Жер-жаһанға жайылған жұқпалы дерт Өскеменде де өршіп тұр. Қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес 11 шілдеге дейін карантин шаралары күшейтілген болатын. Алайда шаһарда инфекцияға шалдыққандар күн сайын анықталуда.
Карантиннің күшейтілуіне 24 маусым күні вирус жұқтырғандар саны 25,4%-ға, ал апта көлемінде 16,6%-ға артқаны себеп болды. Қаулыға сәйкес, 27 маусымнан бастап көлік қозғалысы шектеліп, тұрғындар тек рұқсаттама арқылы көшеге шығуда. Қоғамдық көліктер жұмыс күндері 50%-ға қысқартылса, демалыс пен мереке күндерінде мүлде жүрмеуде. Бірақ бұл коронавирус кеселіне қаншалықты тосқауыл бола алды? Өкінішке қарай, бойында қауіпті дерт табылып, ауруханаларға түсіп жатқан науқастар әлі де баршылық. Жұрттың көбі қоғамдық орындарда маска кимей, әлеуметтік қашықтықты сақтамай, респираторлық аурудың белгілері пайда болған кезде бірден медицина қызметкеріне хабарласпайды екен. Облыс бойынша COVID-19 жұқтырғандардың өсу қарқыны өткен аптада 8%-ға жеткен. Ал Өскеменде бұл көрсеткіш аймақтық деңгейден жоғары, яғни 9,9% құрап отыр.
Облыстың бас пульмонолог дәрігері Зағрипа Әбдиеваның айтуынша, қазіргі уақытта Өскемендегі Абай және Шәкәрім даңғылдарында орналасқан стационарлар 80-90%-ға толып кеткен. Осыған орай, 29 маусымда қосымша 50 орындық госпиталь жұмысын бастады.
«Барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген сол медициналық мекемеде 50 науқасты қабылдай аламыз. Ешқандай симптом байқалмаған немесе жеңіл формада ауырған пациенттер үй карантиніне оқшаулануда. Ал орташа және ауыр деңгейдегі науқастар стационарларға жатқызылуда. Аймақ халқын сабыр сақтап, дүрбелеңге салынбауға шақырамын. Егер сізде жұқпалы дерттің қандай да бір белгілері байқалса, өз бетіңізбен емделу жолдарын іздемей, мекенжайыңыз бойынша отбасылық амбулаторияға хабарласыңыз. Әр амбулаторияда арнайы мамандар әзірленген. Олар үйіңізге келіп, сізден COVID-19-ға сынама алып, ұдайы бақылау жүргізеді. Егер вирус анықталып жатса, тиісті шаралар қабылданады», дейді ол.
Өндіріс орындарында санитарлық талаптардың қаншалықты сақталғанын білу үшін KAZ Minerals тобы корпоративтік департаментінің менеджері Ермек Дүзкеновке хабарласып көрген едік. Мыс өндіретін ірі компанияда бақылау-өткізу режімі барынша күшейтілген.
«Біз барлық алдын алу шараларын қабылдауға тырыстық. Бөгде адамдар кәсіпорын аумағына жіберілмейді, қызметкерлердің дене қызуы өлшеніп, маска кию режімі қатаң сақталуда. Іссапарлар қысқартылып, кәсіпорындарға аса бір қажеттіліксіз баруға тыйым салынған. Әр рейстен кейін қызметтік автокөліктер дезинфекцияланады», дейді компания өкілі.
Оның сөзінше, компания цехтарының бірінде медициналық маскалар тігілуде. Жұмысшыларға түгелдей маскалар және FFP2 өнеркәсіптік респираторлар берілген.
«Арнайы оқу-жаттығулар да өткізілуде. Нақты айтсақ, жұмысшылар арасында COVID-19 белгілері анықталған кездегі іс-әрекеттер пысықталуда. Әрбір кәсіпорында және кеңселерде инфекция жұқтырған қызметкерлер анықталса, уақытша орналастыруға арналған үй-жайлар белгіленді. Еңбекті қорғау қызметінің, денсаулық сақтау пункттерінің мамандары мен тікелей басшылар қажет болған жағдайда қалай әрекет ету керектігін біледі. Демалыстардан, іссапарлардан, ауруханадан оралған барлық жұмысшылар және компания аумағында жұмыс істейтін мердігерлер ПТР-тестілеуінен өткізіледі. Алматы, Нұр-Сұлтан және Өскемен қалаларындағы кеңсе қызметкерлері қашықтан еңбек етуде. Өндірістік кәсіпорындарда да үйден жұмыс істей алатындар осындай форматқа көшті. Ақтоғай мен Бозшакөл сияқты вахталық әдіспен жұмыс істейтін кәсіпорындарда қызметкерлердің денсаулығына қауіп төндірмес үшін ұзартылған вахталар енгізілді. Бұл кәсіпорындарға ауысыммен келетін қызметкерлер бірнеше жедел және ПТР-тест тапсырып, 7 күндік оқшаулаудан өтіп қана кен орындарының аумағына кіріп, жұмысқа кірісе алады», дейді Ермек Дүзкенов.
Қауіпті дертке шалдықпас үшін әлеуметтік қашықтықты сақтау қажеттілігі жайлы айтылып та, жазылып та жатыр. Осы ретте «Өндіріс ошақтарында бұл талап қаншалықты сақталуда?» деген заңды сұрақ туады. Бұған департамент менеджері былай деп жауап берді:
«Әрине, өндірістік кәсіпорында әлеуметтік қашықтықты сақтау өте қиын. Дегенмен әріптестерімізге бұл сақтық шарасын жіті түсіндіріп, мүмкіндігінше бекітілген арақашықтықты сақтау қажеттігін айтудамыз. Тіпті компанияда қол алысып, амандасуды тоқтаттық. Жиналыстардан, мәжілістерден түбегейлі бас тартылды. Барлық ғимараттар мен кеңселерде санитарлық өңдеуді бірнеше есе арттырдық. Адамдар көптеп жиналатын орындарға бактерияларды жоятын шамдарды орнатып, антисептиктер қойдық. Жеке гигиена туралы да үнемі айтып келеміз» дейді.
ӨСКЕМЕН