• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Шілде, 2020

Елордада құрылыс екпінді

202 рет
көрсетілді

Елорданың еңсесін тіктеп, сәнін келтіріп тұрған сәулетті сарайлар, ғажайып ғимараттар жыл сайын артып келе жатқаны анық. Көшелерді көріктендіріп, ауламыздың ажарын ашқан сан түрлі нысандар сап түзеді. Әлі де жалғасуда. Солардың біразына тоқталып өтсек.

Қалдықтарға арналған полигон

Биыл құрылыс қалдықтарын орталықтандырылған жинау және қайта өңдеу үшін полигон құрылысы басталады. Бұл туралы елорда әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев хабарлады.

«Қала шетінде қоқыс үшін рұқсат етілмеген орындарға құрылыс компаниялары заңсыз қоқыс төгуде. Қыста қармен бірге құрылыс қоқыстары да шы­ға­рылғаны анықталуда. Тіпті, кәсіпорындардан басқа, пәтерлерге жөндеу жүргізген қала тұрғындарының өздері қоқыс шығарды. Рұқсат етіл­ме­­ген жерлер экологиялық жағ­дайды нашарлатады. Эко­ло­гия­лық полиция осындай заңсыз әрекеттер үшін тәртіп бұзушыларға айыппұл сала­ды. Тазалық мәдениетін қалып­тас­тыру қажет», деді қала әкі­мі­нің орынбасары Алтынбек Қай­са­ғалиев.

Әкімдік полигон жобасын әзірледі. Қазір орны анықталуда. Бұған дейін елорда әкімі Алтай Көлгінов экологиялық полиция мен аудан әкімдеріне ескерту жасап, заңсыз қоқыс шығаруға жол бермеуді және құрылыс қалдықтарын шығару орнын анықтауды тапсырған болатын.

 

150 аула абаттандырылады

Нұр-Сұлтанның барлық ауданында аула мен үй аумақ­та­рында абаттандыру жүріп жатыр. Биыл 150-ге жуық аула абаттандырылады. Оның кей­бі­рі 10 жылдан астам уақыт бойы абаттандырылмаған. Со­ла­р­дың ішінде «Жастар» ша­ғын ауданындағы барлық аула абаттандырылады. Бұл жерде барлығы 16 аула бар. Ауданда 50-ден астам тұр­ғын үйде 14 мыңға жуық адам тұрады.  Нөсер кезінде «Жас­тар» шағын ауданының ішкі ауласына су ақпау үшін жауын-шашын кәріздерін төсеу қолға алынған. «Біз осы аудандарда тұратын тұрғындар үшін аула іші аумақтары мен ойын алаңдарын жасаймыз. Аулаларды абаттандыруда тұр­ғын­дардың пікірін ескеру қажет. Бұл үшін биыл барлық аудан бойынша «Қатысу бюджеті» бағдарламасы іске қосылды. Қай ауланы абаттандыру керек екенін және ойын алаңында нені көргісі келетінін тұрғындардың өзі шешеді. Ең алдымен жұмыс тиісті деңгейде орындалуы керек, біз сапасы төмен жұмысты қабылдамаймыз. Сондай-ақ аудандарды көгалдандыруға ерекше назар аудару қажет. Биыл қалада 30 мыңға жуық ағаш отырғызылады», деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі. Айта кететін тағы бір жайт, би­ыл елордада 50-ге жуық қо­ғамдық орын (саябақтар, алаң­дар және басқа да көпішілік орын­дар) абаттандырылады.

 

130 шақырымдық веложол

Биыл елордада 45 шақырым веложол салынса, 3 жыл ішінде 130 шақырым веложол салу жоспарланып отыр. Уақыт өте келе қаланың барлық дерлік негізгі көшелерінде веложолдар салынады. Бұл елорда тұрғындары мен қонақтары арасында велоспортты дамытуға мүмкіндік береді. Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 13 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында велосипедтерді жалға беру қызметі жұмысын бастады. Пайдаланушылар үшін 50 велостансаға 200 велосипед қойылған. Маусым айында велосипед саны үш есе көбейтіледі. Елорда тұрғындары мен қала қонақтарына 155 стансада 700 велосипед қолжетімді болады. Бұл қала тұрғындары үшін автомобильдер мен қоғамдық көлікке балама болмақ. Велосипедтерді жүйеде тіркеу рәсімін өткеннен кейін ғана жалға ала аласыз. Ол үшін www.velobike.kz сайтына кіру қажет. Жүйеде 16 жастан асқан адамдар тіркеле алады. Абонементтерді 13 мамырдан бас­­тап City Transportation Systems кассаларынан сатып алу­ға болады. Велосипедті жалға беру жүйесі 24/7 режімінде жұ­мыс істейді.

 

Қазақ театры қоныс тойын тойлайды

Театр Елбасының тапсыр­ма­­сына сәйкес салынуда. Театр құрылысымен «Са­мұ­рық-Қа­зы­на» ұлттық әл-ауқат қоры ай­налысып жатыр. Кешен 800 орын­ға есептелген, 3 қабат­тан тұрады. Ғимарат Ж.Нә­жі­меденов, А.Бай­тұр­сын­ұлы және 23-15 көше­лерінің қиы­лы­сында орналасқан. Қала әкі­мі Алтай Көлгінов құрылыс жұмыстарының кестеге сәйкес жүріп жатқанын атап өтті. «Аумақты абаттандыруға бел­сен­­ді кірісу қажет. Барлық жұ­мыс­тар санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып жүргізілуі тиіс. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталады», деді елорда басшысы. Сонымен қатар ол Мыңжылдық ауданындағы инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысымен та­ныс­ты. Бұл жұмыстар аудан­ды электр энергиясымен қам­та­ма­сыз етуге мүмкіндік береді.

