Азаматтық авиация саласында негізгі көрсеткіштердің динамикасы тұрақты өсіп келеді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 8,6 млн.жолаушы тасымалданды, бұл 2018 жылдың сәйкес көрсеткішінен 9%-ға артық (7,9 млн). ҚР әуежайларында қызмет көрсетілген жолаушылар саны 17,7 млн адамды құрады, бұл 2018 жылға қарағанда 12%-ға көп (15,8 млн адам). Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.
Соңғы 7 жылда транзиттік жолаушылар ағыны 45 есеге артты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 1 млн транзиттік жолаушыға дейін өсті. Транзиттік әуе ұшуларының саны 4%-ға өсіп, 194,2 млн ұшақ-километрді құрады.
Елімізде 60 авиакомпания жұмыс істейді. 9 қазақстандық авиакомпанияның Еуропалық Одақ елдеріне ұшуға рұқсаты бар. Қазіргі уақытта ішкі нарықта 52 бағыт бойынша 7 қазақстандық авиакомпания ұшуларды орындайды.
Бүгінгі күні ИКАО стандарттарына сәйкес ұшу қауіпсіздігі деңгейі бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында 74% көрсеткішпен II орында, әуежайлардың қауіпсіздік деңгейі 83%-ды құрайды. Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік саласындағы жетістіктері 2019 жылғы 24 қыркүйекте ИКАО Кеңесінің марапатымен атап өтілді.
"100 нақты қадам" Ұлт жоспарының 68 қадамын жүзеге асыру үшін Қазақстан ұшу қауіпсіздігінің жаңа үлгісіне көшті.
2019 жылдың 1 тамызынан бастап мемлекет 100% қатысатын "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" акционерлік қоғамы жұмыс істей бастады. Осы ұйымның негізгі функциялары авиакомпаниялар мен әуе кемелерін техникалық бақылау және қадағалау, персоналды ИКАО стандарттарына сәйкес оқыту болып табылады.
Бүгін Азаматтық авиация комитеті 2 мемлекеттік қызмет көрсетеді, өткен жылдың 1 тамызынан бастап заңнамаға енгізілген түзетулерге сәйкес 20 мемлекеттік қызметті Қазақстанның авиациялық әкімшілігі көрсетеді.