Біз сонау жетпісінші жылдардың екінші жартысында Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен кезде алғашқы танысқан пәннің бірі «Журналистикаға кіріспе» деп аталатын. Оны қазақ журналистика теориясының негізін қалаушылардың бірі, тіпті бірі емес-ау, бірегейі, профессор Тауман Амандосов жүргізді.
Сол сүйегі асыл Тәукең факультет аудиториясында қызғалдақтай құлпырып отырған қыздарды көргенде «сендерден журналист шықпайды» деп, бетің бар, жүзің бар демей бір-ақ айтатын. Бүгінгі дәуір өлшемінде ұстаздың бұл тұжырымы шындыққа сәйкес келе қоймайды деп белден бір соғудың да жөні жоқ. Өйткені мұның алдындағы елуінші-алпысыншы жылдарда журналист мамандығы бірыңғай ер жігіттердің еншісіне тиіп келгені де рас. Оның үстіне сала майталманы бүгінгі қыз – ертеңгі адал жар, болашақ ана, отбасының қазығы екенін де ескерген болса керек. Мұндай жағдайда ылғи іссапарда болуды қажет ететін мамандық қыз-келіншектерге қолайсыздық тудыруы да әбден мүмкін екендігін жоққа шығару қиын-ақ.
Дегенмен бүгінгі күні БАҚ-та адамзаттың нәзік өкілдерінің үлесі басым түсіп жүргені де шындық. Солардың арасында баспасөзде өз орнын тапқан, қаламы әбден төселген әріптес құрбымыздың бірі – Нәзира Жәрімбетова десек, қателесе қоймаспыз. Университетті бітіргеннен кейін өзі туып-өскен Шиелі өңірінің қауынындай жүзі жұмсақ Нәзира Қостанай облысына жолдама алды. Бұған дейін астықты аймақта орыс тілінде жазып әрі осы тілде радио-телевизия хабарларын түсіріп тарататын БАҚ өкілдерінің салмағы биіктеу көрініп, керісінше қазақ тілді әріптестеріміздің үні біртүрлі бәсең, құмығып естіліп келгені де жасырын емес. Осындай қоғамдық ортаға тап келген ол қысылып-қымтырылмай өңірдің ақпарат айдынында бірден еркін жүзіп, еркін қимылдап, өз үнін анық естірте бастады.
Содан кейін көп кешікпей қостанайлық көрермендер арасынан «бұл не деген батыл, өжет қыз» деген жағымды пікірлер де естіле бастаған-ды. Ұлт намысы, туған тіліміздің толғағы жеткен мәселелері таразыға түскен кезде оған өз телехабарлары арқылы батыл үн қоса білген әріптесіміз көп кешікпей Қостанай жерінде лайықты құрмет пен беделге ие бола бастады. Эфир мен әуе толқынынан тыс кездің өзінде ұлттық құндылықтар жөнінде қиғаш пікірлер айтылып қалатын тұстарда әріптесіміз белсенді ұстанымынан таймай, өз ой-пікірін ашық білдіре алғаны жөнінде де Қостанай облысына жолымыз түскен кезде біраз жайттар мен сырға қаныққан едік.
Соның бірі төмендегідей. Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Қостанай қаласында облыс басшысының қатысуымен мәртебелі бір жиын өтеді. Басқосу кезінде шалғайдағы Торғай өңірінің бір түкпіріндегі ауылда таза қазақы ортада туып-өскен, әдебиетке жақын жүретін азамат сөз алып, өз ойын қазақ тілінде айта бастайды. Осы сәтте оған сол жердегі облыс басшысы: аудитория қай тілде сөйлесе, сіз де сол тілде сөйлеуіңіз керек деп ескерту жасайды. Оның талабын орындауға мәжбүр болған ауыл азаматы ақ тер, көк терге түсіп, сөзін орысша айтуға тырысқанымен, жатық шыға қоймайды. Осы тұста Н.Жәрімбетова орыс және қазақ тілдерінде еркін төгілдіре сөз сөйлеп, облыс басшысына республикада қазақ тілі таяуда мемлекеттік тіл болып жарияланғанын және қандай аудитория болса да кім-кімде қалауына қарай өз ой-пікірін мемлекеттік тілде жеткізуге құқылы екенін тайсалмай айтып береді. Бұл оқиға республикада тұңғыш рет Тіл туралы заң қабылданған 1989 жылдан кейін болғанын айта кеткіміз келеді.
Есіме түсіп отырған тағы бір жайт – Нәзираның газетімізге Қостанай облысы бойынша меншікті тілші болып қалай келгендігі. Ашығын айтқанда, ол бас басылымға әжептәуір тәжірибе жинақтап, жан-жақты әзірліктермен келіп, оның қарқынды да тұшымды материалдары бірінен соң бірі «Егеменнің» бетінде жарияланып жатты. Сондай күндердің бірінде елордада облыстағы меншікті тілшілердің жыл сайын өткізіліп тұратын дәстүрлі басқосуы бола қалғаны. Осы жиында «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ Президенті Сауытбек Абдрахманов арамызда алғаш келіп отырған әріптесіміз жөнінде: «Біздің биылғы тауып алған «находкамыз» – Нәзира Жәрімбетова», деген болатын. Сәукеңнің осы бір ауыз сөзінен оның жазғандарын құптағанын, Қостанай облысына қамшы салдыра қоймайтын, лайықты тілші келгенін оң бағалау сарыны жатқанын аңғару қиын емес еді.
Бас басылымда Нәзира Жәрімбетованың облыс өңірінен жазған кең тынысты сараптамалық-талдау материалдары оқырмандар жүрегінен жол таба білді. Сондай-ақ ол түкпірдегі Торғай даласын қайтадан түлету жөнінде бірнеше дүркін проблемалық материалдар жазып, оған жоғары және жергілікті атқарушы орган басшыларының назарын аудара білгені де ұмытыла қойған жоқ. Оның Алаш арыстары жөніндегі тың деректерге құрылған толғақты дүниелері де өз алдына бір бөлек әңгіменің еншісі. Сонымен бірге қарымды қалам иесінің түгін тартса майы шыққан құйқалы Қостанай топырағына шетелден қоныс аударған отандастарымыздың шетқақпай болып жүргендері жөнінде жазған проблемалық мақаласы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына ілініп, соған сәйкес орын алған олқылықтар жөнінде Мемлекет басшысы тарапынан өкілетті органдарға тиісті тапсырмалар берілгені – бәріміз үшін мәртебе.
Бір сөзбен айтқанда, Нәзира Жәрімбетова «Егемен» арқылы ел-жұртқа кеңінен танылып, қазақ журналистикасының қыз-келіншектер арасындағы белді бір өкілі болып қалыптасқаны кәміл. Бүгінде алпыс деген асқар белдің биігіне көтеріліп, зейнет жасына жеткеніне қарамастан, өзінің «Егеменімен» байланысын үзбеген талантты әріптесімізге ақ адал көңілден: шығармашылық шабытыңнан танбай, ел-жұрт сүйсіне оқитын дүниелерің жалғаса берсін демекпіз!
АҚТӨБЕ–ҚОСТАНАЙ–АҚТӨБЕ