COVID-19 жер шары тұрғындарын дүр сілкіндірді. Тозаңнан да кіші вирус әмірін тоқтату үшін онымен күреске әлем ғалымдары мен дәрігерлері жабылса да жеңілетін түрі жоқ. Соңғы аптада елімізде осы вирустан, соның әсерінен туған пневмониядан қайтыс болғандар саны көбейді, - деп жазады Egemen.kz
Бүгінде COVID-19 –дың нақты емі табылған жоқ, тек симтомдарына қарап прациенттерге көмек беріледі. Біраз адам жазылып та шықты. Алайда әлде қайтер дейсіңмен, вирусқа сенбеген бейғамдықтың кесірінен індет шырмауына түскен жастың да, жасамыстың да бұл фәнимен қоштасып жатқаны аян. Сондай әр хабарды алған сайын, жұртшылық көңілі қатты алаңдаулы. Қорқыныш, үрей жайлаған жерде емнің де шипасы қай жөнді?
КВИ ғылымда бұрын белгілі болғанымен былтыр күзде Уханда шыққан вирустың дәл осы штаммы күллі адамзаттың екі аяғын бір етікке тықты. Әр мемлекет өз қотырын өзі қасып, ДДСҰ ұсынған хаттамалар негізінде пациенттерді емдеу үстінде. Соған қарамастан, құрбандық саны азаяр емес. Жарты миллионнан асты. Бұл– күллі әлем тартып отырған тақсырет.
Жаңа штамм болғандықтан онымен күрестің ең бір тиімдісін табу да оңай емес екен. Қазір барша қазақстандық бойын қатты қорқыныш билеп тұрған уақытта әлеуметтік желіде Айна Әлмұратқызы атты дәрігер Президент Қ. Тоқаевқа үндеу жариялады. Онда адамдар КВИ-дан емес, хаттамадағы емнің дұрыс еместігінен қайтыс болып жатқанын айтқан дәрігер. Қолындағы деректеріне сүйенген ол ауруханадағы бір пациенттің рентген түсірілімінде өкпенің 20 пайызы аязды күнгі күңгірт әйнек тәрізді болғанын, ал 2 күннен соң оның өкпесінің жартысына су жиналғанын, ертесіне толық ісінгенін айтады. «Бұл-өкпенің ісінуі. Бірақ бұл ковидті қабыну емес!» деген Айна Әлмұратқызы оған себеп, физикалық ертіндіге қосылып тамырдан тамшылату арқылы дәрі жіберу дейді. Өкпе пневмониясында физикалық ертінді түгіл коллойдты ертіндімен тамырдан дәрі жіберу зиянды. Тек тұзды ертінділерді аздап ішкізу қажет. Еліміздегі емдеу хаттамасын бүгін өзгертпесе, ертең ұлтқа қатер, баудай орылып түсеміз.. Адамдардың ковидтен емес, өкпенің ісігінен өліп жатқанын үлкен жауапкершілікпен айтамын!» дейді.
Желіде жанайқайын жылап тұрып жеткізген Айна Әлмұратқызы біздің инфекционист дәрігерлер басқа елдердің, соның ішінде Италияның тәжірбиесін неге зерттемейді? Адамдар тромбоздан өліп жатыр, италияндықтар мұны түсінді, дей келе, өте үлкен көлемдегі антибиотик препараттардың негізсіз тағайындалуына тоқталған. Мен мұны– фармкомпаниялардың мүддесін тықпалау ма деп күдіктенемін. Ол дәрілер адамдардың бауырын отырғызып, бүйрек жетіспеушілігі ауруын туындатуда деген ол дәріханалар желісінің дәл қазіргі тірлігіне ашулы екенін айтқан. «Дәріхана қожайындары – сіздер елді тонаушысыздар! Жекеменшік клиника дәрігерлері бағасы қымбат дәрілерді тағайындауда. Әріптестер, бұлай істеуге болмайды, доғарыңыздар! Сіздер мұның бәрінің бауырға қалай әсер ететінін білесіздер ғой. Бұл – ұлттың денсаулығы. Сіздер мені естиді деп ойлаймын», деп өзінің Инстаграм парақшасында бейнежазба жариялады.
Реаниматолог дәрігер Ғабит Нұрханұлы «Адамдарға айтып-айтып шаршадым, су ішпеңдер, бұл су ішетін, тамырға дәрі салатын ауру емес, өліп жатқандар дұрыс ем алмағаннан өліп жатыр, десем өзге түгіл жеңгем де сенбейді. Бәрі ақылды данышпан, емші. Кардиореанимацияда жұмыс істегенде әр миллиграмм суды есептеп құямыз. Өліп жатқандар текке өліп жатыр, дұрыс емделмей», деді Айна Әлмұратқызының үндеуіне қатысты пікірін сұрағанымызда.
Қалай болғанда да КВИ-мен, пневмониямен күресте бір кілтипанның барлығы анық. Жедел түрде хаттаманы қайта қарау қажет тәрізді.