• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Шілде, 2020

Солтүстік Қазақстанда екі ауданның әкімі ауысты

400 рет
көрсетілді

Пандемияға қарсы күресте кейбір аудандардағы жергілікті билік жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық таныта алмай отыр. Осы себепті болса керек, Президент Қ.Тоқаевтың жаман індеттен сақтану шараларын күшейтуді тапсырған міндетінен кейін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов бірден екі ауданның әкімдерін ауыстырды. Осы аудандардың елді мекендеріндегі тұрғындар арасында індеттің бас көтеруі біршама жоғары болатын, - деп жазады Egemen.kz

Алматы Халық шаруашылығы институтын 1986 жылы бітірген Қайрат Сәкенұлы Пішенбаев бұған дейін «Азық-түлік корпорациясы» жабық акционерлік қоғамында, одан кейін Ақжар, Қызылжар және Мағжан Жұмабаев аудандарының әкімі болған тәжірибелі басшы. Сосын «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірінші орынбасары болды. Соңғы бес жылда ол Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы қызметін атқарды. Енді ол Уәлиханов ауданы мәслихаты депутаттарының бірауыздан қолдауымен осы ауданға әкім болды. Жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде Құмар Ақсақалов тұтастай алғанда қазір облыс экономикасында оң динамикалық өзгерістер барын атап өтті. Соның ішінде ауылшаруашылығының өсімі 2,5%. Бұл көрсеткіш Уәлиханов ауданында да өсім көрсетуде. Ет, сүт өнімдері және жұмыртқаның өсімі тұрақты. 2019 жылы астық алу бойынша гектар берекелігі гектарынан 17,5 центнерден айналды. Ауданның егістік аумағының балл бонитеті төмен болғанымен «Данияр» фермерлік шаруашылығы сияқты кәсіпорындар гектарынан 20 центнерге дейін астық жинады. Былтыр жүргізілген тексеріске қарағанда аудан аумағындағы 60,4 мың га жайылым жер қолданылмайтыны белгілі болды. Ғарыштық мониторинг оның бес есе көп екенін, барлығы 342,6 мың га екенін анықтап отыр дей келіп, Қ.Ақсақалов жаңа әкімге бос жатқан ауылшаруашылығы жерлерін болдырмауды қадағалау керек екендігін тапсырды. Сонымен бірге аудан фермерлерінің жаңа техникалар алуға құлықсыздығы көрініп тұр. Мысалы, былтыр 98 дана ғана техника алынған, ал бұл ауданнан жері аз Мамлют ауданы уәлихандықтардан екі есе көп жаңа техникалар алыпты. Сонымен бірге Құмар Іргебайұлы аудандағы кәсіпкерлердің жартысынан көбі мал шаруашылығы өндірісімен айналысқанымен әлі күнге бірде-бір тауарлы-сүт фермасының жоқ екендігіне назар аударды. «Қазір облыста 7 тауарлы-сүт фермалары бар, олар сүт өндіру бойынша аймақтағы ту ұстаушылар болып отыр. Қайрат Сәкенұлы, осы мәселе сіздің үнемі назарыңызда болсын», деп ол нақты тапсырма берді. Сонымен бірге ол 10 мың малға шақталған «Жәке» ШҚ мал семірту алаңы жобасын іске асыру керектігін айтты. 

Былтыр облыста өнеркәсіп өндірісі 6,9% өсіп, 111,5 млрд. теңгенің өнімі шығарылған болса, ауданда бірде-бір жоба іске асырылмаған. Сонымен бірге аудан тамақ өнімдерін шығару жөнінен облыста 12-ші орын алады. «Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды жедел қолға алу керек. Ауданның әлеуеті ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеуге, мал бордақылап, ет өндіруге, экологиялық жағынан таза тамақ өнімдерін шығаруға әбден жетеді. Осы мәселелер сіздің жұмысыңыздың басты бағыты болуы тиіс», деп атап көрсетті облыс басшысы жаңа әкімге.

Аудандағы біршама дамып келе жатқан өндірісі саласы – құрылыс. Былтыр ол облыста  8%  артып, 15,2 млрд. теңгенің құрылысы тұрғызылған. Соның ішінде 42,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударғандарға арнап аудан орталығы Кішкенекөл мен Жамбыл ауылдарында 26 үй тұрғызылған. Сонымен бірге әкім биыл аудандағы Көктерек, Жас-Ұлан, Мортық, Жамбыл, Ақбұлақ сияқты бес ауылға «Билайн» байланысы тартылатынын айтты. Бұл 4 мыңдай адамның осы заманғы байланысқа қол жеткізуіне мүмкіндік бермек. Сондай-ақ ауданның үш ауылының жолдары жөнделмек. Жалпы ауданның жолын жөндеуге соңғы үш жылда тек 457 млн. теңге бөлінсе биыл одан екі жарым есе артық қаражат қарастырылған. Бұл 13 мың адам тұратын 12 ауылдың жол қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді. Ауыз су мәселесі де биыл бірнеше ауылда шешімін табады. Соның  ішінде Қулыкөл және Қаратал ауылдарына су жеткізіледі.

Құмар Ақсақалов денсаулық сақтау мәселесіне де тоқталып, бұл саланы қаржыландыру соңғы үш жылда 1,5 есе артқанын айтты. Былтыр аудандық аурухананың балалар бөлімі жөнделген, 76,2 млн. теңгеге медициналық жабдықтар алынған. Оларды жаңартуға биыл тағы 50,4 млн. теңге қарастырылған. Ал білім беру саласына тоқталғанда әкім былтыр облыс бойынша 142 ғимараттың жөнделгенін айтты. Осының арқасында балалардың сырқаттануы 41% азайды, ал білім сапасы 5% өскен. Сөзінің соңында Құмар Іргебайұлы жаңа әкімнің жұмысына сәттілік тіледі.

Дәл осы күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов облыс әкімінің өкімімен Шал ақын ауданына әкім болып тағайындалған Рахат Смағұловты аудандық мәслихат депутаттарына таныстырды. Оның өмірбаянымен танысып, еңбек жолын көрген депутаттар кандидатқа бірауыздан келісімдерін берді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы