бетоннан жасалған жол жабындысының төменгі және жоғарғы қабаттары жаңартылуда. Аталмыш жұмыстар аяқталған соң ені 9 метрді құрайтын қозғалыс бөлігі бар тасжол ІІ техникалық санаттағы жолға сәйкестендірілетін болады.
Жолдың осы учаскесіндегі жұмыстарға шамамен 175 адам мен техниканың 116 бірлігі жұмылдырылған. Жол учаскесіндегі құрылыс-монтаждау жұмыстарын Todini Costruzioni Generali S.p.A. мердігерлік компаниясы, техникалық бақылау шараларын "Consult Enginering" және "ZS Enginering" компаниялары жүзеге асыруда.
Жалпылай алғанда, биыл Ақтөбе облысында "Ақтөбе-Атырау-Астрахань" тасжолының 154 шақырымында қозғалыс ашылмақ. Бұл – жолдың 160-220, 236-275 және 275-330 шақырымдарының аралығы.
Еске салайық, өңірдегі республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 1892 шақырымды құрайды. Жолдардың шамамен 70% жақсы және қанағаттандырарлық жағдайда.