Жетісулық жастар Нұрғиса Тілендиевтің "Әлқисса" күйіне бейнебаян түсірді. Ұлттық домбыра күніне орай көпшілікке жол тартқан бейнеролик Жетісудың көркем табиғаты мен домбыра өнерін ұштастыра отырып, жастардың бойына отаншыл рухты дарыту мақсатында дайындалған, - деп хабарлайды Egemen.kz
Бейнеклипте елімізге танымал өнерпаздар Жетісудың әсем жерлерінде Нұрғиса Тілендиевтің күйін нақышына келтіре орындаған. Айта кетерлігі, ұйымдастырушылар бейнебаян түсіруге еліміздегі танымал күйші-сазгерлерді шақырыпты.
Мәселен, күйші, "Ұлытау" тобының экс-солисі - Ержан Есіркепұлы, Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік Филармониясының солисі, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері - Нұркен Әшіров, Қ.Байсейітов атындағы саз колледжінің ұстазы, күйші, сазгер - Рүстем Наурызов, әнші, сазгер - Ұшқын Жамалбекті де бейнебаяннан байқауға болады.
"Аталмыш жоба төл өнерімізді насихаттаудағы бірегей бастама. Жетісу жерінің дарабозы, атақты күйші Нұрғиса Тілендиевтің рухына тағзым, ұлтымыздың ұлттық аспабы - қасиетті домбыраға деген тағзым", - дейді Алматы облысы жастар саясаты басқармасының басшысы Жомарт Қаратас.