• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Шілде, 2020

Ел жүрегі – елорда

701 рет
көрсетілді

Астана күні мерекесіне орай Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университетінде білім ордасының ректоры Жасұлан Шаймардановтың бастамасымен "Ел жүрегі – Елорда!" атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Онлайн режимінде ұйымдастырылған шара барысында сөз алған университет басшысы елордамыздың сәулет өнерінде жаңа ландшафты эстетиканы қалыптастырғанын, сондай-ақ әлем алдында бейбітшілік пен келісім орталығы ретінде танылғандығын тілге тиек етті, - деп жазады Egemen.kz

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті "Қазақстан тарихы" кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ержан Торайғыров өзінің "Тәуелсіз мемлекеттің тұңғыш президенті және астанасы" баяндамасында Елбасының аймақтық ынтымақтастық пен қауіпсіздік ісіне қосқан үлесін атап өтті.

Онлайн жиынға еліміздің ғалымдарымен қатар Ресей Федерациясынан профессор, тарих ғылымдарының докторы, шығыстану кафедрасының меңгерушісі, Барнаул қаласындағы Алтай мемлекеттік университеті «Қазақстан жолы және Н.Назарбаев» құрметті кафедрасының меңгерушісі Юлия Лысенко да қатысты. Ол екі ел арасындағы саяси-экономикалық, əлеуметтік, мəдени байланыстарды нығайтудағы басты мүдде санайтынын жеткізді. "Екі ел арасындағы қарым-қатынасымыз өзара бай тарихымызға негізделген және сан мәрте уақыт сынынан өткен" деп пікірін білдірді.

Өз кезегінде сөз алған спикерлер Қазақстан-Американдық еркін университеті ғылыми және жоғары оқу орнынан кейінгі білім жөніндегі проректоры, заң ғылымдарының кандидаты Юлия Гаврилова және құқық және халықаралық қатынастар кафедрасының аға оқытушысы Маржан Тәжиева орыс, ағылшын тілдерінде баяндама жасады.

Спикер философия ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім университетінің доценті Айзат Мұқатаева "Қазақ өркениетті ғасырлар тоғысында" баяндама жасады. Баяндама барысында қазақ халқының тарихында ерекше сипатқа ие болған оқиғаларға тоқталып, өзіндік өркениет қалыптастасқандығын жан-жақты талдап көрсетті.

Ал, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясының тарих ғылымдарының кандидаты, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ҰАО доценті Қанша Қалиева "Қазақстан тарихындағы астаналар" баяндамасында Қазақстанның осы күнге дейінгі астанасы болған қалалар туралы қызықты мәліметтермен бөлісті.

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесi Айнұр Сенбаева Елорданың мәдениет, ғылым мен білім саласындағы жетістіктеріне тоқталып өтсе, "Сарыарқаның төрінде жүзеге асқан жасампаз идея" атты баяндамасында С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы, тарих магистрі Әсем Әубәкірова елорданың даму тарихын жан-жақты қарастырды. Іс шара соңында қатысушылар дөңгелек үстел жұмысының маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталып, өзара пікір алмасты.