 

Бір жылда – 12 мектеп

Жуырда елорда әкімі Алтай Көлгінов екі жекеменшік мек­теп­тің құрылысымен танысты. Инвестициялық кеңесте әкімдік білім беру саласындағы 20-дан астам жобаны қолдады. Аталған мекемелерді іске асыру шамамен 25 мың оқушы орнын және 4,5 мың мектепке дейінгі оқу орнын қамтамасыз етуге мүм­кін­дік береді. Бахрейн елордада мектеп салуға 3,3 млрд теңге инвестиция құйған. Бұл оқу орны қазіргі уақытта 3,5 мың оқушысы бар №72 мектептегі шамадан тыс жүктеме мәсе­ле­сін шешуге мүмкіндік бе­ре­ді. Оқу  орны ақысыз негіз­де қаланың коммуналдық менші­гі­не беріледі. Мектепте оқу тегін болады. Құрылыстың аяқ­талу мерзімі – 2021 жыл. Елор­дада араб мемлекеттерінің қаржыландыруымен салынған мемлекеттік мектептер бар. Бүгінде қалада БАӘ және Қатар мемлекеттерінің мектептері табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында 2017, 2018 оқу жылынан бастап ашылған №85, №84 мектеп-лицейлері бар. Биыл 12 мектеп салынса, 2021 жылы тағы 12 мемлекеттік мектеп салынады. Бірінші кезекте мектептер сұраныс бар жерлерге салынуда. Осылайша, үш ауысымды мектептерге ар­тыл­ған шамадан тыс жүктеме мәселесі шешіледі. Қала әкімі Алтай Көлгінов «қарапайым заттар экономикасын» қолдап, дамыту қажет екенін айтты. Кешенді жоспар аясында 5 жылдық кезеңге 60 мың орындық 50 мектеп (оның ішінде 10-ы мектептердің аумағында) салу жоспарланған. Бұл екі ауы­сым­да 120 мыңға жуық оқушының білім алуына мүмкіндік береді.

 

Балаларға базарлық – ойын алаңдары

Ел астанасында жаз келісімен аулаларды абаттандыру басталады: жаңа ойын алаңдары пайда болады, қолданыстағы ескілері жаңартылады. Тренажерлер, шағын сәулет формалары орнатылады. Аудандық әкімдіктерде жаңа ойын алаңдары қай жерлерде салынатыны және қандай абаттандыру жұмыстары жүр­гі­зі­летіні айтылды.

Мысалы, Алматы ауданында 387 аула бар. 2020 жылы 33 ауланың аумағын көркейту жоспарланған. Қордай көшесі №75 үй мен К. Әзірбаев көшесіндегі №10 үйдің аулалары 2020 жылы абаттандыру жұмыстарының жоспарына енгізілген. Қосымша ша­ғын сәулет формалары мен жат­тығу құралдарын орнату мау­сым айында басталады. Айнакөл көшесіндегі №56, 56/1, сондай-ақ Р.Қошқарбаев даң­ғылы бойындағы №45, 45/1 үйлердің аулаларында ке­шен­ді көріктендіру жұмысы жүр­гі­зіліп, көлік тұрағы, спорттық және балаларға арналған ойын алаңы салынады. Жөндеу жұ­мыс­тарын маусым айында бас­тау жоспарланған. Ғ.Мұс­та­фин көшесіндегі №15/2 үйдің ауласындағы спорт алаңына биыл ағымдағы жөндеу жүр­гі­зі­ле­ді. Бұған қоса Т.Жүргенов көшесіндегі №74 мектептің ауданында гүлзардың құрылысын бастап, оған шағын сәулет формаларын орнатып, жаяу жүргіншілерге арналған жол төсеп, көгалдандыру көзделіп отыр. Ал Байқоңыр ауданындағы «Жастар» шағын ауданы, Абай даңғылы, А.Бараев, Ж.Омаров, Отырар және т.б. көшелердің бойындағы 50 ауланы абаттандыру жоспарланған. Жобаға сәйкес балаларға арналған екі орындық әткеншек, серіппелі тербеткіштер, құм салғыш, спорт­тық жаттығу құралдары, шағын сәулет формалары орнатылады. Аудан аумағында 235 аула бар, бүгінде оның 67-сін жаңарту қажет. Биыл 50 ауланы жөндеу көзделіп отыр. Елорданың Есіл ауданында 399 аула бар. Биыл 22-сі абаттандырылып, адамдар үшін қауіпсіз және серти­фикат­тал­ған шағын сәулет формалары орнатылады. Қоғамдық кеңістік аясында бір аумақта және 20 аула­да бір ойын алаңын жабдықтау жоспары бар. Ал Сарыарқа ауданында биыл 40 ауланың аумағын көркейту жоспарланған. Ол жерде жалпы 540 аула бар. Ауданда барлығы 540 балалар алаңы болса, оның 10%-ын жаңарту қажет. Қазіргі күні аудандағы аулаларды абаттандыру қызметін көрсету бойынша мемлекеттік сатып алулар байқауын өткізуге дайындық жүргізілуде.