"Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театры TengriTV және театр сайты арқылы өнерсүйер қауымның назарына жиырмадан астам опера және балет туындысын, сондай-ақ әлемдік және отандық классиканың інжу-маржандарынан концерттік бағдарламалар ұсынбақ.
Онлайн-көрсетілімдердің репертуарынан байқағанымыз, ересектермен қатар жас көрермендердің де талғам-талабы барынша ескерілген сияқты. Мысалы, елордалық театрдың музыкатанушылары мектепке дейінгі және мектеп жасындағы жеткіншектердің жазғы демалысына орай "Балаларға арналған классика", "Театрға саяхат" және "Балалар театрға шақырады" топтамаларын –С.Прокофьевтің "Петя мен қасқыр" симфониялық ертегісін, "Ішекті аспаптар үні", "Түрлі дауыстар әлемі", "Үрмелі және соқпалы аспаптар үні", К.Сен-Санстың "Жануарлар карнавалы" зоологиялық фантазиясын қазақ тілінде, Э.Григтің "Пер Гюнттың саяхаты" концертін тарту етпек.
Ал жалпы көрермен жақын күндерде "Астана Опера" балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованың қойылымындағы Людвиг Минкустың "Дон Кихот", Адольф Аданның "Корсар", Фридерик Шопеннің музыкасына жазылған "Шопениана" қойылымдары мен т.б. атақты хореографтардың балет спектакльдерін тамашалай алады.
Театр ұжымы ұлттық және батыс еуропалық классиктердің жауһар туындыларын, атап айтқанда, Евгений Брусиловскийдің "Қыз Жібек", Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің "Абай", Джоаккино Россинидің "Жібек саты", Джаккомо Пуччинидің "Тоска" және т.б. қойылымдарын, сонымен қатар "Астана Опера" театрының бас дирижері Алан Бөрібаевтың – "Италиядан келген хаттар", дирижер Абзал Мұхитдиннің "Жылдың сегіз мезгілі: Антонио Вивальди мен Астор Пьяццолла" жобаларын, Б.Қайырбековтің "Табысқан сұхбаттастар" шығармашылық кешін шілде мен тамыз айлары кестесіне енгізіп отыр. "Астана Опера" Камералық залында өткен тамаша концерттер де көрермен көзайымына айналып, ұлы ойшыл, ағартушы, хакім Абай Құнанбайұлының туған күні құрметіне 10-тамызда ұсынылатын Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің "Абай" операсы жылдың ең айтулы онлайн оқиғасы ретінде ел есінде сақталады деп күтілуде.
Тағы бір айта кететін жайт, TengriTV-дің дизайны заманауи тұрпатқа лайықталып, көрермен талғамына сай жаңғыртылып ұсынылуда. Ол пайдаланушылар үшін мейлінше ыңғайлы әрі уақыт жағынан өте тиімді. Мұнан кейінгі уақытта бұрынғыдай бір аптаға арналған трансляциялар кестесімен емес, бір айлық кестемен танысуға, өнерсүйер қауым қойылымның өтетін күні мен уақытын алдын-ала біліп отыруына жағдай туғызылды. Бұл көпшіліктің спектакльдерді тез әрі оңай тауып алуына және өздеріне "визуалдық кестені" сақтауға мүмкіндік береді.